Показать содержимое по тегу: АКалназаров
Бүгінгі Түркістан облысы, Отырар ауданында мәдениет (театр актері) пен атбегілік өнерін қатар ұстанған Жұмахан Халықұлы атты азамат өткен. Өзінің бізге құда болып келетіні де бар. «Шүберегім қара болғанымен ішім ақ» деп отыратын ол кісі қайтқанда бүкіл ел-жұрт қайғырған. Ол ұтымды сөздері, ақ пейілділігі мен қарапайымдылығы, еңбекқорлығы мен адалдығы, белсенділігімен ел құрметіне бөленген жан еді. Әсіресе, марқұмның ата-бабасынан дарыған жылқы малына байланысты сыншы-білгірлігі, «Бұл өмірде сәйгүліктен асқан сұлулық жоқ» деген ел ішінде қанатты сөзге айналып кеткен пайымы таң қалдырмай қоймайды.
Қазақтың тұлғасы күрделі сөзінің бірі – «кемпірқосақ». Аспанда жаңбырдан кейін пайда болатын доға тәріздес түрлі-түсті жолақтар құбылысы біздің тілімізде неге бұлай айдарланды, оған «кемпір» мен «қосақтың» не қатысы бар, бір рет болса да, ой жіберіп көрдіңіз бе?
Тіліміздің ғана емес, діліміздің де эрозияға ұшырағаны ғой, қазіргі замандасымыздың дені жұлдыз ағып түссе, орыс ағайындарға еліктеп тілек тілейтінді шығарды. Тіптен, мұндайшылықты «мәдениетіміздің бір бөлшегі болып кете ме» деген де қауібіміз жоқ емес. Кеңес дәуіріндегі қазақ фильмдерінде жоққа тән еді, соңғы кездері ұлт танымына қиянат қылуды ғана білген не қазақша, не орысша емес дүбара киноларымызда да бұл кеңінен көрініс тауып жүр. Атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық, бірақ жоғымызды түгендеп, рухымызды қайрауға тиіс жаңа заман жазушыларының да шығармалары бұдан аман емес.
Иісі қазақты айтпағанда, түркі-мұсылман жұрттарында Қожа Ахмет Ясауиді білмейтіндер кемде-кем шығар. Білгенде де түркістандық «Ясауи» әулие деп танитыны мәлім. Ал осы сөз қайдан шыққан?! Көп әдебиеттерде айтылып жүргендей сол заман рәсіміне сай тұрғылықты жерінің атауымен «ясылық» дегенді білдіре ме?