Ежелгі қазақтар «зыпылдақ» деп қандай аңды атаған?
26.12.2017, 11:12

Ежелгі қазақтар «зыпылдақ» деп қандай аңды атаған?

Ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінде қабыланды ертеде халық «зыпылдақ» деп атайтыны атап көрсетілген...

Қабылан – (гепард – Acinonyx jubatus ) – жануарлардың сүтқоректілер тобы жыртқыштар отрядының мысық тұқымдасына жататын дүние жүзіндегі ең жүйрік аң. Оның сыртқы тұрпатының өзіне ғана тән ерекшеліктері бар.

Аң сипаты

Денесіндегі кейбір мүшелері мы­сыққа, ал кейбір мүшелері тазы мен итке ұқсас. Мысалы, басының жұ­мырлығы және жіңішкелеу құйрығы­ның созылыңқылығы мысыққа ұқсас болса, ал аяқтарының біршама ұзын әрі сидам болуы және тұлғасының созылыңқы әрі екі бүйірінен қысылыңқы болуы тазыға ұқсастығын аңғартады. Бір орында шоқиып отырғаны да, тістерінің құрылысы да итке ұқсас.
Қабыланның дене тұрқының ұзындығы 120-150 см, ал құйрығының ұзындығы 60-75см. Құйрығының ұшы ақ түсті, оның алдыңғы тұсында көлденеңнен орналасқан жалпақ төрт қара жолағы бар. Денесінің түгі қалың, салмағы 50-65 кг. Түгінің түсі құм түстес сарғыш әрі түгінде біркелкі таралған ұсақ көптеген теңге шұбар қара-қоңыр дақтары бар. Құрсақ тұсындағы және аяқтарының ішкі жағындағы түктері ақшыл сұр түсті. Желкесінен шоқтығына дейінгі аралықта ұзындығы 8-11 см жалы болады. Терісі қымбат болғандықтын және ерте кезден бастап аулағандықтан саны азайып кеткен. Қара базарда қабылан терісі 10 мың долларға бағаланады деген мәліметтер бар.
Ұзын аяқтары шапшаң жүгіруге бейімделген. Табан іздері мысықтың табан ізіне ұқсас және саусақтарындағы тырнақтары басқа мысықтектес жыртқыш аңдардай ішке қарай бүгіліп тартылмайды. Қабыланның шағын құлақ қалқаны дөңгеленіп келген. Оның көздері үлкен әрі қырағы. Көз қарашығы дөңгелек пішінді.


Жыл он екі айда белсенді тіршілік етеді. Олар жұптасып жүреді. Үш-төрт жаста жетіледі. Буаздық мерзімі 90-95 күнге созылып, көбіне 2-4-тен күшіктейді. Күшіктеген кезде бір орында тіршілік етеді. Күшіктерінің түктерінің түсі алғашында біркелкі сұр көгілдір түсті әрі арқа тұсында мамықты үлпілдек жалы болады. Теңге шұбар дақтары болмайды. Мұндай ерекше белгілер басқа мысықтектес аңдардың ешбірінің ұрпақтарында байқалмайды. Күшіктері бір жылдай ересектерімен бірге өмір сүріп, кейіннен өз беттерінше тіршілік ете бастайды. Дегенмен, аналықтарынан онша қашық кетпейді.
Дүниежүзінде қабыланның бір ғана түрі кездеседі. Ол Африканың саванналы далаларында, Аравия түбегінде, Иран, Ирак, Ауғанстан, Индия, Шығыс Кавказ және Орта Азияның шөлейтті-шөлді алқаптарында таралған.

Қазақстанда қабылан бар ма?

Ерте кездерде Қазақстанның Маң­ғыстау және Үстірт өңірлеріндегі құмды жазықтары мен ұсақ қыраттарда кездескен. Соңғы 35 жыл ішінде олардың елімізде кездескендігі туралы нақты деректер жоқ. Тек соңғы жылдары Арал теңізінің жағалауынан оның ізін және өзін көрген туралы баспа беттерінде шағын мақалалар жарияланып, бірді-екілі қабыланның Түркімен өңірінен ауып келген болуы мүмкін деген деректер бар.
Қазіргі кезде қабыланның барлық таралу аумағы мен санының күрт азаюына байланысты Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының және көптеген елдердің Қызыл кітаптарына тіркелген. Ол Қазақстанның Қызыл кітабында (2010) жойылып кету қаупі бар тіршілік иелерінің 1-ші санатына тіркелген. Оны көп елдерде атуға және аулауға мүлде тыйым салынған. Соңғы жылдары қабыланның санын көбейту мақсатында арнайы халықаралық жобалар қолға алынған.
Қабыланға тікелей қатысы бар теңеу сөздер, сөз тіркестері жыр да­тандарда көптеп кездеседі.

Мысалы, «Биік тауда қабылан болмайды» (С.Сараи), «Қабыландай қайранға соғу» (Махамбет Өтемісұлы), «Шұбалаң құйрық шұбармын» (Ақтан Керейұлы), «Қабыландай қайратты» (Мұхтар Әуезов), «Ұл туды қабылан қабақ, қасқыр түкті» (Тұрмағамбет Ізтілеуұлы), «Қабылан келбетті» (Үмбетәлі Кәрібаев) және т.б. Мұндай теңеу сөздер мен сөз тіркестеріндегі «Қабыландай батыл», «Қабыландай сұсты», «Қабыландай айбатты, қайратты», «Қабыландай жүйрікпін», «Қабылан жүйрік қайран ер» және т.б.

Сонымен қатар, қабыланға қатысты бар жер атаулары да Үстірт пен Маңғыстау өңірінде сақталған. Мысалы, Қабыланқыр жазығы (Үстірттің оңтүстігінде) Қабыланқыр кемері және т.б. Ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінде қабыланды ертеде халық «зыпылдақ» деп атайтыны атап көрсетілген. «Зыпылдақ» сөзі оның өте жүйрік аң екендігін аңғартады. «Қабылан» деген ер адамдардың аттары қабыландай ержүрек, батыл болсын деген ниетпен қойылады.
Ежелден халқымыздың құрметіне бөленген өлкеміздің байырғы төл жабайы тағысы – қабыланның тағдыры кез келген табиғат жанашырын бей-жай қалдыра қоймайды деп ойлаймыз. Қабылан өлкемізге қайтадан оралып жатса әрі қуанарлық әрі құптарлық іс деп атап айтуға болады.

Төлеужан ӘБІШЕВА
Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер