Медицина ғылымдарының докторы Жәдік Шенолдың есімі Германияда кең таралған. Әлия, Нәйла, Рана және Мұхаммад үшін Жәдік Шенол қарапайым әке болса, Германия қоғамы үшін бұл есімнің атағы зор. Жеті тілді жетік білетін Киль университеті ауруханасының нейрохирургі Жәдік Шенол - Қазақстанда көп болмаса да, ана тілін ұмытпай, ұлықтап жүрген азаматтардың бірі. Тіл ғана емес, білікті қазақ азаматы - адамның ең күрделі әрі құдіретті ағзасы - ми және мидың сан түрлі тамырына ота жасайтын Еуропадағы білікті бірегей маман. Ол Азия, Америка елдеріне де жиі барып, осы саладағы танымын тереңдету жолында тынымсыз тер төгіп келеді.
«Нейрохирургиядан басталған тәжірибеме 20 жылға жуық уақыт болды. Мен барлығын тізбектеп отырамын. Қазірге дейін 4 мыңнан астам ауруға нейрохирургиялық ота жасадым. Оның ішінде мидың ісіктері, мидың тамырындағы аурулар, миға қан құйылған жағдайларда жасаймын. Сонымен қатар гидроцефалияда, яғни жұлындағы ауруларда да операция жасаған кездерім көп», - дейді медицина ғылымдарының докторы Жәдік Шенол.
Жат елде дүниеге келгеніне қарамастан, дәрігердің төрт құлыны да қазақ тілін жетік білетін болып шықты. Қазақша әнді де нақышына келтіріп орындайды. Жалпы бала дегенде, жаны бөлек Жәдік аға қазақ балаларына бүйрегі бұрып тұратынын жасырмады. Кейбірін тіпті тегін емдесе керек. Елден келген науқас жол, ауруханадағы жатын орын мен дәрі-дәрмек шығынын өтесе жеткілікті. Тілі немісше таза, алайда түрі мен қою қара шашына қарап, әлемнің әр түкпіріндегі науқастар «ұлтыңыз кім?», - деп сұрайды екен кейде. Мұндай сәтте дәрігер «қазақпын», - деп мақтанышпен жауап беретінін айтады.