ҰБТ: Бақ пен бап
24.05.2018, 18:07

ҰБТ: Бақ пен бап

Биылғы оқу мерзімі де аяқталуға таяу. 25 мамыр – соңғы қоңырау. Күзде мектеп табалдырығын аттаған әрбір түлек мамыражай мамыр келсе, демалысқа асығады. Асықпайтын бір ғана сынып бар, ол – мектеп бітіруші түлектер. Алда – ҰБТ. Жоғары оқу орнына түсуге талпынған әрбір бала ҰБТ тапсыруға міндетті. Тапсырғысы келмейтіндер болса, ол да өз еркі. Баланың қалауы да ескеріліп отырады. Әрине, кез келген ата-ана баласының жоғары білімді азамат атанғанын қалайды. Әрі кәмілет жасына толған жеткіншектің өз елінің бір кірпіші болып қаланса дейді.

Дұрыс-ақ. Мектеп бітіруші әр түлектің ҰБТ тапсыруға құқығы бар. Ол – ма­мандық таңдауға мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Әрі түлектің одан кейінгі тағдыры да осы бірыңғай Ұлттық тестіге байланысты. Жыл сайын ҰБТ басталар шақта ата-аналар тарапынан көптеген сауалдар туындап жатады. Соңғы жылдары жасөспірімдер арасында «қаулап» бара жатқан суицид мәселесінің де бір ұшын ҰБТ-ға тірейтіндер жоқ емес. Қауіптің бәрі ҰБТ-дан деуден аулақпыз.

Дегенмен әр баланың психо­логия­сына тесттің де тигізер әсері бар. ҰБТ тапсырылар бір ай ішінде ғана емес, 11-сынып оқушылары жыл бойы осы стрес­спен өмір сүреді. Өйткені сынама тест тапсыру мәселесі орта мектептерде, гимназияларда жыл басынан басталады. Кей мектептерде жылына екі рет өткізілсе, кей мектептерде оқушы апта сайын тест тапсыруға мәжбүр. Бұл – баланың психологиялық дайындығын тексеруге таптырмайтын құрал болса, екінші жағынан, Ұлттық бірыңғай тестті меңгеру үшін де қажет.
Алайда мектепішілік тест өткізу бағдар­ла­малары қалай жүзеге асырылады? Соңғы жылдары тест кітапшаларын шығару жиілеп кетті. Бұл оқушыға қосымша құрал болары анық. Сондықтан оны пайдаланушылар қатары да күн өткен сайын көбейіп келеді. Ата-анаға бұл да қосымша шығын. Кемшілік қайдан туындайды? Мектеп басшылары да, мұғалімдер де өткен жылдардағы ҰБТ қорытындыларына, сынама тест нәтижелеріне жүйелі талдау жүргізе бермейді. Оқушылар ҰБТ-ға әзірлік барысында тиісті білім беру мазмұнын игерудің орнына шпаргалка мен ұялы байланыс телефонына көбірек сенім артады. Кейбір оқушылар осындай қосымша құралдар арқылы «алынбайтын асу, бағынбайтын қамал жоқ» деп есептейді. Тағы бір кемшілік – сынама тест арқылы дайындалған бала теориялық білімге көп мән бермейді. Тек тестілеу пункттерінде, сынама тестілеуде келетін сұрақтармен ғана дайындық жүргізеді, дайын кітапшадағы сұрақтарды жаттаумен шектеліп қалады. Бұл – сынама тесттің оқушыға тигізетін кері әсері.
Тағы бір дүние – 11-сыныпты бітіретін баласы бар әр отбасына түсетін салмақ басым. Ата-ананың жыл бойы ақылы тестке «шығын» шығаруға мүмкіндігі бар ма? Әр баласының несібесі үшін отқа да, суға да түсуге дайын ата-ана көп. Алайда тым «ысырапшылдыққа» жол беріп алған жоқпыз ба? Бүгінгі әлеуметті алаңдататын сауал – осы.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, 
сенатор:

Сынама тест мемлекет қаржысына өткізілгені дұрыс
– Санаулы уақыттан соң елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Министрдің мәлімдеуі бойынша, биыл 100 мыңнан асатын жас түлек тест тапсырады екен. Сынақты өткізуге қатысты мұға­лімдер, ата-аналар, психологтар арасында түрлі пікірлер айтылып жүр. Нақтырақ айтқанда, сынама тестілерді өткізу жиілігі турасында мәселе көп. Әлемдік үрдістерге көз салсақ, көп елдерде айына екі рет тапсыру үрдісі қалыптасқан. Ал бізде аптасына екі реттен тапсыратын мектептер де бар. Ол әрине, оқушы психологиясына кері әсер етеді. Баласының жиірек тапсырғанын қалаған ата-ана өз еркімен тестілеу орталықтарына барып, жазыла алады. Бұған кез келген ата-ана толықтай құқылы. Ресми түрде тапсыруға келер болсақ, айына екі рет өткізген жөн деп ойлаймын. Сонымен бірге, жиі сынама тест жасау кезінде ата-анаға салмақ түседі. Өйткені әр тест ақылы негізде өтеді. Оған кейбірінің материалдық жағдайы жетпеуі мүмкін. Осыны да ескергеніміз абзал. Сондықтан сынама тест өткізуді мемлекет өзі қаржы бөлсе, дұрыс болар еді. Жағдайы төмен отбасының балалары кейде қатыса алмай қалып жатады. Биыл мәселен, барлық мектеп бітірушілердің 70 пайызы ғана Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Әлбетте, қалған 30 пайызының ҰБТ-дан тыс қалуының түрлі себебі бар. Оның бір себебі ретінде тұрмысы төмен отба­сылардың материалдық жағдайын айта аламыз. Сынама тестілерге бара алма­ғандықтан, өз біліміне сенімсіз болуы мүмкін. Сондықтан осы мәселе
қаралғаны дұрыс.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, 
Edtech-kz халықаралық білім орталығының директоры:

Бір айда бір сынақ тапсырса да, жеткілікті
– Байқау тестін тапсыру – ата-ана мен баланың алға қойған мақсатына байланысты. Бұл сынамаларды өткізудегі мақсат – баланың дайындық деңгейін анықтау. Шындығына келгенде, айына бір рет тест тапсыру жеткілікті. Өйткені бір ай ішінде қай тақырыпты қайталау керек, қайсысын меңгеруді түсіне алады. Өзі үшін нәтиже шығарады. Сынақ өткеннен кейін әр бала білімін таразылауы керек. Осыдан барып білетінін ысырып қойып, білмейтініне көшеді. Аптасына бірнеше рет өткізу туралы айтар болсам, мұндағы мақсат – тестте келетін сұрақтарды жаттап алу. Сұрақ кітапшасындағыны жаттап алып, ол кейін тест кезінде келеді деген жалған үміт болады. Егер оқыған-тоқығаныңызды сараптап, жүйелі түрде білім алуды қаласаңыз, бір рет тапсырса­ңыз да жетіп жатыр. Жауаптарды жаттаумен айналыссаңыз, одан пайда жоқ. Өйткені сұрақ қалай түрленіп келсе де, жауабын біліп тұрған адам жақсы нәтиже көрсететіні сөзсіз. Мынадай мысал келтірейін, Қазақстан өз алдына егемен ел болып, 1991 жылы тәуелсіздік алды. Бұл ақпаратты білетін бала «Қазақстан Республикасы қай жылы Тәуелсіздік алды?» деген сұраққа да, «1991 жылы Қазақстанда қандай оқиға болды?» деген сұраққа да дұрыс жауап береді. Себебі, бұл тақырыпты оқыған, ойына түйген. Қанша жерден өзгертіліп келсе де, түпкі мәні оған таныс. Мүдірмей жауап беруге әзір. Енді тек жауап жаттаумен айналысқан баланы алып қарайық. Ол осыған дейін «Қазақстан Республикасы қай жылы Тәуелсіздік алды?» деген сауалға «1991 жыл» деп белгілеу керегін біледі. «1991 жылы Қазақстанда болған айтулы оқиға» деген сұраққа тосылып қалуы мүмкін. Өйткені бұрын-соңды мұндай сұрақты көрмеген. Байқадыңыз ба, мәселе сынақ тестілердің көп болу-болмауынан бұрын, берілген білімнің сіңімді болуында. Әркім өзі үшін тақырыптарды қараса, оқыса, бір айда бір тапсырса да жеткілікті.

Ермек НҰРЫМ, 
мектеп психологы:

Тестті әркім өз мектебінде тапсырса, нәтиже жақсарады
– Әр оқу жылының соңында Ұлттық бірыңғай тестің «жыры» басталады.
Бұл – әлі толыққанды бір жүйеге енбеген жүйе. Өйткені жыл сайын жаңартылып отырады. Оның өзі оқушылар үшін қолай­сыздық тудырады. Оқу жылы аяқталар тұста аяқ-асты жаңа заң енгізіледі де, оған білім алушылар бой үйретіп үлгермейді. Соның салдарынан жылаған баланы, түрлі жердің табалдырығын тоздырған ата-ананы көру қалыпты жағдайға айналып отыр.
Тест – оқушылар үшін қорқыныш. Жоғары көрсет­кішке ұмтыламын деп, баланың жай-күйін ойлауды ұмытып кететін сияқтымыз. Аудан абыройы үшін сабағы нашар оқушыны басқа мектепке ауыстыру, тест тапсыртқызбау сынды шаралар жүргізіледі. Яғни, бүгінде бәсеке үшін осылай жасайды.
Ал енді сынама тестілерге келсек. Көп мектептерде аптасына бір рет өткізіледі. Әлеуметтік тұрғыдан ата-аналарға салмақ түседі. Себебі, белгілі бір мөлшерде қалтадан қаражат кетеді. Енді осы шара қаншалықты оң нәтижесін береді? Соны ойлау керек. 1-сыныптан бастап жақсы оқыған бала мен 11-сыныпқа келгенде «оянған» баланың көрсеткіші қалай болады деп ойлайсыз?
Ең бірінші, іргетасы жақсы қалануына ден қою қажет. Екіншіден, психологиялық тұрғыдан талдасақ. Маман ретінде айтарым, оқушыларға апта сайын тест тапсыру өте қиын. Адам бір нәрсені жиі жасаған сайын мезі болады да, ақыры оның маңызын сезінбей кетеді. Сол сияқты, 4-5 рет тапсырғаннан кейін бала немқұрайлы қарап, «тездетіп тапсырып шықсам» деп қана ойлайды. Бұдан мектеп те, ата-ана да, бала да ұтылмаса, ұтпайды. Жалпы, бұл тестті қай жерде және қалай өткізген дұрыс? Бала психологиясын зерттей келе мынадай ұсыныс айтар едім. ҰБТ-ны әр мектеп өз ішінде өткізгені жөн. Себебі, оқушы мектебінде өзін барынша жайлы сезінеді.
11 жыл бойы оқыған жері, көріп жүрген ұстаздары ол үшін керемет атмосфера сыйлайды. Нәтижесінің жақсы болуы үшін бұл факторлар әсер етері анық. Бақылау мүшелері де сол мектеп ұстаздары болғаны жөн. Елімізде тестілеудің қалай өтетіні бәріне мәлім. Қатаң тексеріс, құқық қорғау қызметкерлері, осының бәрі балаға қысым жасайды. Ал қысым жағдайында нейрон жүйелерінің жұмысы бәсеңдеп, ойлау қабілеті тежеледі. Тіпті білетін дүниесін ұмытып қалуы мүмкін. Кей балалар көпшілік жерден қысылатыны, маңызды сынақтан қорқатыны бар. Өз-өзін жоғалтып алып жататыны содан. Бұл ұсынысқа қатысты жемқорлық одан сайын өрши түседі деп жауап беруі мүмкін. Десе де, амалын табамын деген адам университетте тапсырса да табады. Неғұрлым қысым көрсетілген сайын, тығырықтан шығу үшін жемқорлыққа барады. Алдыңғы кезекте балаларды еркіндікке үйрету керек. Сонда ғана нақты нәтиже көре аламыз.

Ғалымжан БАЛАТАЕВ, 
ата-ана:

Ауыл мұғалімдерінің білімін тексеру керек
– Ұлттық бірыңғай тестілеуге баланы мектеп қана емес, ата-ана да дайындауы керек. Онсыз болмайды. Биыл үшінші баланы ҰБТ-ға дайындап жатырмын. Үлкен балам грантпен оқуға түсті. Қарағанды медициналық академиясының 3-курс студенті. Екінші балам Шымкенттегі Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті, ақылы бөлімде оқып жүр. Грант жеңіп алуына 2 балл ғана жетпей қалды. Үшінші баламыз биыл ҰБТ-ға қатысады.
Өз басым балаларымды тоқсанаралық демалыстарда қалаға апарып, тестілеуге дайындайтын орталықтарда оқытып аламын. Баланың мектепте айына екі рет тест тапсыруы арқылы ҰБТ-ға дайындал­ғаны дұрыс. Себебі, сол тестілеу нәтижесіне қарап, бала өзінің білім деңгейін біліп отырады да, ары қарай дайындалады. Әр тестілеу алдында 400 теңгеден жинаймыз, ақшаны қағаз үшін деп алып жатады. Ол ақшаны беруге қарсы емеспін. Себебі, ол баланың болашағына құйып жатқан инвестициямыздың жанында теңізге тамған тамшыдай ғана. Міне, соңғы екі айда айына 4 рет тест тапсырды. Өзіміздің мектептен бөлек, басқа ауылдардың, аудан орталығындағы мектептерге барып та тапсырып жүр. Сонда байқағанымыз, өз мектебінде жинаған балдан 10-20 балл төмен алады екен. Соған қарағанда, өз мектебінде телефон қарауға қысым жасалмайды-ау деп ойладым. Оның үстіне, ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің баланы ҰБТ-ға дайындауға білімі жете бермейді. Оны мойындауымыз керек. Әсіресе, ағылшын, орыс, математика және физика пәндерінен өте аз балл алады. Ауыл мұғалімдерінің білімін қатаң тексеріп, сынақтан өте алмағандарын жұмыстан босату керек шығар. Оларға жағымпаздану­дың қажеті жоқ. Себебі, кім болса да, алған айлығын ақтауы керек.

Сауалнама

Сынама тест тапсыру қажет пе, жоқ па? Біз бұл сауалды әлеуметтік желі қолданушыларына қойған едік. 
Досбол Қыстаубаев: «Сынама тест ақылы болмауы тиіс».
Арман Шымбай: «Тест тапсыру немесе тапсырмау – оқушының өз еркінде».
Бақыт Қабдағалиева: «Сынама тестің жүзеге асқанына бірнеше жыл болды. Ақылы тест тапсыруға таңғалуға болмайды». 
Айтжамал Әшірбекова: «Ақылы сынама тестті 11-сынып қана емес, 9-сыныптың оқушылары да тапсырып жүр».
Бағила Ахметова: «Төртінші сыныптың да оқушыларына тест тапсыртады. Баланың білімін анықтау үшін мұндай сынама тест өткізу қажет деп ойлаймын».

P.S.

Мектептерде ай сайын сынама тест өткізіледі. Сынама тесттің де қоры­тын­дылары «құбылып» тұрады. Бір тест сынағында жоғары балл жинаған бала келесі ай­да мүлдем төмендеп кетуі мүмкін. Демек, бұл да – оқушы үшін стресс. Ал жыл он екі ай бойы өткізілетін сынама тесттің қорытындысын елестетіп көріңіз. Яғни, әр бала жыл он екі ай осындай стрессті бастан кешеді. Жыл соңында Ұлттық бі­рың­ғай тестілеу кезінде «күйзелістен» шыға алмай қалу қаупі туындайды.
Кейбір жекелеген мектептерде сынама көрсеткіштері төмен деңгейде болса, кей мектептерде бұл көрсеткіш тіптен жоғары. ҰБТ-дан соң кей ата-аналардың «Ба­лаларымыз жыл бойғы сынама тесттен жоғары балл жинап келіп еді. ҰБТ-дан төмен алып қалды» деп қапаланатыны да – сондықтан.
Ақылы тестті жиі өткізген дұрыс па, жоқ па деген сауалымызға әлеу­меттің пікірі екіге жарылды. Қажет дейтіндер де, керексіз санайтындар да көп. Олардың ойынша, сынама тесттің тигізер пайдасы да, зияны да жоқ емес. Яғни, ба­ла дайындығын тексеру үшін сынама тестті өткізу де қажет шығар.
Мектепішілік сынама тест өткізуден бөлек, ақылы тестілеу орталықтары қан­­шама?! Жыл бойы бала осындай орталықтарда қосымша тест тапсырады. Білі­­мін жетілдіреді. Мұндай орталықтар қосымша ақша шығынын талап етеді. Олар тестті бизнес көзіне айналдырып алған. Нарық заманында көштен қалмау ке­­рек шығар, алайда нәтиже қандай?!
Басты міндет – көрсеткіште. Білім бәсекесінде белгілі бір дәрежеде көр­сеткішке ие бола алмасақ, ұтылғанымыз. Сұраныс болғандықтан, мұндай ор­талықтар көбейіп жатыр. Әрі онда барып, білім алатын оқушылардың да саны ар­тып келеді. Демек, сынама тест өткізу де, тестілеу орталығы да қажет. Ба­ласының болашағы үшін ата-ана кез келген «сынаққа» дайын деген сөз.
Әлеумет пікірін сараптай келе мұндай «тексерулерді» ата-анаға салмақ сал­май­тындай етіп, тегін жасауға не кедергі деген ой түйдік.

 

Гүлзина БЕКТАС, Жадыра АҚҚАЙЫР

Дереккөз: aikyn.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер