Форумның алғашқы күні сағат 9:00-19:00-ге дейін 7 авторлық шеберлік дәрістері жоспарлануда.
Шараның алғашқы шеберлік дәрісін «#Hashtag our stories» компаниясының негізін қалаушы Юсуф Омар бастады. Дәріс тақырыбы: «Мобильді журналистикадан әлеуметтік виртуалды шындыққа дейін». Ол жаңа тенденциялар, тоқсан тоғыз тараптан шынайы мәліметті теріп, әп-сәтте әлемнің кез-келген түкпірінен ақпарат алу мен тарату мүмкіндігі туралы баяндады.
Ю.Омардың шеберлік дәрісіне жиналғандардың дені көп болды. Сондай-ақ, ол «замануи мультимедиа» туралы білгенімен бөлісіп, қатысушылар сұрақтарына жауап берді.
«Жеті миллиард адам қазіргі таңда өз ұялы телефондары арқылы жаңалықтар жаршысы бола алады. Ақпараттық технология дамыған заманда дәстүрлі БАҚ-тың атқарар ролі қандай? Менің ойымша, дәстүрлі БАҚ өкілдері аналитика мен контекстке негізделу керек. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері фейк жаңалық пен ақиқаттың ара-жігін ажырата білуі тиіс. Бұл қағидалар медианарықтың әлемдік орнын сақтап қалуға қызмет жасайды», - деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, тәуелсіз сарапшы Саясат Нұрбек мектеп бағдарламасына ақпараттық сауаттылықты арттыратын пәндерді енгізуді ұсынды.
«Қазіргі таңда ақпаратты даярлау мен оны шығару мерзімі қысқарып кетті. Бұрын журналистер үшін ақпарат жинау қаншама уақыт алатын, оларға редактор тапсырма беретін. Қазір жарты сағаттың ішінде жеке субъективті пікірі мен эмоциясына негізделген блогердің жазған ақпаратын бір сағаттың ішінде мыңдаған, миллиондаған адам көреді де, сол пікірге сүйенеді. Дәстүрлі БАҚ-тың ішкі өндірісінің өзі өзгеріп жатыр. Ақпарат даярлау ақпаратты тексеру, жалған хабар деген қазіргі таңда өте көп. Неге десеңіз эмоцияға негізделген жалған хабарға сену де оңай болып кетті, сондай-ақ жаңа технологиялардың арқасында тез таралады», - деді сарапшы.
Шараның алғашқы күнінде бұдан өзге 6 авторлық шеберлік сабақтары жоспарланып отыр.
Журналистерге тегін шеберлік дәрістерін өткізу Форумның Әлеуметтік серіктесі - “Samruk-Kazyna Trust” Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асып отыр.
Форум өз тарихында 6000 аса шетелдік қатысушыларды, олардың қатарында танымал журналистер, белгілі саясаткерлер, мықты экономистер, нобель сыйлығының лауреаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен кәсіпкерлерді Қазақстанға жинады.
Бұл ретте, шетелдік спикерлер Қазақстанның әлем алдындағы беделінің күн санап артып келе жатқандығын алға тартты.
Еске сала кетейік, форум барысында 300-ден аса шетелдік және отандық БАҚ өкілдері форум жаңалықтарын шартарапқа таратуда.