Шәмшінің «Қаракөзі» кімге арналған?
11.08.2016, 23:58

Шәмшінің «Қаракөзі» кімге арналған?

Серікбай Тұржан Серікбай Тұржан zamana.kz

15-тамыз – «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың туылған күні. Ол кісінің әндері халықпен бірге жасай берері сөзсіз. Сондай әндерінің бірі – «Қаракөздің» шығу тарихы жайлы естігеніміз бар еді.

...Мен отырарлық Сейтісхан ағамен телефон арқылы танысқан бола­тынмын. Ол кезде аудандық «Сәт» телеарнасында директор болып істейтінмін. Қызмет орныма телефон шалған Сейтісхан аға маған былай деді:

 «Серікбай қалқам, сен мені танымайсың. Сондықтан да тыныш­тығыңды бұзғаныма кешірім сұраймын. Сенің Шәмші аға туралы жазған естеліктеріңді облыстық және бірқатар республикалық басылым беттерінен оқып тұрамын.  Алла жазса, жүзбе-жүз де кездесерміз, ал бүгін саған шұғыл хабарласып отырғандағы шаруамның мәнісі былай болып тұр. Жақын арада Алматыдағы «Білім» баспасының директоры, жазушы Жарылқасын Нұсқабайұлымен бірлесіп Шәкең жайлы «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған» атты естелік кітапты жарыққа шығармақшы едік. Соған сенен Шәмші аға жайлы бұрын-соңды басқа басылымдарда жарық көрмеген естелік күтеміз. Қалғанын ары қарай тағы көре жатармыз».

 Сол сәттен бастап біз Сейтісхан ағамен жиі-жиі хабарласып тұратын болдық.

Содан соң 2008 жылы менің 60 жылдық мерейтойыма арнайы келіп қатысқан Сейтісхан ағамен арқа-жарқа шынайы жүздесіп, бір-бірімізді құшақ жая қарсы алып, қауыша көріскеніміз бар. Той өткесін қонақтарды шығарып салуға арналған дастархан басында 1988 жылы Шәмші Қалдаяқов көтеріп тұрып суретке түскен ұлым Алмасты қасына шақырып алып: «Балам, сен оңай адам болмадың. Шәмші аға өзінің құшағына қысып, батасын берген екен. Енді, міне, үлкен бір шаңырақтың білдей азаматысың. Шәмші атаңның алғысы мен сеніміне кір келтірмей жүргін, – деп батасын беріп, бетінен сүйді де, одан соң маған қарап: «Ал, Сәке, Шәкең жайлы қаншама халықтан естелік жинап жүрсем де мен ол кісінің көптеген әндерінің шыққан тарихынан бейхабар екенмін. Сонау 1990 жылы Шәкеңнің 60 жылдығы қарсаңында ағамыз сіз туралы айтып, Алғабас өңірін аралап, халықпен кездескені жайлы сөз етіп отырғанын естіп едім. Ол кісінің алғашқы әндерінің бірі – «Қаракөз» туралы әңгіме арасында айтылып қалған жоқ па еді, есіңізде бар ма?» – деді.

Менің  көз алдыма сонау бір мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бергі уақыттарда сахна төрінде оны шырқата салатын Орынша Жүнісбекованың келбеті келіп тұра қалды. Мен төрде тұрған мандолинді алып, барша қонақтар болып  «Қаракөзді» шырқап ала жөнелдік.

...Иә, 1988 жылы Шәмші ағамен бірге ел аралап жүріп, бірде кешкісін үйге келген соң Шәкең менен: «Серікбай, бүгін жол-жөнекей машина ішінде «Қаракөз» әнін орындаған Сәндігүл деген сары қыз бұрын әнші болған емес пе?» – деп сұрады. «Жоқ, Шәке, ол қыздың негізгі мамандығы педагог, сахнаның адамы емес. Бұрын аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып істеген. Қазір мектеп директоры. Қайда жүрсе де ұйымдастыру ісіне бір табан жақын болғандықтан сол жастармен бірге оқтын-оқтын сахнаға шығып, ән айтып қоятыны бар. Негізі өзі көпшіл адам, – дедім мен Қ.Сыпатаев атындағы орта мектебінің директоры Сәндікүл Алтынбекова жайлы қысқа ғана түсіндіре өтіп.

Одан соң біз Шәкеңмен бірге болып, бір көруді мақсат тұтып келіп отырған бірқатар көрші-қолаңдармен бірігіп Шәкеңнің сол «Қаракөзін» орындадық. Ән орындалып болған соң мен: «Шәке, мына отырған тыңдарманға осы әннің шығу тарихы жайлы бір-екі ауыз айтып берсеңіз...» – деп қолқа салып едім, ол кісі анау-мынау деп жатпастан, әңгімеге көшті.

«Бұл – менің алғашқы күннен халық арасында жиі орындала бастаған әндерімнің бірі, – деді Шәкең. – Жасыратыны жоқ, мен оны қаланың бір қаракөз сұлуына арнап шығардым. Бірақ сәйкес келетін сөзін жазуда көмекші керек болды. Алматыдағы Құрмағазы атындағы консерваторияда оқып жүрген кезім болатын. Көмекке келген осында бірге оқитын Мәдеш деген әнші жігіт мені оқтын-оқтын ақындар бас қосатын «Алматы» ресторанына бастап барды. Ол жерде біз Қуандық Шаңғытбаев пен Ізтай Мәмбетов деген ақындармен кездесіп, менің хал-жағдайымды ол кісілерге Мәдеш айтып берді. Әлгі Қуандық пен Ізтай аға маған  алдымен тесіле қарап алып: «Ал, бала, әніңді орында!» – деп бұйырды. Мен салған жерден сәл қысылдым, әнімді орындап бердім. «Жетеді! – деді Қуандық аға. – Мына әнің керемет екен!» «Сөзі де дәл сондай керемет болса, кәнеки!» – дедім мен. «Дұрыс айтасың. Алқымыңды қысып, алқынып тұрған сенің мына әніңе сөз жазуды мен мына Ізтай ініме тапсырамын», – деді Қуандық аға қабатында отырған Ізтайдың иығынан қысып-қысып қойып. Мен де Ізтай ағаға жақындай түсіп: «Өлең нағыз қаланың қыздарына арналған болуға тиіс. Себебі мен бүгіннен бастап Алматының қыздарына ғашықпын!» – дедім де Ізтай ағаның бетінен сүйіп-сүйіп алдым. Біз сол күннен бастап Мәдештің арқасында Ізтай Мәмбетовпен дос боп кеттік».

Осыны айтқан Шәмші аға дастархан басында жағалай тым-тырыс отырып тыңдап қалған ауылдастарыма ерекше ықыластары үшін рахметін айтып, маңдайдағы терін сүртті.

...Мен Сейтісхан ағаға осы жайды айтып беріп едім. Ол кісі әңгімемді бастан-аяқ үнсіз отырып тыңдаған болатын. Ал арада 3 жыл өткенде маған өзінің «Шәмшінің ән күмбезі» атты кітабын қолтаңба жазып тапсырды. Өзі де содан көп ұзамай өмірден озып жүре берді.

«Өмір – өзен» деген осы екен, ол осылай өз өрнегін салып өте береді екен ғой.

 

Серікбай ТҰРЖАН

Дерек көзі: zamana.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер