Ол басылым өкілінің: «Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін неге мән беруіміз керек?» деген сауалына:
«Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Қазір бүкіл әлемде өзара тәуелділік күшейіп келеді. Бір жағымызда – Ресей, екінші жағымызда – Қытай сияқты алып мемлекеттер, басқа да көрші елдер бар. Кезінде Абылай хан бабамыз Бұқар жырауға «Түс көрдім. Оң жағымда айдаһар, осы мені жеп қоюға даяр тұр екен. Сол жағымда да үлкен жыртқыш жануар. Ол да қылышын қайрап тұр» деген екен. Бірі – Қытай, бірі – Ресей. Абылай хан бабамыздың түсінде аян беріп тұр ғой. Тәуелсіз ел болып, өз алдымызға мемлекет болғалы солардың бәрімен тереземізді тең ұстап, тату көрші бола білдік. Бізге көмек қолын созған ешкім болған жоқ, жаны ашитын адам да болмады. Соған қарамастан, біздің өз ішімізде керемет бір рухани күшіміз болды. Сол рухани күш қандай күш еді? Ол қазақ халқының бойындағы рухани күш, яғни бірлік, ауызбіршілік, ынтымақ. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді қазақ. Бірлік болмаса, ешқандай тірліктің нәтижесі болмайды. Сондықтан қазақ өмір бойы осы бірлікті ту етіп ұстап келеді. Бірлікті дамытуға күш салды, ынтымаққа шақырып отырды. Ынтымақ пен бірліктің арқасында елімізде көптеген түйінді мәселелер шешілді. «Осы біз төмен-ақ болайық, өзге этностар риза болсын» деген принципті ұстадық, ең алдымен елдің татулығын ойладық. Татулық болмаған жерде, шағын отбасының өзі быт-шыт болады. Сондықтан татулық пен бірлік біздің негізгі стратегиялық бағыт-бағдарымыз болды. Сол себепті, осы бағытта, рухани бағытта көп жұмыс істеліп жатыр. Адамдар бір-біріне жақын болмаса, отбасының өзінде береке болмайды. Бірін-бірі сыйлап, құрметтеп, біріне-бірі ізгі ілтипат көрсетіп отырса, ісі оңға басады. Бұл дүниеде жетпей жатқан ештеңе жоқ, дегенмен «Көңіл шіркін бір атым насыбайдан қалады» деген сөз бар. Адамдардың сұхбат арқылы өзара түсінісуге ұмтылуы – халықтар арасындағы рухани жақындықтың орнауына үлкен септігін тигізеді. Мүмкіндігінше, әлеуметтік-әділеттілік принципін іске асырсақ, ондай қоғамда дау-дамай да, шешілмейтін мәселе де бола қоймас деп ойлаймын. Бірақ ұлттық мүддені әрқашан сақтауымыз керек. Ұлттық мүдде – қазақтың мүддесі. Қазақ халқы бақытты болса, Қазақстанның басқа халықтары да бақытты болады» деп жауап берген.
Бұдан бөлек, академик барынша сақ болып, ұлттық байлығымызға бекем болуға шақырған.
«Бұл дүниеде дос дегеннің бәрі салыстырмалы түрде. Бүгін дос, ертең шамалы ренжіп қалса болды, қылышын көтеріп шыға келеді. Достықты құрметтеп, өзгелермен сыйластықта болу керек. Бірақ етек-жеңімізді қымтауды да ұмытпауға тиіспіз. Қазақ жерінде байлық көп, сол байлыққа сырттағылар көз тігіп отыр. Біздің байлығымыз – қазақ халқының маңдайына Құдай берген байлық. Біз әлі жердің бетіндегілерін, жерге жақындарын ғана алып, пайдаланып жатырмыз. Сол байлықты біртіндеп игеріп, халықтың игілігіне пайдаланып, елдің әлеуетін арттыруымыз керек» деп түйіндеген Ә.Нысанбаев.