Ақпарат көзінің дерегінше, жерді мекендеген көптеген тайпалардың түсінігінде ағаш киелі саналатын. Мысалы, ежелгі римдіктер Сатурн құдайының құрметіне мереке жасап, сол күні үйлерін жасыл жапырақтармен безендіретін болған. Мұнда жасыл жапырақ - мәңгілік өмірдің символы ретінде қарастырылған. Римдіктердің өз батырларын 300-400 жыл өмір сүретін лавр жапырағымен марапаттауы да осы сеніммен тығыз байланысты.
Ежелгі Мысыр тұрғындары болса, желтоқсанның ең қысқа күнінде ұлан-асыр той жасайтын болған. Осы күні әрбір мысырлықтың үйінде пальма бұтақтарының тұруы міндетті саналатын. Олар оған өмірдің өлімді жеңуінің нышаны деп қараған.
Рейн мен Дунай өзенінің аралығын мекендеген ежелгі кельт тайпаларының абыздары емен ағаштарын кие тұтып, оған алма ілетін болған. Бұл дәстүр Еуропада нақтырақ айтсақ, Германия мен Скандинавия түбегін мекендейтін елдерде мұрты бұзылмастан сақталған. Кейін келе қарапайым ағаштар қыстыгүні жалаңаш қалатындықтан, шыршаны пайдаланатын болған. Бұл мемлекеттерде шырша безендіру XVII ғасырдан бастап, тұрақты дәстүрге айналды. Көптеген тарихи деректерде шырша безендірудің түп-төркіні неміс халықтарынан шыққандығы айтылады. Алғаш шырша да ХVI ғасырда Германияның Эльзас қаласында безендірілген екен.
Ал кейбір жазбаларда шырша қолданысқа енбес бұрын Еуропа халықтары өз мерекелерінде пирамида пішіндес ағаштан жасалған құрылғыларды пайдаланғандығы жазылған. Олар бұл құрылғының сөрелеріне тәтті-дәмділер мен сыйлықтар қоятын болған. Ал кейбір елдерде шие ағашы - Жаңа жыл сәні болған.
Жалпы, шырша туралы дерек XVI ғасыр жазбаларында кездеседі. Онда немістің Страсбург қалашығының бай-кедейлері бірдей қыс кезінде шыршаны әртүрлі қағаздармен, тәттілермен безендіретіндігі айтылады. Бұл дәстүр кейін келе бүкіл Еуропа аумағына тараған. Ал Америка құрлығына жаңажылдық шырша жер аударылған еуропалықтар арқылы жеткен.