Ата тарихымызға көз салар болсақ, Арқа өңiрiнде жасап өткен дала даналарының бiрi Едiге би Төлебайұлы екенiн байқаймыз. Едiге өз заманындағы көшпелi қазақ қоғамының айтулы қайраткерi, ақылман биi, аузы дуалы шешенi. Оның кiсiлiк келбетi мен адами болмысы жайлы Мәшһүр-Жүсiп Көпейұлы жан-жақты жазып кеткен.
Он төрт жасында ат жалын тартып мiнiп, ел iсiне араласқан Едiгенiң бар ғұмыры қазақ арасындағы таусылмайтын дау-дамайдың, руаралық қақтығыстың арасында өткен. Сол аумалы-төкпелi заманда ағайынға оң жол сiлтеп, қалың бұқараға басшы бола бiлген Едiге би Төртуыл-Сүйiндiк елiнiң панасы мен данасы атанған адам. Мәшһүр-Жүсiп Көпейұлының қаламынан туған “Едiгенiң алғашқы билiгi”, “Едiгенiң Тоғаспен құда болуы”, “Едiгенiң көрген түсi”, “Едiгенiң соңғы билiгi” деп аталатын этнографиялық әңгiмелерден оның айшықты тұлғасын, адами бiтiмiн қапысыз тануға болады.
Өз кiндiгiнен тараған ұлдары дүниеге келердiң алдында түс көрiп, олардың өмiрде қандай адам боларын болжап-бiлiп отыруы оның әулиелiк қасиетi болғанын да аңғартады. Бұл әңгiмелердiң барлығы Мәшһүр-Жүсiп Көпейұлының кейiнгi жылдары жарық көрген шығармалар жинағында жарияланған соң, қайталап жатуды жөн көрмедiк. Iздеген адам болса, Мәшһүр-Жүсiптiң 2007 жылы шыққан 12 томдығынан, 2013 жылы шыққан 20 томдығынан таба алады.
Едiге би жөнiнде айта кететiн тағы бiр жайт, қазақта “тектiлiк” деген түсiнiк бар. Қайсыбiр адамның көңiлден шығар iсiн көрсек, “е, оның тегiнде бар ғой” деп жатамыз. Мұны қозғап отырғанымыздың себебi, көптеген тарихи тұлғалардың елден ерек қасиетi (батырлығы, шешендiгi, көрiпкелдiгi, әулиелiгi т.б.) өзiнiң көзi жұмылғасын балаларына немесе ұрпақтарына дарымай, үзiлiп қалып жатады. Едiгенiң өзiнен басталған тектiлiк үзiлместен ХХ ғасырдағы ұрпақтарына дейiн жеткен. Мысалы, өз кiндiгiнен тараған, қазақ тарихындағы кесек тұлғалар Шоң мен Торыайғыр билердiң өздерi бiр-бiр төбе десек, одан кейiнгi Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәйбай Айманов, Шаймерден Торайғыров, Қамар Қасымов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевтар – ел таныған тұлғалар.
Осы әңгiменiң бәрiн қозғауға себеп болып отырған жайт, үстiмiздегi тамыз айының 12-сi күнi Ерейментау жерiндегi Елтай ауылының iргесiнде үш ғасырдан берi ескерусiз жатқан Едiге би Төлебайұлының басына тас орнатылып, бейiтi көтерiлiп, ас берiлдi.
Дегенмен, қайсыбiр адамдар “Ерейментауға Едiге қайдан барыпты, оны қалай дәлелдейсiңдер?” деген сынды терiс пiкiрлер айтуы мүмкiн (Баянауыл мен Ерейментаудың арасы төтелеп жүргенде 200 шақырымнан артық). Сондықтан Едiгенiң Ереймен жерiнде жатуы жайлы бiрер сөз айта кеткендi дұрыс көрдiк.
Әңгiме толығырақ болу үшiн, Бөгенбай заманында жасаған Едiгенiң әкесi Төлебай Жанқозыұлын ауызға алуға тура келедi. Төлебай жайлы Мәшһүр-Жүсiп еңбектерiнде бiршама айтылып, оның өзi заманында пәлi Төлебай, мерген Төлебай атанған жауынгер адам болғаны әңгiмеленедi.
Жарайды, ол өз алдына. Ерейментау жерiнде жасап өткен белгiлi ақын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсте мергендер тобын басқарған Молдажан Жадайұлы деген кiсi болған. Өзi Бөгенбайдың ағасы Көлбайдан тарайды. Молдажан ақынның еңбектерi бүгiнде ҚР Ұлттық ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында сақтаулы. Сол жазбаларда Молдажан мынадай дерек айтады. Ақтабан-шұбырындыда Сыр бойынан ауған Жетi Момын баласының арасына жолшыбай алауыздық кiредi. Жәпек батыр мен Қарауыл Қанай би бастаған Атығай-Қарауыл балалары батысқа қарай кетiп, Әбiлқайырдың қоластына бармақ болып шешiптi. Бұларға Қанжығалының Жетiруы–Бозым балалары да қосылады. Бөгенбай батыр бұлардың ниеттерiн құптамай, ол жаққа бармаңдар, ар жағында орыс жақын, түбi орыстың аяғының астында қаласыңдар, ал қалмақ –өзiмiз секiлдi көшпелi жұрт, оларға жеңiстiк бермеймiз дейдi. Бiрақ аналар оған көне қоймайды. Сөйтiп, ел екiге айырылып, сөзiн өткiзе алмаған Бөгенбай өзiне қараған елмен Сарысуға қарай бұрылып кетiптi. Оған өзiнiң аталастары Мәмбеттiң Бесқасқасы атанған – Атан, Досай, Ақпан, Бура, Тайлақ батырлар, Бозым iшiнен өз туыстарынан бөлiнiп Нияз Жантай батыр қосылады. Және Бөгенбайдың жанында Айдабол Төлебай мерген де бiрге болған деп жазады Молдажан. Ол бұл деректi ойдан шығарып отырған жоқ, сол кездегi кәрiқұлақ қариялардан жеткен әңгiме.
Одан басқа, Үмбетей жыраудың көпке белгiлi “Жантай батыр” дастанында Абылайдың баласы Қасым төренiң Уса-Серен бастаған хошоут-қалмақтардың ауылына қыз көре барғаны айтылады. Сонда оның қасында Қарауыл Қанай би, Айдабол Төлебай батыр, Үмбетей жырау болғаны айтылады. “...Қосылды Қарауылдан шешен Қанай. Сүйiндiктен Айдабол би Төлебай, ...Жырауды Үмбетейдей қосты болмай” деп толғайды Үмбетей өз жырында. Осыған қарап, Төлебай айналасы мен Ереймен елiнiң арасында ертеден байланыс бар екенiн байқау қиын емес. Сол заманнан қалып қойып, Ерейментауды қоныс қылып жүрген Сүйiндiк балалары – Орманшы-Қасқыртымақ, Қаржас-Ақша, Айдабол-Малқозы, Жанқозы, Мамыт ұрпақтары бiрен-саран әлi де бар.
Бiр қызығы, Сүйiндiк елiнен Ерейментау өңiрiнде, Сiлетi бойында жерленген жалғыз Едiге би емес. Одан 10-15 шақырым сәл жоғары, Шорман өзенiнiң бойында Қаржас Шорман би Күшiкұлының зираты жатыр. Ол жерден 10-12 шақырым жоғары Айдабол-Малқозы Олжабай батыр Толыбайұлының бейiтi тұр. Ерейментаудың Қарағайлысындағы Балықты көлдiң жағасында Күлiк-Сексен Көтеш ақын Райұлы жерленген. Сiлетiнiң бойында Күлiк-Шобалай Жанақ әулие Жаңабатырұлы жатыр. Ерейментауға кiреберiс Малтабар ауылынан 3-4 шақырым төмен Үшмырзаның көлiнiң (қазiр Тамдыкөл деп аталады) жағасында Айдаболдың Едiгеден тараған үш мырзасы Төкi Шоңұлы, Добан Шаржауұлы, Шоркен Ақынұлы және Күлiк-Тiлеуiмбет Өтемiс абыз Жанайдарұлы жерленген. Ол ол ма, Ақмола облысының (бұрынғы Көкшетау облысының аумағы) Еңбекшiлдер ауданындағы Мәдениет ауылының iргесiнде Торайғыр би Едiгеұлы мәңгiлiк мекен тапқан.
Ал ендi Едiге би жерленген Елтай ауылының тарихи атауы – Едiге. Сол арадан Едiге деп аталатын шағын өзенше ағып өтедi. Ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан темiр жол стансасының атауы да – Едiге. Отызыншы жылдары бұл жерде алғаш колхоз құрылғанда, ауылға сол кездегi Қазақстан басшыларының бiрi Елтай Ерназаровтың аты берiлген екен. Бүгiнде ауылдың ақсақалдары “Елтайдың есiмiн ауылдан алып тастап, Едiге деген тарихи атауын қайтару керек” деп ұсыныс айтып жатыр.
Сайлау Байбосын
©
zhasalash.kz