Онда «Өзінің ғылым, білім және мәдени әлеуетін сақтай отырып, Алматы қаласы еліміздің қаржы және туристік орталығына айналды. Қазақстан экономикасының 16 есе өскенін ескерсек, осынау жылдар ішінде Алматының да ерекше қарқынмен дамығанын көреміз. Алматы өзінің даму барысында орасан зор табыстарға жетті. Егер еліміз Тәуелсіздігін жаңа алған 90-жылдардың басында Алматы республика ІЖӨ-нің тек он бөлігін ғана қамтамасыз етсе, бүгінгі таңда мегаполис әлеуеті ел экономикасының бестен бір бөлігін құрайды», – деп атап өтті, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Сондай-ақ, әкім орынбасары одан әрі өз сөзінде сол 90-жылдардың ортасында Алматыда 1415 кооператив болса, қазіргі кезде мегаполисте 180 мыңнан астам кіші және орта бизнес субъектілерінің жұмыс істейтіндігін, сөйтіп, кәсіпкерліктің 130 есеге өскенін айтты. Осыған орай, Бүкіләлемдік «Doіng Busіness» банкінің таяуда жариялаған, негізінен, Алматының көрсеткіші бойынша есептелетін рейтингінде Қазақстан 16 позицияға жоғары көтеріліп, 35-орынды иеленгені ерекше ескерілді.
Баспасөз мәслихаты барысында А.Қырықбаев шаһар экономикасының қарқынды дамуы арқасында Алматы бюджетінің тең жартысы жұмсалатын әлеуметтік салада пәрменді әрі жүйелі шаралардың жүзеге асқанын айтты. Атап айтқанда, жыл басынан бері Алматы қаласында 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл ретте, тек қана мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету үшін 1,8 млрд. теңге жұмсалды. Ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп деген сөз.
Қала әкімінің орынбасары өзінің сөзінде, басты тұжырымы қаланы одан әрі дамыту, қалалықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту, әр адамға қамқорлық көрсету болып табылатын «Алматының 2020 жылға дейінгі Даму бағдарламасында мұның барлығы нақтылы көрініс тапқанын айтты. Сондықтан, бұл бағдарлама бес институционалды реформалардың, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуеттерін айқындай түседі. Осы ретте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мегаполисте соңғы 9 айдың ішінде 4500 орынды қамтитын 5 мемлекеттік және 119 жеке балабақшаның ашылғанын, 1800 оқушыға арналған жалпы білім беретін нысандардың іске қосылғандығын, мектептер мен 2400 орынға арналған қосалқы нысандар құрылыстарының жүріп жатқанын атап өтті.
Алматы қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас Мәдиев үстіміздегі жылдың 10 айында «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша оңтүстік астанада 239 жобаның қолдау тапқанын, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 көп екенін айтты.
Бұдан кейін ОКҚ-де өткен брифинг барысында Алматы қаласы Даму орталығының басшысы Жанна Төлегенова концепциясы қала тұрғындарының қалауына негізделген «Smart Cіty» жобасын енгізудегі алматылық биліктің жоспары туралы айтты. Бүгінгі күні КБТУ мен ІDC Central Europe сынды серіктестермен бірге Smart Almaty жобасының концепциясы мен шеберлік- жоспарының жасалып жатқанынан хабардар етті.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев баспасөз мәслихатын қорытындылай келіп, қала билігінің Алматыны тек жоғары технологиялы мегаполис қана емес, дәстүрі мен тарихы берік сақталған әрі өзіндік ерекшелігі бар шаһарға айналдыруды жоспарлап отырғанын айтты. Бүгінгі заманаға сай әлемде тарихи-мәдени мұра креативтілік пен инновацияның, жаңарған қаланың киелі көзіне айналған. Осыған орай, биыл Алматыда еліміздегі алғашқы «Алатау» дәстүрлі өнер театры, дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы ашылды. Бұдан басқа, жыл аяғына дейін Алматы қаласының тарихы туралы жаңа мұражай есігін айқара ашатын болады.
Керек дерек
Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы Алматы күндері аясында 5-6 қарашада бірқатар мәдени-бұқаралық шаралар өтеді. Мысалы, 5 қараша күні сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты мультимедиялық көрме, Алматы туралы фотокөрме ашылады, сағат 15.00-де ҚР Ұлттық кітапханасында жастар белгілі ақындармен кездеседі, ал сағат 18.00-де Алматының эстрада-симфониялық оркестрі және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты гала-концерт өтеді.
6 қараша күні сағат 15.00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі мен танымал дәстүрлі әншілердің қатысуымен «Мәңгілік мұрат» атты дәстүрлі музыкалық концерт өтеді.
Бұлардан өзге, 5, 6 қараша күндері Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театры Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында «Алтын Адам» эпикалық спектаклінің қойылымын, сондай-ақ, балалар үшін «Куклы шоу» мерекелік спектаклін ұйымдастырады. Аталған мәдени шаралардың барлығына кіру тегін.