Ұлттық кодты оятатын қасиетті ескерткіштер қайда? - А.Әубәкір
16.12.2017, 16:35

Ұлттық кодты оятатын қасиетті ескерткіштер қайда? - А.Әубәкір

«Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің жетекшісі Арман Әубәкір фэйсбуктегі парақшасында қазақ тарихында өзіндік орны бар символдық тұлғалардың бейнелерінің ұлт рухын оятудағы рөлі туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды silteme.kz.

«Бір такси кісімен жап-жақсы тіл табысып, ә дегеннен емен-жарқын әңгімелесіп кеттік. Ол Қабанбай батырды бабасы екенін айтып, қойнынан суретін шығарды. Қытай мұрағатынан табылған дейді. Нар тұлғасын, киімін, сұсты тұрысын айтып, тамсана әңгімеледі. Ағамыздың өзі де денелі, тұлғалы кісі екен. Қабанбай батырды айтқанда тіпті арқаланып, бойына бір алапат қуат біткендей рухтанып кетті. Мен шындықты айтуға ағамыздың көңілін қимадым. Бір жағынан ол кісіге бұл суреттің асқақ рух, күрескерлік күш беріп отырғанын аңғардым. Сондай кіршіксіз сеніміне қылау түсіріп алудан қорықтым. Не де болса іштен тындым. Шын мәнінде бұл сурет моңғол суретшісі Ганбат Бадамханд салған Шыңғыс қағанның бейнесі болатын. 


Еуропа XIV-XV ғасырдан бастап өз ұлы тұлғаларының бейнелерін сақтаған. Тіпті антикалық дәуірден бастап грек ғұламаларының тастағы бәдіздері бар. Ал бізде ше? Ұлы дала перзенттері қағандарға арнайы еске алу орындарын әзірлеп, сонда тас мүсіндер орнатса, ал одан деңгейі төмен тұлғаларға жерлеу орындарында бәдіз тастар мен балбал тастар қойған еді. Кейбір ерекше кісілерге көне түрік жазулы ескерткіштерде (бітік тастарда) жоқтау жырлары да жазылған. Кейін ислам дінінің келуіне байланысты тас мүсіндерге тыйым салына бастады. Тіпті Қазақстан аумағына беті жоқ немесе әдейі ысырылып тасталған, тіпті басы бүлдірілген тас мүсіндердің жиі кездесуінің сыры осында жатыр. Кейін тас бәдіздер құлыптастарға айналады. Қысқасы, адам бейнесін салу көзден бұлбұл ұшады. Дін таратушылардың тас мүсіндерде қандай ала алмай жүрген өші бар дейсіз бе? Бұл ұрпақтарға айбынды ата-бабаларын еске түсіріп, ұлттық кодын оятатын қасиетті ескерткіштер еді. Бұл ескерткіштерді қою дәстүрі құртылмай, тамырға балта шабу мүмкін емес еді... 
Таксист ағамыз Қабанбай батырдың жалған суретімен алданып жүр. Бір күні біреу шындықты тура айтып, асау көңілін құлазыта ма деп қорқамын. Қазақ жеріне келген діни дүмшелік болмағанда осы ағамыз Қабанбай батырдың шын бейнесімен мақтанып, аруақтанып жүрер ме еді, кім білсін! Көңілімде жайсыз күй сезініп таксиден түсіп қалдым» деп атап өткен ол.

Бұл орайда, желі қолданушылары түрлі пікірлер айтып, екі жақ болып айтысып жатқанда, журналист Ермұрат Бапи бұған жауап ретінде нақты мынадай ұсыныс жасады:

«Негізі, әзірге әскери құпия саналатын Қытай архивтерінде біраз батыр бабаларымыздың қолмен салған суреттері сақтаулы жатқанына күмәнім жоқ. арыға бармай, соңғы мың жылдық тарихты қарасақ, қытай елі көшпенді түркілерден әбден зәрезап болған. Арғы тарихта Ұлы қытай қорғанын салуы да осы түрік тайпаларынан қорғанудың амалы болған.
Енді қараңыз: осы көшпенділер әбден ығырын шығарған қытайлар тайпалар тарихын зерттейді, саудагер, бақсы-балгер атымен ішкертін Ұлы далаға барлаушылар (шпион) жібереді. Олар өз мәліметтерімен бірге тайпа көсемдері мен батырларының суреттерін салып әкеледі. Ал ол суреттер кейіпкердің бейнесіне өте ұқсас екені даусыз. 
Міне, біздің елдің басшылығы тәңіршілдік пен шаманизм тарихын зерттейміз деген сылтаумен Қытайдың архивтеріне ғалымдар жіберу жөнінде келіссөздер жүргізуі керек. Бұл арада мемлекттің түпкі саяси мүддесін сездірмеу үшін, Тәңіршілдікті зерттеу институты сияқты бейтарап мекеме ашу керек шығар. Осы мекеменің ғылыми бағытын желеу етіп, біз қытай барлаушылары жинаған көшпенділер туралы жазбалар мен суреттерге (схемалар мен пландар) қол жеткізуіміз керекі».

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер