"Елбасымыздың бір ауыз сөзі ел көлеміндегі тілдің жағдайын жөнге салмаса да Үкімет пен Парламентті бір шайқап алғанын көрдік.
Тіл білетіндер, яғни қазақша сайрайтындар "Ачередной пастановка" деді. Бәлкім... Құдай біледі. Менің білетінім, қазақ тілінің жағдайы өте баяу алайда сенімді түрде біртіндеп жақсарып келеді.
Әңгіме кешегі анау Ұлттық банктің төрағасының басындағы жағдай туралы. Орыстілді орта мен "жалпы қазақша білген жақсы ғой енд..." деп күмілжіп қана жүрген ресмитілді қазақтар шырылдағанда шырылдап кетті. Аргументтері мынадай: "Неге күліп жатырсыңдар?" дейді. Неге күлмеймін? Был бы таксист или кондуктор, күлмес едім. Бұтына жіберіп қойған баладай, соншалықты бір аналитикалық жауапты қажет етпейтін жәй сұраққа соншалықты қиналып жатса, кәдімгідей заң ұсыну, қабылдау мәселесіне келгенде мүлдем тұралап қалады деген сөз ғой?
Таксист дегеннен шығады. Бір ханым айтып жатыр. "Уот мен АҚШта болғанда, анда болғанда, мында болғанда тіл дұрыс білмесем де таксистпен ыммен тілдестім. Таксист айтты: "Егер өзара түсінісе алсақ, онда тілдестік деген сөз. Одан ары көп нәрсе қажет те емес" деп айтты" дейді. Ыздрасте. Тұтас бір мемлекеттің бас банкирі мен таксист екеуі тең бе? Парламентте, өкімет қабырғасында мемлекеттік тілде сөйлесе алмайтындар мен халық өзара ыммен, ымырамен талқылауы керек пе сонда? Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді? Бәлкім сюрдоаудармашыны жалдармыз?
Астанаға барған кезде, сұқбат берген кезде, мемлекеттік деңгейдегі мәселелер талқыланғанда делдал тілдегі жиындарға қаным қатты қараяды. Оған маған олар ренжиді. "Барлығын тілге тіреп қоясың" деп.
Жалпы тілдің функциясы не еді өзі әу бастан? Ұғынысу, түсінісу, тілдесу, ортақ талқы жасау құралы емес пе ед? Ал егер мемлекеттік тіл деген статусы бар қазақ тілінде индустрияға, инфрақұрылымға, диджитализацияға, агрономияға, химияға, экономикаға қатысты ешбір жиын өтпесе, "Сен-ақ тіліңді қоя тұрш" деп сілкіп тастаса... неліктен мен тілді қозғамауым керек?
Ойлап қараңыздаршы, мына Бас банкирдің орнында мен болсам. Орысша қақпасам. Маған орыс тілді спикер сұрақ қойса. Мен мемтілде жауап берсем. Ол суфлер жасамай қалғанын тілге тиек етіп, орысша жауап беруімді мәдениетті түрде өтінсе. Мен жарайды деп Ақышевтің кешегі қазақшасы секілді орысша былықтырып жауап берсем... Не болар еді? Ха, күлгеннің көкесі болар еді. Қазақстан халқы емес, ТМД тіпті әлемдегі барлық орыстілді орта күлер еді. Дереу ең атақты мэм образға айналар едім. Ал әлгі спикер "Ресми тілде әліпті таяқ деп білмейді, мынау вапше қалай бас банкир боп жүр? Алдына келген қағаздарды қалай оқып жүр? Жалпы бұл кісінің кәсіби біліктілігі қалай екен?" деген сұрақты көлденең қояр еді. Ендеше, дәл солай біз неге айта алмауымыз керек?
Қазақтар, сіздер қандай да бір әкім-қара айтыс өткізгенге, жыр-терме жарысын өткізгенге мәз бола бермеңіздер. Оны әкімсіз-ақ өздеріңіз жиналып алып та өткізе аласыздар. Қажет десе интернет марафон жасаңыздар. Ал мемлекеттік дамуы бір ғана ән-мен күйге тіреліп тұрған жоқ. Сіздердің бала-шағаларыңыз мына музыкамен қарын тойдырмайды. Күймен киінбейді. Тұрмыс-тіршілік деген экономикамен шешіледі. Айналаңызға қараңыз, неліктен басқалардың жағдайы жақсы? Әкім-қарадан экономикаға, заңға, инфрақұрылымға, ауыл шаруашылық пен құрылысқа, инновация мен технологияға қатысты мемлекеттік тілдегі жиындарды өткізуді сұраңыздар. Талқыға қатысыңыздар. Эксперт болыңыздар. Әйтпесе..." деп ойлануға шақырған ол.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевты қабылдап, бірқатар тапсырмалар берген болатын. Өз сөзінде Елбасы «Үкімет пен Парламент тек ғана мемлекеттік тілде жұмыс істеуі керек» деп айтты. Содан бергі кезеңде ресми жиындар мемлекеттік тілде өткізіле бастады.