Форумның мақсаты – исламофобияның мазмұны мен себептерін және дін саласында болып жатқан процесстерді ой елегінен өткізу, Ислам дінінің бұрмалануын болдырмау, сондай-ақ толеранттылық, бейбітшілік пен әділеттілік мәдениетін насихаттау болып саналады.
«Біз мұсылмандар, исламофобияға қарсымыз, бірақ біз бұл үшін жауапкершіліктің бір бөлігі өзімізде жатқандығын мойындауымыз керек. Бұл жерде діни фанатиктер мен провакаторларға жоғары рухани құндылықтарды тәрбиелеудің орнына, өздерінің радикалды көзқарастары мен тәсілдерін таратуға мүмкіндік беріп қойғандығымыз туралы айтып отырмын», - деді Н. Ермекбаев форум аясында сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ, министр Қазақстанның мәдениеттер мен діндерді жақындастыру және халықтардың тұрақтылығы мен өзара түсіністігін қамтамасыз ету мақсатында Шығыс пен Батыс арасындағы диалогты дамытудағы Қазақстан басшысының бастамалары туралы айтты.
«Қазақстан Президентінің жаһандық бастамалары қатарында 2003 жылдан бері біздің елордамыз – Астана қаласында үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу ерекше орын алады. Бұл халықаралық форумның мақсаты - жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерінің бірі ретінде мәдениеттер мен өркениеттер диалогын дамыту. Осы жылдар ішінде қазақ жерінде дәстүрлі діндердің 5 рет сьезі өткізілді, және оның аясында аса маңызды құжаттар қабылданды», - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.
Айта кетейік, форум жұмысына бүкіл әлемнің 500-ден астам беделді діни қайраткерлері, танымал теологтар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері қатысуда. Форум делегаттарын Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян қабылдады.