Қожа Ахметтің Ясауиі қала атынан шыққан ба? (Толықтырылған)
29.05.2020ж.

Қожа Ахметтің Ясауиі қала атынан шыққан ба? (Толықтырылған)

Иісі қазақты айтпағанда, түркі-мұсылман жұрттарында Қожа Ахмет Ясауиді білмейтіндер кемде-кем шығар. Білгенде де түркістандық «Ясауи» әулие деп танитыны мәлім. Ал осы сөз қайдан шыққан?! Көп әдебиеттерде айтылып жүргендей сол заман рәсіміне сай тұрғылықты жерінің атауымен «ясылық» дегенді білдіре ме?

Ұлы дала халықтарының байырғы рухани мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, ғұламаның Испиджаб-Сайрамда туғаны жасырын емес. Бірақ тарихнама бойынша әкесінің «бір қазанға екі қошқардың басы симас» деген нұсқауымен Ясы қаласына қоныс аударып келіп, дін оқуын жалғастырады. Рухани кемелдікке жетіп, ел ішінде даңқы шығады. Кейіннен осыған байланысты өз атына қосымша «Ясауи» деген атауға ие болған делінеді.

Бұл енді түсінікті. Бір замандары «Шауғар» (сақ тілінде «Шавғар», ол «Қаратау» деген мағынаны білдіреді) атанған қаланың «Ясы» (Иасы/Йасы) деп аталғаны да хатталып тұр. Сенбеген адам тарих пәнінің оқулықтарын ашып қараса болады. Ал енді осы атаудың Қожа Ахметке дейін емес, кейін шығуы мүмкін бе? Мәселенки, гипотикалық тұрғыда болса да.

Қазақтың айтулы тіл ғалымы, белгілі түркітанушы Əбдуəли Қайдардың «Ғылымдағы ғұмыр Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері» (Алматы, 2014 ж.) кітабында ресми түсіндірмелерге балама бола алатын мынадай қызық дерек келтіреді:

«Қожа Ахметтің есіміне «Яссауи» сөзінің қосылып айтылуы оның 63 жасында тірідей жер астына түсуімен байланысты. Ол пайғамбар жасына толысымен, бұ дүниені тəрк етіп‚ жертөле мешіт (яғни қылует) қаздырып‚ соған кіріп жатады. Адамның тақуалықпен тіршіліктің қызығынан бас тартуын араб тілінде «йэ’сə» (йаса) дейді‚ «йэсə» сөзі – «күдер үзу»‚ «дүниені тəрк ету» дегенді білдіреді. Көпшілік «иаса» деп əуелі қылуетті‚ кейінірек шаһарды түгелдей атаса керек».

Сондай-ақ, ол «Зерттеуші А.Ибатов: «Йасауи» сөзінің соңындағы «и» Фараби‚ Хорезми сияқты есімдердегі парсылық изафет емес. Бұл атау «йаса» сөзімен түркінің «еуи» (үйі) сөздерінің бірігуі арқылы қалыптасқан» деп санайды» деп сілтеме берген.

Бұл жерде Əбдуəли Қайдардың версиясына қолдау білдірмесек, сынға алмақ емеспіз. Ол өзге топшылаулардан руханилығымен қызықтырып тұр-ақ. Расымен де, Түркістанда салынған қылуетте пайғамбар жасына келген Қожа Ахмет қалған ғұмырын өткізген. Бүгінде ол құжыраның орны бар. Қазіргі таңда Әзірет Сұлтан кесенесінен 150 метр қашықтықта орналасқан қылует құрылысы ауқымды, төбесі жайпақ етіп жабылған, екі есігі бар.

Егер осы тұжырымды шын деп таныр болсақ, «Ясы» дегеніміздің мәні «қылует», яғни арғы мағынасында «тәркілік» деген мәнге ие болып шығады. Онда елдімекеннің «қасиетті қала» деген теңеуіне шын мәнінде лайық болғаны.

Қылует – [ар. خلوة ] зат. діни. * Мүридтің бүкіл болмысы Аллаға арнап, Алладан басқа барлық нәрседен қол үзуі (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 10-том. / Құраст.: М.Малбақов, Н.Оңғарбаева, А.Үдербаев және т.б. – Алматы, 2011.).

Бұдан басқа оның «оңаша», «құпия орын», «жеке қалдыру» деген де мағыналары барлығын ұмытпау керек. Қанша ұшқарылау көрінсе де бұл нұсқаның өмір сүруге қақысы бар екендігі анық. Мұнда да өзіндік логика жоқ дей алмаймыз. Бұл жерде тарихи бір ақтаңдақтар болуы да ықтимал. Сондықтан да кәсіби тарихшылардың құлағына алтын сырға!

Түпнұсқасы: «Оңтүстік Қазақстан» Түркістан облыстық қоғамдық-саяси газеті///N168 (20922), бейсенбі, 28 мамыр, 2020 жыл.

Бір деректерге қарағанда Х ғасырда қала «Шауғар» деп аталып, ал ХІІ ғасырдан «Ясы» деген атау алады. «Түркістан» атауы жазба дерек мәліметтерде VІІІ-ІХ ғасырлардан кездесе бастайды (А.Құлтаев. Қазақстан қалаларының атауы тарихта қалай өзгерді).

Тағы бірінде VІІ-ХІІ ғасырларда Түркістан «Шауғар» атанған деп тұр. Ол бойынша бұл өңір Түрік қағанатына қарады. ІХ ғасырда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. Бұл өңірге 809-819 жылдар аралығында Хорасан билеушісі əл-Мамун, Х ғасыр соңында саманилік билеуші Наср жаулаушылық жорық жасаған. ХІІ ғасырдың І-ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Ясы өлкенің орталығына айналды. Қожа Ахмет Ясауи осында келіп қоныс тепкен кезде атақ-даңққа бөленді (М. Аширов, ҚазҰУ хабаршысы. №4-5(128-129)).

Аздаған математикалық есептеулер жүргізер болсақ, Қожа Ахмет Ясауи қабылданған биографиясына сәйкес 1093 жылы немесе 1103 жылы, яғни ХІ ғасыр соңы немесе ХІІ ғасыр басында туылған болса, «Шауғар» да қалайша тап осы тұстарда «Ясы» деп өзгере бастайды? Ендеше, дейін бе, кейін бе? Ойланарлық-ақ мәселе емес пе?! Бір күмәнді көрінеді...

Осы орайда филолог-дінтанушы Ә.Нәбидің де қала атының шығуына қатысты көзқарасын айтпай кетуге болмайды Оның айтуынша, арабтарда ертеректе дін орнаған жерді «жазық», ал әлі таралып үлгермеген жерді «кедір-бұдыр», «тау» деп сипаттайтын таным болған.

«Ясы» атауы «язық», яғни «жазық» дегенді де білдіруі мүмкін. «Шауғар» деген «тау» деген мағынаны білдіреді деп оқығанбыз. ХІІ ғасырдан бастап қала «Ясы» атанса, демек, Қожа Ахмет әулиенің келуімен мұнда асылы діннің тамыр жайып, шешек атқаны. Географиялық теп-тегіске айналғаны. Кереметті ғұлама туралы аңыздың бірінде де оның осындағы Қарашық тауын жым-жылас жоқ қылып жібергені айтылады. Мұның да символдық мәні болса керек. Әфсана арқылы шайқының ескілікті жойып, Ислам туын түбегейлі тіккені астарланып тұр деп ойлаймын» дейді ол.

«Ясы» атауының басқа уәждемелері қандай?

«Ясы» сөзі көне түркі тілінде «реттеу, тәртіпке келтіру» деген мағынаға саяды (М. Аширов, ҚазҰУ хабаршысы) дейтін бір версияны көзіміз шалады. Яғни, «жөн-жосық», «заң» дегеннен шығарылған. Тағы бірі оны Қазақстанның оңтүстік аймақтарын, Қырғызстан жерін мекендеген ежелгі ас (асс) тайпасы атауымен байланысты қарайды. Мысалы, ғалым Н.Уәлиев жер-жерде кездесетін Аса (Жамбыл облысы), Асы (Алматы облысы) және осы Ясыны да зерттеушілердің астармен байланыстыратынын атап өткен (Сөз мәдениеті. Редакциясын басқарған Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Р.Сыздықова. Алматы «Мектеп» 1984).

Қысқасы, іздегеннің қолына ұстатып жіберуге бір-бір папкі, нұсқа көп. Бірақ, күмән-күдік те көп. Ғалым Əбдуəли Қайдар неге бұлай деп түйіндеді екен? Сонымен, Қожа Ахметтің «Ясауиі» қала атынан шыққан дей аламыз ба? Керісінше, қала атауы әулиенің қылует-жертөле үйінен шығып жүрсе ше? Тарихи даталарды бір-біріне беттестіре қойсақ, ақиқаты сүй деп тұрғандай ма, қалай? Қарапайым қисынға салсақ та, ол басқасы-басқа, жапанда атағы шыққан Әл-Фараби тәрізді туған жерімен айдарланып, болмағанда «Испиджаби» болуы керек еді ғой. Әркім көшіп барған жерінің атымен атала берсе, алдымен ғалым Фараби парсы, араб жерлеріндегі қалалардың бірінің атын арқалап алған болар-ды. Мауреннахр мен Түркістанның «Ясауи» атты билеушісі «Әлемде кімде кім бізді сүйсе, сенің атыңмен бірге еске алсын» деп, қожаға өз атын ұсынған деген де әңгіме бар. Дін орнағасын «жазық» болған деген де уәжге келеді. Я болмаса қала Қожа Ахмет келгенге шейін де «Ясы» атанған жәнеден шынымен «қылует», немесе «жазық» деген мағынаны білдірген. Мәлім болғандай, әулие қоныстанғанға дейін де мұнда құдай жолына түскен жандар болған ғой.

Түркістанның Есімханнан бастап қазақ хандығы орталығы болғаны шындық. Сол кезден Ясы қаласы «Түркістан» атана бастаған-дүр. Оған дейін ілкі формасынан бір таймаған десек артық емес. Бұл жерде ортаға салынған пікір-толғамды дәлелдеп, сала құлаш ғылыми мақала жазу мақсат емес. Бәлкім дұрыс, бәлки бұрыс. Бар болғаны қоғамға ой салу – міндет. Қалай десе де, жүздеген жылдар бойы сақталған ясылықтың басында «Әулиелердің сұлтаны», «Түркістанның пірі» деген аттармен мәшһүр болған Қожа Ахметтің өзі тұрмаса нағылсын?! Енді анығын Алла біледі.

Ең қызығы, бұл әлі соңы емес секілді. Күнгей орталығының Түркістан қаласына көшкенін және де жергілікті кей зиялының «Ясы» атауын қайтарайық» деп мәселе көтеріп жатқанын ескерсек, «Көрінген таудың алыстығы жоқ-ау!». Тарихи идентификация үшін де, тавтология болмас үшін де ең дұрысы осы ма дейміз. «Жаңа ясауилер толқыны өсіп шықсын» десек, оған әуелі өзіміз киеленуіміз керек. Әуелі Алла, сосын Қожа Ахмет әруағы сонда біздің барша бастамаларымызға құт-береке дарытпақ. «Солай» деп әрекет етсек, «солай» деп сенейік!

 

Мәдениеттанушы-лингвист

Абылайхан Қалназаров

ТОЛЫҚТЫРЫЛҒАН НҰСҚА.

Түпнұсқасы: «Оңтүстік Қазақстан» Түркістан облыстық қоғамдық-саяси газеті///N168 (20922), бейсенбі, 28 мамыр, 2020 жыл.

Сілтемесі: https://okg.kz

Жүктеу мұнда: https://okg.kz/assets/pdf/bdb9ffe939ec4dfa974add89b4d48681.pdf

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер