Айталық, қазақ атты шылбырсыз мінгенін мен өз басым көрген емеспін. Қазақта «екі тізгін (тізгіннің екі жағын айтып отыр) бір шылбырды тең ұстау» деген тіркес бар. Тізгін — мінген аттың басын қалаған жағына бұру, тежеу үшін, шылбыр — аттан түскен соң белдеуге, кермеге байлау үшін немесе жетектеп жүру үшін қажет. Басқаша айтқанда, қазақ атты еншқашан тізлінінен жетектемейді, тізгінінен байламайды. Тіпті қысқа тұйық қайыс (тізгін) дұрыс байланбайды. Мұны айтып отырғаным; қазақ киноларында (көркем тіпті деректі), түрлі жарнамалар мен ән клиптерінде атты тізгінен жетелеп бара жатқан көрініс көп. Соларды көріп отырғанда «әттеген-ай, бұл дәстүр-салт білмегендіктің кесірі ғой» деген ой еріксіз оралады.
«Хабар» телеарнасынан көрсетіліп жүрген «Қазақтың сәндік қолданбалы өнері» атты қысқа метражды танымдық фильмде де кейіпкер атын тізгінінен тыртыстыра жетектеп барып, мама ағашқа байлап жатқан көрініске куә болдық. Жай кино, көрініс болса, бір сәрі, дәстүрімізді насихаттап отырып, осындай оғаштық жасауымыз тіптен көңілге сыймайды. Сол сияқты көпшілік қазақ киносында атқа мінген кейіпкер тізгіннің екі жақтауын екі қолына ұстап, өбектеп кетіп бара жатқан көрініске тап боласыз. Атқа мінген адам әдетте тізгінді бір қолына (сол қолына) екі жақтауын қымқырып ұстайды. Оң қолына жайшылықта қамшы, шайқас кезінде қару (найза, шоқпар, қылыш) ұстайды емес пе. Тіпті жайшылықта қолында қамшы, шыбыртқы болмаса, оң қолына шылбыр ұстайды. Әйтпегенде ат үстіндегі адам оң қолы құр болса, ауып түсіп қалатындай өзін-өзі жайсыз сезінеді. Сонда кинода ойнаушылардың көбі бұрын атқа мініп көрмегендер ме (түсірілімнің режиссер, операторларына дейін) деген ой келеді.
Тағы бір оғаштық қазақ ат үстіндегі адамға ешқашан аттың теріс жағынан (қамшылар жағынан) қатынаспайды, мінер жағынан келеді. Жоғардағы кино сюжетте ат үстіндегі азаматқа бір нәрсені әйелі аттың қамшылар жағынан әкеліп береді. Тіптен көрер көзге епсіз. Онан да сорақысы киноның сөзін оқыған диктордың аузынан шыққан «аттың аяқ терісінен жасайды», «аттың терісінен 27 түрлі өрім өрген» деген сияқты сөз тіркестерін не деп түсінеміз. Дәстүр-салтты дұрыс түсіндіру үшін әуелі дұрыс сөйлеуіміз керек қой. Екінші жағы ана тіліміздің өзі ұлттық дәстүріміздің құрамдас бөлігі екенін ұмытпауымыз керек. Жалпы жылқы сөзі бүгінгі тілімізде мүлдем «ат» болып кеткен. Дұрысы – жылқының терісі, аяқ терісі емес жылқының пұшпақ терісі екенін көпшілікке арнап, ұлттық танымдық хабар жүргізіп отырғандар білмегенде кім білмек?!
Жалпы, жылқыға байланысты бүгінгі тіліміздегі оғаштық сөздер ауызекі сөйлеуімізде де, тіпті, халықтың басты ақпарат құралы телеарналарда да жиі қайталанатындықтан көңілге тікенектей қадалады. Мәселен телеарна тілшілері мен жүргізушілер атқа мінбейді, «отырады», жығылмайды, таудан тас құлағандай тура «құлайды». (Бара-бара «Ақбоз аттан жығылдым есім ауып» деген халық әнінің сөзін де өзгертіп алатын шығармыз).
Біз бұрын кеңестік дәуірде-ақ жылқының ірі қараға (түйе, жылқы, сиыр) жататынын ұмытқанбыз. Мемлекттік статестикалық мәліметтерден бастап, барлық ақпарат құралдырында ірі қара деп түйе мен сиырды айтады, жылқыны ұсақ малға да, ірі қараға да қоспай бөлек қарастырады. Ол ол ма, ана тіліміздің айнасы түсіндірме сөздік құрастырушы мүйізі қарағайдай ғалымдарымыздың өздерінің төрт түлік малға, соның ішінде ер қанаты, қазақ үшін киелі жылқы түлігіне қатысты сөздерге келгенде тілдерінің мүкістігі қайран қалдырады. Бір ғана мысал келтірсек, қазақтың тілі түркі тілдес халықтардың ішіндегі ең бай тіл екенін дәлелдеген 120 мыңнан астам сөз қамтыған «Қазақ сөздігі» (Алматы 2013 жыл) жылқының аяғына салатын бекітудің бір түрі өреге: «Жылқының аттанар жақ алдыңғы, артқы аяқтарын шалып байлайтын жіп» деген анықтама, түсінік берген. Қазақ ешқашан аттанар жағы демейді, мінер жағы дейді. Өре – жіп емес, құрал. Байламайды, тиектейді. Дұрысы атты бекіту үшін мінер жақ алдыңғы және артқы аяғын қосып тұсайтын құрал (бекіту).
Міне, әуелі тілімізді, сонан соң салт-дәстүрлік білімімізді түземесек, бүгінгі жастардың ұлттық дәстүр-салтқа қатысты білімі жартыкеш қалпында қала бермек.
Бодаухан Тоқұанұлы
Журналист
Дерек көзі: argymaq.kz