Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің «Алаңға мен Қонаевты да, басқаны да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп ұрып жатыр деген соң бардым» деген сөздері кімнің де болса жүрегін дір еткізбей қоймас. Қазақ танымы мен көшпенділер ұғымында кек алудың үлкені қызды күң етіп алып кету, қорлау болатын.
Қазір сылқым сұлуларымыздың шетел асып, өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуы көптеп орын алуда. Оларды қызықтыратын шетел ме, байлық па, әлде бір сәттік сезім бе - бізге ол жағы беймәлім. Діні мен ділі бөлек орыс, нәзік жанды кәріс пен қытай, дүниетанымы мен дәстүрі бөлек араб пен түрік жігіттерін қазақ жігіттерінен артық көру қай қызға абырой әперсін.
Өткенге көз жүгіртсек, әртүрлі этнос өкілдері қатар өмір сүрген Қазақстанда аралас неке болмады деп айта алмаймыз. Ғаламтор деректеріне сүйенсек, соғыс жылдарында және одан кейінгі жылдары қазақ жігіттері орыс қыздарына үйлену жағынан Латвиядан кейін екінші орын алыпты. Кейінірек, 1950-54 жылдардағы солтүстік өңірлерде «тың және тыңайған жерлерді игеру» саясаты кезінде, бұл көрсеткіш тіпті арта түскен. 40 жылдары аралас неке көрсеткіші 15 пайызды құраса, 50 жылдары 33 пайызға жеткен екен. Тағы да сол ғаламторға жүгінейік, елімізде жылына 100 мыңға жуық шаңырақ көтерілсе, соның 20 пайызы аралас неке екен. Ал өзге ұлттың етегін ұстаған, бұл тізімге енбеген қаракөз қыздарымыз қаншама. Тек қана Әсіресе ШҚО-да Қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары көп тіркелген. Сондай-ақ Астана, Павлодар, Петропавл қалаларында орыстармен некелесу басым болса, мұнайдың отаны батыста араб жігіттеріне тұрмысқа шыққан қазақ қыздары көп екен.
Еліміздің статистика агенттігінің мәліметінше, шетелдіктермен некеге тұрған отандастарымыздың 50 пайызы Ресей азаматтарымен некелеседі екен. Одан кейінгі орында - оңтүстік өңірлерге жұмыс іздеп келетін өзбек және қырғыз жігіттері. Соңғы кездері араб, үнді және қара нәсілді жігіттерден шыққан жаңа күйеу балаларға да етіміз үйреніп қалды. Қазақ қыздарының жүрегін Қытай және Түркия елдерінің азаматтары көбірек жаулап алады екен.
«Аралас неке қауіпті ме?» мақаласында Кәрібай Мұсырман атты журналист былай деп жазады: «Осы мәселе жөніндегі жұртшылық пікіріне құлақ түрсеңіз, аралас некеден денсаулығы мықты, денесі ірі әрі қабілеті күшті балалар туады деген түсінік қалыптасқандығы аңғарылады. Өйткені аралас некеден туған балалардың бойындағы жарқ еткен жақсы қасиеттер кейін олардан өрбитін ұрпаққа дарымайтын көрінеді. Тіпті ондай қасиеттер мүлдем жоғалып қана қоймай, аралас некенің түпкі ауыр зардабы жүйке ауруына шалдыққан, ақыл-есі кем немере-шөберелердің дүниеге келуіне әкеліп соқтыруы да ықтимал деп танылған. Бұған қоса, дана халқымыздың жеті атаға дейінгі туыстардың бір-бірімен қосылуын тектілікті сақтау тұрғысынан құптамайтыны тәрізді, генетикалық жағынан тым алыс адамдардың некеге тұруы да ұрпақ болашағы үшін қауіпті жайт болып саналады екен».
Хош. ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңында Қазақстан азаматтарының шетел азаматтарымен некелесуіне ешқандай шектеу қойылмаған. Тек шетелдік азаматтар өз елінен «некелеспеген» деген анықтама әкелсе жетіп жатыр. ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңының 2-бабының 4-тармағында: «Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) кезінде және отбасылық қатынастарда шығу тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, нәсiлі, ұлты, тiлі немесе діни көзқарасы, немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудің кез келген нысандарына тыйым салынады»,- деп жазылған.
Ал көрші Түрікменстанда түрікмен қызына үйлену үшін әуелі сол елдің азаматтығын қабылдап, содан кейін Үкіметке 150 мың АҚШ доллары көлемінде салық төлеу қажет. Ал Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына рұқсат берілмейді екен. Ал арабтар болса өзге ұлт өкілдеріне қыздарын бермейді.
Шетел асқан аруларымыздың тағдыры қалай екен деген сауалға келсек, бәрінің тағдыры керемет, бәрі бірдей бақытты деп айтуға келмейді. Ғаламтор беттерінде қателіктеріне өкініп, көрген қорлықтарын жиі жазатын қыздарымыз кездесіп жатады.
Біздің Семейде де үнді жігіттерімен қолтықтасып бара жатқан қазақ қыздарын көрсек таң қалмайтын болдық. Себебі қаламыздың ЖОО-да шетелден келіп білім алатын азаматтар баршылық. Бір ғана Семей мемлекеттік медицина университетінде Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Судан және басқа да елдерден 350-ден аса студент білім алуда. Семей қалалық АХАЖ бөлімінің бас маманы Райгүл Құсманқызы Қонғанбаеваның айтуынша, 2016 жылы өзге ұлтқа тұрмысқа шығу туралы 43 өтініш қабылданып, 4 жерлесіміздің өзге ұлт өкілдерімен некесі қиылыпты. Оның екеуі өзбек ұлтына болса, біреуі украин жігітіне, біреуі көрші Ресейге ұзатылған екен. Райгүл Құсманқызының айтуынша, 40 жастағы украин жігіті: «Өз елімнен махаббатымды таппай, Қазақстанға келіп жүрегімнің жартысын жолықтырдым»,- деп ағынан жарылыпты.
Мінсіз адам болмайды. Қазақ жігіттеріне мін тақпас бұрын олардың жақсы жағынан өзгеруіне әсер етіңіз. «Еркектің басын төрге де, көрге де сүйрейтін – әйел» деген нақыл сөзді есімізден шығармайық. «Қазақ қызы» деген абыройлы атаққа дақ түсірмейік!
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Семей
© burkit.kz