Атбегі Жұмахан Халықұлы
12.08.2020ж.

Атбегі Жұмахан Халықұлы

1947 жылдың мамыр айында Сыр бойындағы Қанттоғайда руы Божбан Халық деген кісінің әйелі ұл табады. Аттары кілең «ханмен» аяқталатын ағаларына ұйқастырып, қасиетті күні дүниеге келген сәбиге «Жұмахан» деген есім беріліпті. Бұл кейіннен бүкіл Отырар жұртшылығына басқа өнерлерінен бөлек, атсейістігімен де кеңінен танымал болған азамат еді.

Дүниеден өткеніне әлденеше жыл болған осы бір дегдар жанға қатысты бүгінде ел ішінде аңызға бергісіз естелік әңгімелер көп-ақ. Негізінен олар марқұм ағамыздың ат бапкерлігі, сыншылығы, құлынынан жүйрікті, додапаз тұлпар танығыштығының айналасында өрбиді.

Қазығына 28 дүлдүл ат байлаған

 

Жылқының пірі – Қамбар атамен тікелей байланыстағы Жұмахан көкпар десе, ат бәйгені естісе делебесі елден ерек қозған. Дәл мұны елдің бәрі жыр қылып айтады. Ол ол ма, күнгей беттегі әрбір даңқы шыққан жүйрік атты түр-сипатымен атап, адамымен қоса қалай салым салғанын, қалай бәйгеден келгенін, кімнің көкпар-бәйгесінің қай жерде өткендігін, салымға не тігілді, барлығын жік-жігімен жүйелеп тарқатыпты. Бірақ мұнда таңданатын түк те жоқ, бұл заңдылық болса керек.

Өзіндей ат құмар бауырларының айтуынша, өзгелерден бір ерекшелігі ат баптаудағы білгірлігі ғана емес, аттарына әдемі есімдер тауып қоя білуі екен. Оның көкпар шабатын «Шырбанбай қара» деген атақты аты болған. Небір жақсы сәйгүліктер ұстаған: Перде сары, Әден торы деген жорға, Мақпал қара, Сүлік қара, Ақмоншақ, Ақкербез, Қиқу күрең, Елік шұбар, Көкдауыл, Қозы күрең, Тайбурыл және тағы басқалары. Бір атқа қызықса, қашан алғанша ас батпаған деседі. Қалжың құмар достары мұнысын әзілге айналдырып, «Ат кәйф» деп айдарласа, оларға: «Шүкір деңдер, мен картаға, қатынға құмар емеспін, мен асыл текті жылқы малына құмармын, бұған өзім шүкір деймін» деп жауаптаған.

Ұлы Досханның дерегіне қарағанда, қазығына бас-аяғы 28 дүлдүл ат байлаған. Олардың да шетінен аттарын айтып, түстерін түстеп, қай ат қай айғырдан түсті, қай жылы түскен құлын, жаңылмай нақпа-нақ айта алған.

Уақытында оның бұл тақырып айналасында көп білетінін досы, ақын Бегаман Сұлтаев бағалап, осы төңіректе бұрын-соңды, арғы-бергі тарихта өткен жүйрік жылқы, мықты шабандоздар турасында екеуі бірлесіп тарихи шолу жазбақ болып, бірақ үлгермей қалған. Досының өз аузымен айтқанда, тосын келген ажал білімін сыртқа шығаруға мүмкіндік бермей, бәрі Жұмаханмен бірге іште кеткен.

Айта кетейік, атбегінің: «Ат баптауға таңғы, кешкі салқынмен төңіректі айналып шауып, аттың артық терін де үгіп қояды. Екі айдың үстінде осындай діттеген шаралар жүзеге асырылады. Солайша тұлпардың тері тұщып, өзінің межелеген күш-қуатына жетеді. Күніне үш-төрт рет құмшыққа аунатып тұру керек» деген нұсқаунамасы мен «Бұл өмірде сәйгүліктен асқан сұлулық жоқ» деген сөзі ел аузындағы қанатты сөзге айналған.

 

Мойындату

 

Бір күні Жұмахан досы Бегаманды (Б.Сұлтаев естелігі бойынша): «Беке, Шеңгелдіден Абыт қариядан бір тай әкелдім, жүр көрсетейін» деп үйіне алып барыпты. Қорасына барса, бір кішкентай шолақ тай тұр екен. «Әй, әкелгенің мына жаман шолақ тай ма?» депті бұл. «Ә, ақын-ай, өлең жазғаннан басқа тірліктерден хабарың жоқ екен ғой. Бұл бурыл – оңтүстіктің көкпарын шулатып, додасын қаңыратамын деп тұрған жоқ па? Мына омырау, мына танау, мына бақай, мына тұяқ» деп, жүйрікке тән жылқыда болатын белгілерді шұбыртып ала жөнеледі.

«Сонымен мұны қаншаға алдың?» деп сұрағанда, сол кездегі нарықпен бір айғырдың құнын айтады. «Е, бала-шағаның аузынан жырып біраз ақшаны Шеңгелдіге шашып келген екенсің. «Тайды айғырдың нарқына алатын Шәуілдірде бір ақымақ бар, соған қымбатқа сатамыз» деп, ол ауыл тайларын қолдарына ұстап отырған шығар» дейді досы да құр тұрмай қажап. «Осы айтқандарыңды «қайтып алдым» дегізбесем, қазығыма ат ұстамаймын» депті сонда Жұмекең. Сол әңгімеден соң бес-алты жыл өткенде Ырсымбет ата ұрпақтары облыстық деңгейде, барлық аудандардан мықты аттары бар шабандоздарды шақыртып үлкен салым береді. Сол көкпарда Жұмаханның бурылы ең шешуші үлкен салым, өгіз өлдіге салады. Жұмахан мұның айтқан сөзін әлі ұмытпаған екен. Бұған келіп: «Ақын, баяғы айтқаныңды қайтып аласың-ау» деген. «Болды-болды, қайтып алдым» деп бұл оңай құтылмақ болады. «Жоқ, «қайтып алдым» деп үш рет қайталап, «кешір, Жұмеке» деп менен кешірім сұра» деп күледі. Ақын болса айтқанын бұлжытпай орындаған.

 

Ат көре барғанда...

 

Досы тағы бірде Жұмаханның ат сыншылығының кезекті рет куәсі болады. Әбілхан деген атқұмар жігіт «Қостүйін» жақтан ат алмақ болып атбегіні алып барады. Жердің оты сұйылыңқырап қалған кез дейді. Аттың қоңы түсіп, арықтап қабырғалары көрініп тұрса керек. «Ат аламын» деп барған Әбілхан оны көріп: «Мына ат мен іздеген ат емес, тым көзге қораш көрінеді екен» деп айниды. Жұмекең ары-бері айтса, ыңғай бермейді. «Онда ат алатын ақшаңды маған бер, үйге барған соң беремін» деп сол атты өзі алып келеді. Біраз күн баптап көкпарға салған. Әлгі жануар қуса жететін, қашса құтылатын аяқты қашқыр жылқы болып шығыпты. Додаларға сүңгіп кіріп, сүңгіп шығып, «Жұмаханның Қозыкүреңі әкетті» дегізіп, жұртты шулатып жүреді.

 

Нағыз құдайы қонақ болдыңдар!

 

Бір жолы Жұмахан оқушыларымен (бір кездері мұғалім болған) Мақтааралда мақта теріп жүргенде қоңсысы түскі үзілісте шайға шақырады. Барса, үй егесі бір атты айналып қатты әбіржіп жүр екен. Ат қиналып жатыр. Жұмекең атты олай-бұлай қарайды да, алмас пен пышақ алдырады. Не істегенін, шайланып шықса әлгі жылқы түк болмағандай жемін жеп тұр. Үй иесімен бірге қосылып, оқушылары да таңырқайды. Үй егесі: «Нағыз құдайы қонақ болдыңдар» деп алғысын айтып, кешкілік асқа тағы шақырыпты. Бұл оқиға кейіннен оқушылары арқылы елге таралған.

 

«Шабамын» деген жігітке ат береді

 

Жұмаханның Абай есімді күйеу баласы да ат құмар екен. Содан күйеу бала нағашыларының Қарабурыл деген тұлпар атының бурыл құлынын жиендік жолымен алатын болады. Алайда бұл оны «алып кетем» деп жүргенде құлын өліп қалып, аларманға барған бұл көңілі қалып, ауылға құрқол қайтады. Жолда Жұмекеңе жолығып, болған жайды тәптіштеп айтады. «О, Абай, бекер болыпты ғой ә, онда үйге жүр деп, қоймай ертіп барады. Сенің көңілің қалыпты ғой, айналайын» деп, үйінің алдында байлаулы тұрған шұбар тайды көрсетіп, «алып кет» дейді. «Мен мұның болашағынан зор үміт күтіп отырмын, құдай қаласа, қалыңға кешіп баратын жүйрік ат болады» дейді. «Мен сізден тай аламын деп келген жоқпын, мұныңыз ұят болады» дейді күйеу бала.

Жаны жомарт Жұмекең көңіл-қошы болмай тұрғанын сезіп: «Қой, өлсе, қозы болады, келер жылы өзі болады» деген, нағашыңның саған берген тайы өлсе, құр қайтпа» деп, басқа біреуін беруі керек еді. Нағашыңнан тай мінбесең, балаларыңның нағашысынан мініп қайт» деп, кешке тайды өзі жетектеп үйге әкеліп тастап кетіпті.

 

 Бітістіруші азамат

 

Жұмаханның екі адам арасындағғы бітпей жүрген мәселелерді де араға түсіп бітістіріп жіберетін де қасиеттері болған. Оның класс жетекшісі Құрманбайдың бір кісіде көптен бері ала алмай жүрген бір жылқысы болыпты. Соны Жұмаханға айтады. Ол адам «Малыңды көптен бері көрмедім, жоғалып кетсе амалым жоқ» деген, ал бұл оған ай сайын бағу ақысын келісім бойынша беріп отырған. Жұмахан барғаннан соң: «Жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден» дегендей, мен сіздерге билік айтып, би болу үшін келіп отырған жоқпын, сіздерді өкпелестірмей, елдестіру үшін, татуластыру үшін келіп отырмын» деп, «Малды саған аманат етіп тапсырды, ақысын уақтылы беріп тұрды, қазақ аманатқа ешқашан қиянат етпеген» деп, нарқын өндіртіп беріпті.

Осыған ұқсас жағдай «Шөлтөбе» деген жерде көкпар болғанда орын алған. Сонда екі шабандоз жігіт ерегісіп қалып, арт жағы төбелеске айналады. Әлгі екі дүлей ешкімге көнбей тұрғанда, кенет Жұмахан келеді де: «Әй, есі жоқтар, жүріңдер, бір әңгіме бар» деп, оңаша алып шығып, қолын сермелей біраз әңгіме айтады да екеуін қол алыстырады. Халық оның бұл ісіне де таң-тамаша болған.

 

Жұмекең айтқан тарихи әңгіменің бірі

 

Ілгеріде бір үлкен бәйге болатын болып, барлық ат қосатын кісілер ауыл-ауыл болып жеке орналасады. Бас жүлдеден үміткер бір бай атбегілерін, шабармандарын шақырып алып, тұлпарларды түгел көріп шығып, «Кімнің бақталас боларын анықтаңдар» дейді. Аралап жүріп, кермеге байлаулы тұрған көрер көзге қораштау қара атқа назарлары түседі. «Не де болса, осының жұлдызы жанайын деп тұр» деген шешімге келеді. Қара аттың иесі іштей бәрін сезіп, әлгі топқа байқатпай ере береді. Олар байға келіп: «Егер кішкене қара аттың иесі бүгін түнде атты баптаудың соңғы шарт-шарасын, емін тапса, ол сөзсіз бәйгеден озады» дейді. Бай: «Ол не шарт-шара, не ем» деп сұрайды. Сонда атбегілер: «Аттың ішінде соңғы құмалақ қалған, егер таңертең шық кетпей тұрып шытырға тойғызбай жайса, соңғы құмалақ түседі, сонымен бәйгенің тағдыры шешіледі» деген екен. Сонда бай: «Олар бірнеше айда ол емді таппағанда, бір түнде қалай табады» депті. Мұның бәрін естіп алған қара аттың иесі, таңертең атын шытырға тойғызбай жаяды. Жарыс басталғанша құмалақ түседі. Содан қара ат бәйгеден бірінші болып келеді.

 

Қорытынды орнына немесе бір ойына жетпей кеткен

 

Айтып айтпай не керек, аудан көлеміндегі атқа, бәйге-көкпарға құмар жасы бар, қариясы бар, барлығы заманында Жұмекеңмен кеңесіп отырған. Одан қалса, атырапта өтетін жиындарға, тойларға жылқы малы қажет болған жағдайда оны іздеп, жылқының қайда барын, оның бағасын шығартып отыру әдепкі жағдай көрінеді.

Есіркеп деген замандасы ол туралы: «Кейінгі көкпарларға барып наразы болып, ренжіп қайтушы еді, «Қазіргі көкпар көкпар емес, мафия болды. Бұны бір жолға, жүйеге келтіруіміз керек» дейтін. «Құдай қаласа аман-есен зейнеткерлікке шықсам, аудан әкімі Бейбіт Сыздықовқа (сол кездегі әкім) кіріп, ұсынысымды айтамын, әкесі Шалдар шабандоз болған ғой, тыңдайтын шығар» деп отырғанын талай рет өз аузынан естідік. Бірақ арманына жете алмады» деп естелік айтады.

Анығын Алла біледі, бірақ, «арманы» дегеннен гөрі, «бір ойына жете алмады» деген дұрыс тәрізді. Жеті қыз, бір ұл өсіріп, отбасылық өмірде де, кәсіби ортада да бақыт пен береке, абыройға жеткен бірден-бір азамат. «Атбегі» дегенде де, ол кісінің сегіз қырының бір сырын ғана айтқанымыз екен. Әйтпесе, білім мен мәдени салада да көп қызмет атқарған, керек десеңіз, аудандық театрда актерлық етіп, Абылайхан, Қайырханның образдарын да сомдаған маман болыпты. «Кәсіби музыкант, өте шебер суретші болғаны да аян» деседі. Әсіресе жылқы малының, оның ішінде көкпар шабатын аттардың суретін салғанда жұрт таң қалады екен. Міне, күні кеше ғана, яғни 2013 жылы өмірден озған атбегі Жұмахан Халықұлына қатысты бірауық деректер легі осындай.

 

Мәдениеттанушы-лингвист

Абылайхан Қалназаров

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер