БАҚ туралы заң
Бала құқын қорғау. Жоба әлдебір жағдайда жәбірленіп, зардап шеккен бала туралы ақпаратты жариялауға жол бермеуді талап етеді. Яғни, жәбірленуші баланың және оның әке-шешесінің аты-жөнін, суретін, видеосын, аудиоға жазылған дауысын, сонымен қатар, туған уақыты, туған жері, тұратын жері, оқитын немесе жұмыс істейтін жері туралы мәліметтерді БАҚ-та немесе байланыс желілері арқылы таратуға тыйым салады (2-бап).
БАҚ жұмысын тоқтату. Сот шешімімен бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-басылымдардың жұмысын да тоқтату мүмкіндігін қарастырады. «Тоқтату» дегенде қолданыстағы заң басылымның немесе теле-радиохабардың бір немесе бірнеше санын шығартпау және таратқызбауды айтады. Жоба оны «тоқтатуға негіз болған себептерді жойғанға дейін» деп кеңейтуді ұсынады (10-бап).
Ақпарат құралдарын және блогерлерді тіркеу. Қазақстанда жұмыс істейтін газет-журналдар, мемлекеттік сектордағы субъектілердің интернет-сайттары және ақпарат агенттіктерінің сайттары міндетті түрде тіркелуі тиіс. Желілік басылымдарды тіркеу ерікті түрде жүреді («Желілік басылым» ұғымына интернет-сайттар және блогерлер кіреді).
Хаттар. Заңдарға қайшы келетін оқырман хаттарын БАҚ-та жариялауға жол бермеу. Оқырман хаттарына интернет-басылымда қолданушылар жазып қалдырған пікірлер де жатады (17-бап).
Мемлекеттік органдардың БАҚ алдындағы міндеті. Мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат беруге міндетті. Егер ол мемлекеттік құпия болмаса. Бұл талап қолданыстағы заңда да бар. Жаңа талап қабылданса, ақпарат беру туралы өтінімге БАҚ-тың бас редакторы немесе басқа да өкілетті адамы қол қоюы керек болады (18-бап).
Журналист кей мәліметтерді ауызша сөйлесіп біле алады. Олар:
1) Мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалардың жұмыс кестесі;
2) Мемлекеттік органдар мен оларға қарасты бөлімшелердің пошта, электронды пошта мекенжайлары, анықтама қызметінің телефондары және олардың басшылары туралы ақпараттар;
3) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдау тәртібі;
4) өтініштер мен шағымдарды қарау тәртібі;
5) мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі;
6) сот істерін қарау кестесі;
7) мемлекеттік сатып алулар, тендерлер, аукциондар өткізу уақыты мен орны;
8) жергілікті қоғамдастықтың жиналыс уақыты мен орны, онда қаралатын мәселелер;
9) лауазымды бос орындар туралы ақпарат алуға қажет телефон нөмірлері (18-бап).
Өзгерістер мемлекеттік органдардың бәрінде БАҚ-пен жұмыс істейтін бөлім немесе лауазымды қызметкер болуын міндеттейді. Бұл қызметке журналистикаға қатысы бар салада білімі бар адам тағайындалады. Сонымен қатар, мұнда БАҚ-пен жұмыс бөлімінің атқаратын қызметі мен міндеті нақты көрсетілген (18-бап).
БАҚ міндетті түрде және тегін жариялауы тиіс материалдар: белгілі бір БАҚ-тың өзіне қатысты сот шешімі; төтенше жағдай енгізілгені туралы және террор қаупіне қатысты өкілетті органдардың хабарламасы.
Терістеу. Өзгерістер ар-намысқа тиетін ақпараттарды терістеу тәртібін бұрынғыдан гөрі кеңейтуді және нақтылай түсуді ұсынады. Мысалы, өзінде шыққан мәліметтерді терістеген кезде БАҚ ненің шындыққа сай келмейтінін анық көрсетуі тиіс. Баспасөзде ол «Терістеу» деген тақырыппен, терістеліп отырған материалдың шрифтімен, соның орнына жариялануы керек. Теле-радиода болса, тәуліктің сол терістеліп отырған хабар шыққан уақытында және сол хабарда шығуы қажет (19-бап).
Журналист міндеттері. Журналист міндеттеріне алынған ақпараттардың растығын тексеруді қосу. Сонымен қатар, асырап алу құпиясы және дәрігерлік құпия туралы мәліметтерді азаматтың жазбаша рұқсатынсыз бұқаралық ақпарат құралдарында жарияламау (егер ол мәліметтер бұған дейін заңды түрде жарияланған болса, бұл тыйым жүрмейді) (21-бап).
БАҚ туралы заңды бұзғаны үшін жауапқа тартуға негіз болатын әрекеттер. Жәбірленген бала туралы мәліметтерді рұқсатсыз жариялау (Бала 14 жасқа толған болса оның өз келісімімен, 14-ке толмаған бала болса, оның заңды өкілдерінің рұқсатымен жарияланады. Ал егер баланың, я оның өкілдерінің рұқсатын алу мүмкін болмаса немесе заңды өкілі қылмысқа күдікті немесе айыпталушы болса, рұқсатсыз жария етуге болады) (25-бап).
Қай жағдайда шындыққа сай емес мәлімет таратқаны үшін жауапкершілікке тартылмайды. Ол мәлімет ресми немесе ақпараттық хабарламаларда, тиісті органда тіркелген өзге бұқаралық ақпарат құралының хабарында жария етілген болса (жәбірленуші бала туралы мәліметтерді қоспағанда); БАҚ-тың сұрауларына берілген жауаптарда бар болса; мәлімет ақпарат агенттіктерінен, интернет-басылымдардан, жарнама берушілерден және жарнама жасаушылардан алынған болса; адамдардың сөзін өзгеріссіз жария ету арқылы берілген болса; тікелей хабарларға қатысушылар айтқан болса немесе бұл заңға сәйкес өңдеп-өзгертуге жатпайтын материалдарда кездескен болса (26-бап).
Жарнама туралы заң
Сыра немесе шараптың жарнамасы. Өзгерістер сыра мен шараптың жарнамасын отандық БАҚ-та белгілі бір көлемде көрсетуге рұқсат беруді ұсынады. Мысалы, оларды теле-радиоарналарда таңғы сағат 7 мен түнгі сағат 12 аралығынан басқа уақыттарда көрсету. Алайда, демалыс және мейрам күндері жарнамалауға тыйым салу (8-бап).
Газет-журналдарда (балаларға арналған және діни басылымдардан өзге) сыра мен шараптың жарнамасын беру. Шет елдерде өндірілген сыра мен шараптың жарнамасын отандық газеттердің бірінші және соңғы беттерінде, журналдардың мұқабасында жарияламау (9-бап).
Сыра немесе шарап жарнамасында дене еңбегі және автокөлік жүргізуді көрсетпеу, ол жарнамаларға балалар мен әйелдер түспеуі (оның ішінде анимациялық жарнамада); жарнама балаларға арналмаған болуы керек. Сонымен қатар, олар алкогольдің емдік қасиеттері бар деген пікір туғызбайтын немесе алкогольді мөлшермен ішуге шақырмайтын; арақ-шарап ішпегені үшін сынап-айыптамайтын болуы тиіс.
Жарнамада сыра немесе шарапты көп ішудің зияны туралы ескерту болуы, ол ескертуге жарнама көлемінің кемінде 10%-ы берілуі керек (13-бап).
Байланыс туралы заң
Желілік мекенжай (сетевой адрес) – телекоммуникация желісінде жұмыс істейтін құрылғының өзіне тән идентификаторы (жаңа түсінік, 2-бап).
Мемлекеттік органдардың құзыреті. Мемлекеттік органдар телекоммуникация желісі арқылы Қазақстанда тыйым салынған ақпараттар таратылған жағдайда өкілетті органға хабар береді. Онда ақпаратты таратушы интернет-басылымның желідегі мекенжайы, ақпарат бағытталған мекенжайлар, заңсыз ақпарат тарату үшін қолданылған абоненттік құрылғылардың идентификациялық кодтары көрсетіледі. Бұл мәліметтердің растығы үшін мемлекеттік органның басшысы немесе оның орынбасары жауап береді (8-бап).
Байланыс қызметін пайдаланушы құқын қорғау. Тұрғындарды интернетке қосушы операторда балаларға зиян ақпараттарды шектей алатын техникалық және бағдарламалық мүмкіндіктер болуы тиіс. Мұндай мүмкіндікті оператор абоненттің келісімімен іске қосады. Ал интернет көпшілікке ортақ болатын орындарда аталған функциялар абоненттің келісімінсіз, міндетті түрде орнатылады (36-бап).
Байланыс операторлары Қазақстандағы абоненттер мен қолданушылар жайлы қызметтік ақпаратты жинап, сақтайды. Ол мәліметтерді Қазақстан шекарасынан шығаруға болмайды (халықаралық байланыс қызметін немесе роуминг қызметін көрсетуде берілетін қызметтік ақпарат болмаса) (36-бап).
Байланыс операторларына қызметтік ақпаратты жинап, сақтау жүйесіне енгізілмеген абонентке байланыс қызметін көрсетуге тыйым салынады (40-бап).
Теле-радиохабарларын тарату туралы заң
Балалар телебағдарламасы – 12 жасқа дейінгі балалар үшін жасалған, осы топтағы балаларға лайық сюжеті бар телебағдарлама.
Білім беретін бағдарлама – кең ауқымды аудиторияға арналған, мазмұны телекөрерменді оқытып-үйретуге бағытталған, қоғамның ғылым мен мәдениет, өнер, өндіріс сияқты бір саласы бойынша нақты білім беруде өзіндік маңызға ие телебағдарлама.
Осы бапта жарнаманың телебағдарламаға жатпайтыны нақтыланады (1-бап).
Ұлттық теле-радионың мүддесін қорғау. Отандық телеарналардың бір аптада көрсететін хабарларында отандық телехабарлардың үлесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 50%-дан кем болмауы.
Отандық радиоларда бір аптада эфирге шығаратын хабарлардағы отандық хабарлар мен Қазақстан авторлары шығарған немесе орындайтын ән-күйлердің үлесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 45%-дан кем болмауы, ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 50%-дан кем болмауы (28-бап).
Теледидарда мүгедектер мүддесін қорғау. Жергілікті уақыт бойынша сағат 16.00 мен 00.00 аралығында жаңалықтарға арналған кемінде бір хабар сурдоаудармамен немесе субтитр арқылы аудармамен беріледі.
Телеарналарда міндетті түрде көрсетілуі тиіс хабарлар сурдоаудармамен немесе субтитр арқылы аудармамен беріледі (30-бап).
Ақпараттандыру туралы заң
Интернет-басылымдағы жеке мәліметтер. Қолданушы интернет-басылымда ақпарат жариялауы үшін оның иесімен келісім жасауы тиіс. Келісімнің мынадай түрлері ұсынылады: жазбаша қағаз формасында, электронды құжат түрінде («электронды үкімет» порталындағы идентификация арқылы) немесе тіркелген ұялы телефон нөмірінен смс-хабарлама жіберу жолымен.
Қолданушы ақпаратты өз атынан да, лақап атпен де орналастыруына болады. Интернет-басылым иесі келісімдегі мәліметтерді сақтауы және келісім бұзылғаннан кейін де үш ай сақтауы керек (36-бап).
Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекс
Өзгерістер жаңа талаптарды орындамағаны немесе бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуды қарастырады. Мысалы, БАҚ туралы заңда көрсетілген жәбірленуші бала туралы мәліметтерді таратқаны үшін жеке адамдарға – 20, лауазымды тұлғаларға – 25, шағын кәсіпкерлік ұйымдары мен коммерциялық емес ұйымдарға – 50, орта кәсіпкерлік ұйымдарына – 100, ірі кәсіпкерлік ұйымдарына 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды ұсынады (451-бап).
P.S. Жоба, сонымен қатар, ақпаратқа қатысты заңдардан көптеген тармақтарды алып тастауды қарастырады. Барлық өзгерістер ұсыныс ретінде. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі беделді пікірлерді ескеру мақсатында жобаны қоғамның талқысына салып отыр.
Ержан Әбдіраман, «Егемен Қазақстан»