Дарынды журналист Рахат Мамырбек 20 желтоқсан күні өмірден өтті.
Ол 1978 жылы 10 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Тарбағатай ауылында туған. Алматы мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетін бітірген.
Журналистикадағы қызметін 2001 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан бастаған. Ол «Мезгіл» және «Күлтөбе» хабарларының жүргізушісі болды. Кейінгі жылдары «31», «КТК», «Алматы» телеарналарында қызмет етті. 2010 жылдан бері «Азаттық» радиосында веб-редактор болған еді.
39 жастағы журналистің артында жары мен 5 баласы қалды.
Құман Тастанбеков ©tengrinews.kz“Қыз Жібек” фильміндегі Төлеген рөлімен көпшіліктің жүрегін жаулаған белгілі кино және театр актері, Қазақстанның халық артисі Құман Тастанбеков 17 желтоқсан күні 72 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Актер 1945 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетін бітірген соң, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа тұрады.
Сахнадағы негізгі рольдері: О. Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» Жан, «Вьетнам жұлдызындағы» Ұшқыш, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Тәңірберген, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» Ақан, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Шоқан, Т. Ахтановтың «Антында» Сауран, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Әлібек, Т. Ахтановтың «Жоғалған досында» Естемесов, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» Қасым, «Ақ кемесінде» Құлбек, Е. Домбаевтың «Біздің кластың қыздарында» Төлеген, Б. Мұқайдың «Өмірзаясында» Цезарь, Ф. Эрвенің «Түлкі бикешінде» Флоридор, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында» Фархад, Жұлдызшы, Еврипидтің «Медеясында» Ясон, Шахимарденнің «Томирисінде» Балқаш, С. Торайғыровтың «Қамар сұлуында» Омар, С. Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Жақыпбек, Т. Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» Жалғасбек, Б. Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Қария, М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясында Андрей, Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Штейниц, Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Монтекки, Д. Кобурнның (ауд. Е. Аманшаев) «Жынойнағында» Веллер Мартин (реж. Е.А маншаев, А. Кәкішева), А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасында (ауд. Ә. Бөпежанова, реж. Р. Андриасян, А. Кәкішева) – Кулыгинді сомдады.
Әйгілі актер театрмен бірге кино өнерін де қатар алып жүрді. Ол – атақты «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген ролімен жұлдызы бірден жанған актер. Бұдан кейін де көптеген фильмге – «Біздің Ғани» (1971), «Қыс – суармалы кезең емес» (1972), «Мұнда аққулар ұшып келеді» (1973), «Аққулар жаңғырығы» (1974), «Қосымша сауалдар» (1978), «Ағамның қалыңдығы» (1979), «Провинциалды роман» (1981), «Қараша қаздар қайтқанда» (1981), «Өрнек» (1982), «Алаң жиегінде» (1982), «Кімсің сен, салт атты?» (1987),«Адам-жел» (2003), «Махамбет» (2008) т.б. фильмдерге түскен.
Ол Қазақстанның халық артисі (1993), КСРО Кинематографистер одағының мүшесі (1991), Қазақстан Лениндік комсомолы сыйлығы лауреаты (1976), «Құрмет» орденінің иегері (2008), ҚР Тәуелсіздік күніне орай Алмалы ауданының әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық, саяси өміріне қосқан үлесі, жоғары кәсіби біліктігі мен азаматтық белсенділігі үшін марапатталды (2015), «Парасат» орденінің иегері (2016).
Актермен қоштасу рәсімі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтті.
Тимур Сегізбаев ©sportsffa.kz15 желтоқсанда қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаев өмірден өтті. Ол «Қайрат» футбол клубының капитаны болған.
Тимур Сегізбаев 1941 жылы 12 мамырда Семейде туған. «Қайрат» фк құрамында 12 маусым ойнап, барлығы 212 ойын өткізкен. Жарақатына байланысты 1970 жылы мансабын аяқтаған.
Әйгілі футболшының мүмкіндігін ресейліктер де мойындаған. 1964 жылы 26 тамызда “Қайрат” пен “Спартак” кездесіп, 2:0 есебімен жеңген. Сол екі голды да Тимур Сегізбаев соққан еді.
КСРО Спорт шебері, ҚазССР және ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, Мемлекеттік спорт қайраткері, ҚР ҰОК-тің орден иегерінің жүрегі 76-дан асқан шағында тоқтады.
Геннадий Бендицкий ©ratel.kzТанымал журналист Геннадий Бендицкий 3 желтоқсанда Минск қаласындағы ауруханада жан тапсырды. Ол ұзақ жылдар бойы «КТК» арнасында еңбек етіп, кейін «Время» газетіне ауысқан. Соңғы жылдары Ratel.kz ақпараттық ресурсында жұмыс атқарды. Ол журналистік зерттеу мақалалары үшін бірнеше жүлденің иегері атанған.
Бендицкий 47 жасында көз жұмды. Журналистің артында әйелі мен екі баласы қалды.
Мұзафар Әлімбаев ©Inform.kzКөрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев 26 қараша күні 95 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданында дүниеге келген. ҚазМУ-ді тәмамдаған. Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрген. Соғыс жылдарында республикалық, облыстық және майдандық газеттерде басылып тұрды.
1948 жылы әскерден оралған соң, «Пионер» журналында поэзия бөлімін басқарады. 1956-1958 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен 1986 жылға дейін журналдың бас редакторы болды.
Алғашқы кітабы «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шықты. Содан бері бірнеше ондаған кітабы, бірнеше дүркін таңдамалылары, туысқан халықтар тілінде көптеген жинағы шықты.
Жүз сексен әнге өлең жазды. 64 төл тума және аударма кітаптардың авторы.
Шығармалары 20 тілге аударылған. Соның ішінде орыс тілінде 6 кітабы, түрікмен тілінде «Мен – түрік мейманы» (1963), қырғыз тілінде «Жолдар. Ойлар. Жырлар» (1966) жинақтары жарық көрген.
Көркем аударма саласында Сағдидың «Бостанын» («Жәннат» деген атпен), Петефи мен Тоқтағұлдың, Аполлинердің таңдамалы өлеңдер жинақтарын, Ю.Фучиктің «Дар алдындағы сөзін», Орбелианидің «Ғибратнамасын» және Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Ғ.Тоқай, М.Жәлил, Фирдоуси, Х.Әлімжанның өлең-жырларын қазақ тіліне аударған.
Төкен Ибрагимов ©inform.kzБелгілі жазушы, сыншы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, Абайтанушы Төкен Ибрагимов 78 жасында бақилық болды. Ол 34 жыл бойы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін басқарған.
Төкен Смайылұлы Ибрагимов бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы «Жаңа несіп» колхозының Кезеңшілік деген жерінде 1939 жылы дүниеге келген. 1958 жылы Алматыдағы КАЗПИ-дің тарих-филология факультетіне түсіп, оны 1964 жылы аяқтаған. Болашақ қаламгер өзінің еңбек жолын қарапайым ауыл жұмыстарынан бастаған.
1996 жылы Төкен Ибрагимовқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы беріліп, 1998 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.
Жұртшылыққа ұлы Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті жайлы зерттеу еңбектері арқылы кеңінен танымал қаламгер – «Өлең өрісі» (1979 ж.), 1999 жылы «Оймен оңаша» атты поэзиясы, «Индираға хат», «Толқын толғау» (2001 ж.) монографиясының, «Сағыныш», «Қара бұзау», «Сары құс» әңгімелерінің, «Жаза» операсының либреттосы т.б. екі жүзден астам әдеби-сын, әдеби зерттеу, абайтану еңбектерінің авторы.
Ләйлә Ғалиқызы ©qamshy.kzҚазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, мемлекет және қоғам қайраткері Ләйлә Ғалиқызы 7 қазан күні дүниеден озды.
Ләйлә Ғалиқызы Ғалымжанова 1924 жылы Петропавл маңында туған.
Мәскеуде Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында білім алған. Оқу бітірген соң Алматыда Жас көрермендер театрына қабылданады.
Кинодағы дебюті “Алтын мүйіз” фильмінен басталады. Осы фильмге түсіп жүрген кезінде лейтенант-артиллерист Зия Абдоллаұлы Қарауловқа күйеуге шығады. Екеуі бБір ұл, бір қыз өсірді.
Ол еңбек жолын актрисалықтан бастап, сценарист, телевидение режиссері, Қаз ССР кинематография жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрайымы, Мәдениет министрінің орынбасары, (1977-1981) Министр лауазымдарын абыроймен атқарды.
Жұмабек Кенжалин ©ytimg.comЖазушы-журналист Жұмабек Кенжалин 24 шілде күні 63 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Ол 1954 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы Жданов атындағы кеңшарда туған.
1971 жылы қазіргі Қостанай облысы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, әскерде болып, шаруашылықтарда жұмыс істеді.
1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тамамдаған соң, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. 1990 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1994 жылдың қаңтарына дейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.
1999-2006 жылдары «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» журналының Бас редакторы, 2009 жылдың ақпанынан «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Ол – «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011ж.) деп аталатын кітаптардың авторы.
Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының лауреаты (2006), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2004). Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі – академигі.
Бауыржан Нөгербек ©oner.kz27 маусым күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинотанушы Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек 70-ке қараған шағында өмірден озды.
Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек 1948 жылы 6 тамызда Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Ұлытау ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік кинематография институтының кинотану факультетін профессор Н.П.Туманованың жетекшілігімен тәмамдаған.
1981 – 1985 жылдары Қазақстан Кинематографияшылар одағы басқармасының хатшысы болған. 1993 жылдан қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясында 2000 жылдан профессор, 2001 жылдан кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. Ол қазақ мультипликациялық кино саласын («Ертегілерге тіл біткенде»), Қазақстанның мультипликациялық киносы, (1984), сондай-ақ кино өнерінің көкейкесті мәселелерін («Қазақстан киносы», 1998) зерттеумен шұғылданды.
Ол өнертану ғылымының кандидаты (1989 жылы), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999 жылы) еді.
Кәкеш Қайыржанұлы ©kazakh.people.com.cnҚытайдағы қазақ қаламгері, аудармашы, Қазақстандағы әдебиет сүйер қауымға жақсы таныс Кәкеш Қайыржанұлы 19 сәуір күні 76 жасында өмірден өтті.
Ол 1941 жылы Шыңжаң өлкесі, Іле қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келген.
Шыңжаң өлкелік партком кеңсе істер меңгермесінің аудармашылар басқармасы, Шыңжаң халық радиосының қазақ редакциясы, Шыңжаң телевизиясы қазақ бөлімінде қызмет еткен. Шыңжаң телевизиясы қазақ редакциясының алғашқы меңгерушісі болды.
Аудармашы «Калила мен Демина», «Осызаманғы шетел жазушыларының әңгімелерінен», «Сакья Муни», «Құран хикаялары» (Қазақстан «Жалын» баспасы көшіріп басқан) және «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» (Қаһарман Мұқанұлымен бірге аударған), «Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректер» (Әбділдабек Ақыштай, Шадыман Ақымет қатарлылармен бірлесіп аударған) сынды аудармалары жарық көрген.
Кәкеш Қайыржанұлы терминология, аударма, әдеби тіл, әдеп жүйесі секілді тақырыптарда қыруар құнды мақалалар жазды. «Ақпараттық әдеби тіл – ұлттық тіл мәдениетіміздің айнасы», «Сөздік құрылысымызға үңілсек» қатарлы мақалалары мемлекеттік және өлкелік 1 дәрежелі сыйлықты еншіледі.
Қаламгерге Мемлекеттік Кеңес үкіметтік ерекше стипендиат иегері атағы берілген.
Нұрғали Қойшыбаев ©stan.kzНұрғали Қойшыбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетінде ұстаздық қызмет атқарған. Энштейннің ЖСТ саласында 20-дан астам ғылыми зерттеу жұмыстары, 20-дан астам қазақ тілінде ғылым тарихы, ғылыми-көпшілік кітаптарын, оқулықтар жаздыү Олардың ішінде ҰБТ-ға арналған үш кітап, екі томдық физика курсы, қазақ тіліндегі тұңғыш 4-томдық жалпы физика курсы, Физика анықтамалығы, Л. Д. Ландау және Лифшицтің алғашқы екі томының қазақ тіліне аудармасы (Т. Ә. Қожамқұловпен бірге) жарық көрген.
Оны студенттері Эйнштейн ағай немесе жалаң аяқ ағай деп атайтын. Себебі Нұрғали Қойшыбаев қай жерге бармасын жалаңаяқ жүретін еді. Өзі БАҚ-қа берген сұхбатында өкпесі ауырғандықтан жалаңаяқ жүретінін айтқан. Айтуынша, дәрігерлер емдей алмаған дертті осылайша өзі жазған.
“Жалаң аяқ профессор” 15 сәуір күні 80 жасында өмірден озды.
Серік Сұлтанов ©atameken.kzСерік Сұлтанов – отандық фармацевтика және медициналық өндірістің негізін қалаған қоғам қайраткері. Ол 58 жасында өмірден озды.
Серік Егелұлы Сұлтанов 1959 жылы 9 қазанда Павлодар облысы Панфилов ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Павлодар педагогикалық институтын «математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын орта мектепте және Ертіс аудандық БЛКЖО хатшылығынан бастаған, одан кейін Павлодар облыстық БЛКЖО комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.
1990–1998 жылдары – «Мед-полимер» АҚ Бас директоры, 1998 жылдан бастап Дәрілік заттар сараптамасы ұлттық орталығының «Дәрі-дәрмек» РМКК бас директоры қызметін атқарған. 2002-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп комитетінің төрағасы болды. 2004 жылдан бастап «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» фармацевтикалық және медициналық өнім өндірушілері қауымдастығының басшысы және «Медициналық техника жеткізушілерінің қауымдастығы» ЗТБ төрағасы, сонымен қатар «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасы Фармацевтика, медицина өнеркәсібі мен медициналық қызметтер комитетінің мүшесі болған.
2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшелігінде, ал 2008 жылдан Қазақстан Республкасының Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі агенттігінің Сарапшылар кеңесінің құрамында және «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болды.
Ілесбек Аманов ©inform.kzЖелтоқсан көтерілісіне арналған «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Ілесбек Аманов 3 ақпан күні өмірден озды.
«Әннiң мәтiнiн жазған белгiлi ақын – Есенғали Раушанов. Жұлдыз журналын қарап отырып осы өлең жолдары көзiме оттай басылды.
Қара бауыр қасқалдақ
Қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидiң
Еңбегiндей былқылдап. …
Ұя қалса иесiз,
Айдын үшiн сол қайғы.
Қаңғып келген шүрегей,
Көлге пана болмайды, – деп ойын астарлап жеткiзген өлеңде автор қасқалдақ деп – Қонаевты, ал Колбиндi қаңғып келген шүрегей деп отырған астарын бiрден түсiндiм. Өлеңдi оқып отырып ән өзiнен-өзi шыға келдi. Бұл – 1987 жылдың 18 желтоқсаны болатын»,- деген екен Ілесбек Аманов көзі тірісінде «Жас алаш» газетіне берген сұхбатында.
“Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” (Абай)
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді (Жиренше шешен)