Біз бұл жолы назарға алып отырған «жақсы» көру мен «жек» көру де сол ғылымда шиырлаған ізі қалған ізденістер қатарынан десек, артық айтқандық емес.
«Жақсы» көру
«Жақсы көру» ұғымы әркімге де таныс. Ол: сүю, ұнату, жақтыру, ғашық болу ұғымдарымен қанаттаса жатыр. Яки ақын Фариза Оңғарсынова жырлағандай:
Ж а қ с ы көру, ж а қ с ы көру,
не деген керемет ең! Өмірді сезінуге, қуанып қөз ілуге,
адамға ж а қ с ы көру керек екен.
ЕНДІ ОСЫНАУ ШУАҚТЫ СЕЗІМ – «ЖАҚСЫ КӨРУГЕ» БАЗАЛЫҚ СӨЗ БОЛЫП ТҰРҒАН «ЖАҚСЫ» СӨЗІ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН, АЛДЫМЕН СОНЫ АНЫҚТАП АЛСАҚ.
Қандас ғалым К.Қайыржан 2013 жылы жарық көрген «Сөз - сандық: Қазақтың көне сөздері» кітабында оны «садақ» немесе «оқ», яғни көне түркілік «жа» деген сөз аясында қарастырып, «Кей ғалымдар тіліміздегі «жақсы» деген сөзді «жа» (иа) және «кісі» (кіші), яғни «жауынгер» деген сөзден жасалған деп жориды» деп жазған.
Өз кезегінде филолог-дінтанушы ғалым М.Төлеген де осы нұсқаның мүмкіншілігін топшылайды. Оның айтуынша, ерте кездері садақшы мергеннің яки садақпен қаруланған жауынгердің абыройы өзгелерден артық болған. Көне заманда аңшылық пен соғыс бұқара өмірінің басты көрсеткіші болса, қоян-қолтық шайқассыз нысананы алыстан ала білу жоғары бағаланған.
«Бұл жағынан тас ататын сақпан, лақтырма найзалар қанша мықты болса да, садақ алдында әлсіз қару саналған. Тиісінше, садақшының да ел көзіндегі бейнесі айбынды да игі көрінген және сапа-сынды білдіретін теңеуге айналған. Бұл жағынан ол әуелгісінде «темірші ұста» деген мағынаны білдірген, кейіннен жайсаңдық, жомарттық, кеңдік мәндеріне ие болып кеткен «дарқан» сөзіне ұқсайды» (Мұхиттың этимологиялық қойын дәптері) дейді ол.
Жасыратыны жоқ, ертеде садақты түркі тілдес халықтардың дерлік «жа» деп атағаны дау тудырмайды. Бір жерлерде «ғ», «қ» дыбыстары, енді бірінде «а» дыбысы қосылып, «жаа», «жағ» (жақ) формаларында қолданғаны да белгілі. Бұл жағынан келгенде «жақсы» сөзінің бірінші бөлігінің «жа» негізінен бастау алуы әбден мүмкін жайт. Ондай жағдайда «садақ» (жа/са немесе дақ/жақ) сөзі де осы тұлға-қалпында «жақсыға» белгілі бір дәрежеде «ағайын» болып шықпақ. Оның өзінде бұл бергі жағы ғана. Қазақ тілі сөздік қорындағы ондаған сөзбен түбірлес болып шығуы да ғажап емес.
ЕКІНШІ ГИПОТИКАЛЫҚ СЫҢАР – «КІСІ» ДЕГЕН СӨЗ БҮГІНДЕ ЖАЛПЫ ҚОЛДАНЫСЫНДА «АДАМ» ДЕГЕН МАҒЫНАДА АЙНАЛЫСТА ЖҮР. ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ СӨЗДІГІНДЕ (ОН БЕС ТОМДЫҚ. 8 - ТОМ / ҚҰРАСТ.: Қ. КҮДЕРИНОВА, О.ЖҰБАЕВА, М. ЖОЛШАЕВА ЖӘНЕ Т.Б.) ОЛ ТІПТЕН 7 ТҰРҒЫДА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН.
Адам,пенде,жан. Барлық адам баласы, адаматаулы. Адамдық қасиеттердіңнақты біртұлғада жүзеге асу деңгейінкөрсететін шама. филос. Дүниемен тікелей немесе жанама шатысты болып, іс-тәжірибелік және рухани мәселелерді шешу барысында өз болмысын өзгерте алатын адам, субъект. Бөтен біреу, бөгде адам. ауыс. Қонақ, мейман. ауыс. Қол, әскер.ОСЫ ЖЕРДЕГІ ЕҢ ҚЫЗЫҚТЫСЫ ҚАЙСЫ?
Рас, «жақсы» сөзінің мәнін айқындауға жол ашатын тура мәнінде болмаса да «қол», «әскер» мәніндегі 7-тұрғы. Ол тұрғымен қатарластыра берілген мысалдар да назар аударарлық:
Елін жауға бермеген,
Сөзін дауға бермеген.
К і с і с і жоқ батырдың,
Сөзіне ешкім ермеген (Жамбыл, Тол. жин.).
Ат қойды Көлқамысқа үш мың к і с і,
Патшаның солдаты екен тамның іші.
Мылтық пен қалың елге оқ жаудырды.
Ойсырап кейін қашты топтың күші (К.Әзірбаев, Өлеңд. даст).
Қалай десе де, бұл тегіннен тегін болмаса керек. Егер жақсыны «жа» мен «кісіден» шықты деп есептер болсақ, онда біз білетін көп сөз бен ой орамдарының, нақыл, қанатты сөздер, өлең-жыр, қаншама мақал-мәтелдердің мән-мағынасы өзгергелі тұр. Айталық, «Ұлық болсаң кішік бол» мақалы да үйреншікті «кішіпейіл бол» мәнінде емес, «Ұлық болсаң жауынгер бол» деген мағына бермекші. Қысқасы, «жақсы» сөзіне қатысты бұл версияның дұрыс болу ықтималдығын өз тарапымыздан 50% деп бағалар едік.
«Жақсы көрудің» этимологиялық қырынан басқа, визуалды-вервалдық жағы барын да ұмытпасақ керек-ті. Режиссер Д.Кэмеронның «Аватар» фильміндегі басты кейіпкерге нави халқы тілі түсіндірілгендей, «Мұның мағынасы менің сені қарсы алдымда жақсы көргенімде емес, сені сенен көргенімде» (кино репликасы). Яғни, өзімізге жақындата тәпсірлесек, біздің жағдайда «жақсы көру» – бұлдыратпай, айқын айырып, барынша көз жеткізе тұнық та анық көру. Шамамен, осындай.
«Жек» көру
Айтулы тіл ғалымы, белгілі түркітанушы Əбдуəли Қайдардың «Ғылымдағы ғұмыр Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері» (Алматы, 2014 ж.) кітабы көпшілікке көптеген сөз табиғатын танытуымен танымал. Онда ғалым «жек көру» сөзіне арнайы тоқталмаса да, «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» сөз тіркесін талдау барысында оның түпкі мәнін анықтап кеткен.
Ол зерттеуінде: «Осы фразеологизм құрамында тұрып мағынасы күңгірттенген «жік» сөзінің тіліміздегі «жігі ашылу», «жік болу», «жігін білдірмеу» тəрізді тіркестерде кездесетін «аралық», «жапсар», «шекара» мағынасындағы жік сөзімен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл қазақ, тағы басқа түркі тілдерінде қазірде ұмыт болған, тек кейбір фразеологизм, туынды түбір құрамында ғана кездесетін (мысалы, жек көру, жексұрын), көне түркі тілінде өте жиі қолданылған «жын», «шайтан» мағынасындағы йек [jek]// джек [зек] // йік [jik]// джік [зік] сөзі. Мысалы, көне түркі ескерткіштері тілінде: jekk тap їn-tїmїz – «поклонились демонам» (Chuast Л); қос сөз: jek onzm – «жын-шайтандар» (ТТ ІІІ1>«Көне түркі сөздігінде» бұл сөздің түркі тілдеріне ескі парсы тілінен ауысқандығы көрсетіледі» деп жазады.
ДӘЛ МҰНЫҢ ҚИСЫНДЫЛЫҒЫНА ДАУ ЖОҚ. ДӘЛЕЛДЕР САЛМАҚТЫ. КЕРЕК ДЕСЕҢІЗ, 100%.
Бұдан әрі Əбдуəли Қайдар:
«Сөйтіп, жоғарыдағы жек//жік сөздері о баста «жын-шайтан» мағынасын білдірсе, біздің сөз етіп отырган «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» фразеологизміміз «жер астынан жын-шайтан шықты, шыққанда да екі құлағы тікірейе шықты» деген ұғымды білдіреді. Дəл осы сияқты: жек көру – «біреуді жын бейнесінде, жынындай көру»; жексұрын – «түрі жын-шайтан сияқты қорқынышты» мағынаны аңғартады» деп түйіндеген.
Айтса айтылғандай-ақ, мұның сол ілкі мәнінде ұғынылу мысалдарын өткен тарихымыз бен фольклор деректерінен де оңай табамыз. Ол қазір, жаңа заман әсерімен біздің көзімізге бұлыңғыр тартып тұр. Ал ертеректе теріс мағынасы әммеге мәшһүр болса керек. Айталық, халыққа «қыз салық салам» дегесін, оңтүстік ерлері намыстанып, басын шапқан қоқандық Мырзаби деген міскінге қатысты ел аузында мынадай жыр жолдары сақталған.
Қараағашты Тәшкеннен,
Мырзаби деген бек шықты,
Екi иiнiн жеп шықты,
«Қатын менен қызыңнан,
Зекет бергiн» деп шықты,
Ордабасы басында,
Қотырбұлақ қасында,
Ж е р а с т ы н а н ж i к ш ы қ т ы,
Қаһарын шашып халыққа,
Е к i қ ұ л а ғ ы т i к ш ы қ т ы,
Оның қылған iсiне,
Ел денесi түршiктi.
Кейіннен мұның арты үлкен дау болып, сотқа тартылғанда, қазақтар тарапы Қоқан уәкілінің нәпсісіне ерік берген малғұндық сипатын алға тартып, шариғаттан жеңіп, жазаланбаған. Яғни, ел ішін бүлдіруші «жік» екенін дәлелдеп шыққан.
СОНЫМЕН, БҰЛАРДАН ҚАНДАЙ ҚОРЫТЫНДЫЛАР ШЫҒАРУҒА БОЛАДЫ?
Біріншіден, қимыл атауын білдіретін «төңіректеу», «айналдыру» мәніндегі «Иектеу» етістігінің де қайдан шыққанын топшылағандай болдық. Ал адамды қазақ түсінігінде нендей зиянкес күштің «иектейтіні» айтпаса да түсінікті болса керек. Яки бүтін алаштың бұл сөзді көбіне қай мағынада қолданып келе жатқанының өзі көп жайдан хабар береді.
Екіншіден, «жек көру», «жексұрын» сөздерін, «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» тіркесін жөнді-жөнсіз қолдана беруге болмайтынын білдік. Яғни, әр сөздің өзіндік энергиясы бар десек, бұларда оңды қуат бар дей алмаймыз.
Үшіншіден, моңғол және Алтай түріктері есекті «елжіген» немесе «жіген» (К.Қайыржан) дейді екен. Содан «Осы «есек» деген сөз «жік» немесе «жектен» шықпады ма екен» деген күдік мазалайды. Филолог-дінтанушы ғалым Ә.Нәби мұнда бір тілдік байланыс болуы мүмкін деп санайды: Есек > ешек > е-жек > е-жік > елжіг > елжіген > жіген > жік/жіг/жек/жег. Бұл орайда ағылшын тілінде де есекті «jackass» дейтіні қызық. Әсілінде, ел аузындағы «Есек аңырағанда Құдайдан пана тілеңдер, өйткені ол бүкіл жан-жануар ішінде бір өзі ғана жамандық атасын көре алады» деген сөз де бекерден-бекер емес тәрізді. Тағы бір әңгіме бойынша есек Ібілісті көрсе, ықылымдағы Нұқ кемесіне кірер өткелде мұның құйрығынан тартқан оқиғасы есіне түсіп, аңырап, жаны қалмай қорқады екен-міс. Не десе де мұнда ойтүйер бір сыр бар.
Тағы бір ойланарлық нәрсе, мәселенки, ешкіні неге «жік-ай, жік» деп айдап, қайырады? Мұны кездейсоқтық, құр ұқсастық дей аламыз ба? «Кебенек келгір» деп қарғап, ұрысатыны ше?
ҚОШ, БІРДІ АЙТЫП, БІРГЕ КЕТТІК, СОНЫМЕН, «ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ СӨЗДІГІ» (ОН БЕС ТОМДЫҚ. 6 – ТОМ) БОЙЫНША «ЖЕК КӨРУ»:
а) Ұнатпау, жақтырмау.
Ойлаңыз, менде жүрек, менде жан бар,
Жүрегімде өмір бар, ыстық қан бар.
Үміт бар, махаббат бар, ж е к көру бар,
Бәрі де байдікіндей, байқасаңдар (С.Торайғыров, Алаш ұраны).
Қысын, жазын, күзін де, көктемін де,
Сірә, дәтің шыдамас ж е к көруге.
Алматыны сыйласаң, көп күніңді,
Өткізер ең Алатау бөктерінде (М.Мақатаев, Шығ.).
ә) психологиялық. Бір адамның өзге адамға қатысты ішкі сезімін білдіретін ұғым. Жек көру сезімінің туындауы, ең алдымен, әлгі адамның жеке басындағы кісілік қасиеттерінің жоқтығы, мінез-құлқының ұнамсыз жақтарымен танылуы, өзінің азаматтық борышына немқұрайды қарап, қарым-қатынас жасаудағы жағымсыз оғаш әрекеттеріне байланысты болады (ҚҰЭ). Жек көру мінездің өзіндік ерекшелігімен тығыз байланысты психологиялық күй (ҚҰЭ).
ТҮЙІН ОРНЫНА...
Тілде – құдірет, сөзде – кие бар. Жазушы, драматург Р.Отарбаев айтқандай, сөздің дәмін білу керек. Сөйтіп, біреуді жақсы көрсек, әйбат батыр, садақты жауынгердей көреді екенбіз де, жек көрсек, сайтанның сапалағындай танығанымыз екен. Бұл сөздердің ілкі мағыналары бойынша шығып отырған ұғымдар десек те болғандай.
Осы орайда айта кетерлік бір жайт, «жақсы» сөзінің түп-тамырын анықтау тақырыбы дискуссияға әлі де ашық. Айталық, қырғыз ғалымдарының бұған таласы бар. Олар оны далалық наным-сеніммен байланыстырып, «ак язы/ясы» немесе «ак аши» (якши/жакши), яғни қазақшалағанда «ақ жазғаны/ақ жосығы» (ақ заңы) дегеннен трансформацияланған біріккен сөз дейді. Ал мұндағы «ақ» – «құдай» деген ұғымды білдіріп тұр деседі. Көршілес ұлт лингвистері пайымына салсақ, «ақша» сөзі де осы түбірден тараған.
Жалпы, сөз түбіне үңілу қазына аралында асылға толы сандық іздегендей құпия мен қызыққа толы іс, әр басына сауал да көп. «Жақсы» сөзі де зерттелу жағынан өзін әлі түгеспеген, этимологтардың жаңа толқындарын күтіп жатқан шикі материал – шешімін таппаған үлкен сұрау белгі.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан Қалназаров
Дерек көзі: kazislam.kz