Ол басылым тілшісінің «Жаңа заң жобасы бойынша ақпаратта «үгіт-насихат» болмауы тиіс делінген. Оған не дейсіз?» деген сауалына:
«Мен «үгіт» ұғымына берілген түсініктемені оқып шықтым. Онда тағы да нақтылық жоқ. «Үгіт» дегеніміз не? Мәселен, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауын насихаттамауымыз керек. Жақсы, дұрыс. Бірақ ақпаратта оның қаза болу себебі айтылады ғой. Немесе компьютер ойындарының зияны туралы айтылады ғой. Бұны біз не деп түсінеміз?! Насихат әлде қоғамды сақтандыру. Яғни нақты критерийі жоқ, нақты анықтама берілмеген. Бұның соңы да жаппай сотқа сүйреумен аяқталатыны анық» деп тұжыра атап өткен.
«Үгіт» дегеніміз не?
Сондай-ақ, Т.Калеева «Ал веб-басылымдар да комментарий, яғни пікір қалдыру үшін міндетті түрде тіркелу талабын қалай түсінуге болады? Бұл интернет журналистикадағы пікір алуандығына кесірін тигізбей ме?» деген сауалға:
«Бұл тіркелу тек сол сайттың әкімгері арқылы ғана жүзеге аспайды. Кез келген мақаланың астына пікір қалдыру үшін электронды үкімет порталы арқылы тіркелуің керек. Немесе сайт әкімшілігіне хабарлама жіберіп, біржолғы тіркелу паролін аласыз. Бұл пароль барлық жазылатын пікірге жарай ма, жоқ әрбір пікір жазған сайын алып отыру керек пе? Бұл хабарламалар ақылы ма, жоқ ақысыз ба? Ол жағы да айқын емес» деп бұл мәселеге де қатысты өзіндік сыни ойын білдірген.
Айта кетейік, «Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламент мәжілісінің екінші оқылымында мақұлданып, Сенатқа жолданды.