Бюджетті басқарсаң, мақсатың орындалмақ
31.03.2018ж.

Бюджетті басқарсаң, мақсатың орындалмақ

–    Өскенде Google компаниясында жұмыс істегім келеді. Ақпараттық технологияны жақсылап меңгеріп, көп ақша табамын. Айлығым жоғары болғасын отбасыма қалаған затын алып беремін. Бірақ үнемдеу керек. Отбасы бюджетін дұрыс басқарсам ғана шығыннан кіріс көп болады.

–    Мен болсам, алдағы уақытта депозитке ақша саламын. Банк оған ақша салғаным үшін сыйлық ретінде маған қосымша ақша береді. Сол жиналған қаражатқа Disneyland-ке барып, қыдырар едім.

–    Ата-анам күн сайын 200 теңге береді. Ол ақшаға бәліш пен сусын аламын. Кейде тамақ ішкім келмей, ақша жинаймын. Үйде ақша салатын қорапшам бар. Артылғанын соған саламын. Осылайша анама 8 наурызға гүл алдым.

Сенсеңіз, бұл – мектеп оқушыларының диалогы. Сірә, қандай сауатты дерсіз. Бұрын баланы ақшаға жолатпайтын болсақ, бүгінде заманның талабы осындай. Аяқ аттасаң – ақша дейтін кезеңге қадам бастық. Сондықтан балалардың қаржы туралы сауатын арттыру керек. Осы мақсатта Банк Хоум Кредит 2014 жылдан бастап бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына қаржы сауаты жайлы ауқымды бағдарлама ұсынған еді. Мақсаты – халықтың экономикалық және әлеуметтік сауатын арттыруға, қарызға түсу қаупін төмендетуге, тұрақты қаражат көздерін дамытуға және жалпы экономикалық әл-ауқатты көтеру. Осылайша, Қазақстанның 18 өңіріндегі Банктің барлық бөлімшелерінде қаржылық сауаттылық бойынша тегін семинарлар мен ашық күндер ұйымдастырылды.

Сонымен бірге Банк Хоум Кредит – Global Money Week халықаралық қозғалысын қолдайтын екінші деңгейлі бірегей банк. Осы ынтымақтастық аясында Банк Қазақстанның барлық аймақтарында бесінші рет Global Money Week-ті GMW-2018 өткізді. Сонымен бірге осыған дейін Global Money Week қатысушылары семинарларға Банктің шақыруымен қатысқан болса, ендігіде білім беру мекемелерінің тарапынан үлкен қызығушылық туып отыр. Демек, сең қозғалып келеді деген сөз. Соңғы жылдары «Қаражат әлеміне саяхат» бағдарламасына 10 мыңнан астам адам бала қатысқан.

Global Money Week шеңберінде күні кеше 14 мамыр күні С.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында Банк қызметкерлері мен қаржы сауаты жайлы тренинг жүргізуші мамандар мектеп оқушыларына қаржы әлеміне саяхат жасады. Орыс және қазақ мектептерінің оқушылары ақшаның шығу төркіні жайлы ақпараттан бастап, бюджет, кіріс, шығын, жалақы, халықаралық валюталар және осы сынды өзге де маңызды қаржы тақырыбындағы терминдермен танысты. Шара барысында балалар тренерді тыңдап қана қоймай, өз ойларын да ашық білдірді. Бір қызығы, валюталар туралы көпшілік жақсы біледі екен. Америка доллары, Қытай юаны, Тайланд баты, Ресей рублін суретінен-ақ таныды. Бюджет жоспарлаудың маңызын осы тренингтен кейін балалар тіптен жақсы түсінген сыңайлы. Өйткені курстан шыққан балалардың жүзінде жаңа жоспар, мақсат пен арманның ізі көрінгендей. Бизнес бастап, табыс тапқан танымал тұлғалардың бейнесін де көпшілік жазбай таныды. Стив Джобс, Джоан Роулинг, Билл Гейтс және т.б шара қатысушыларына мол мотивация сыйлады.

«Аталған шараны Банк Хоум Кредит жыл сайын ұйымдастырып тұрады. Тіпті игі дәстүрге айналды десек, артық емес. С.Бегалин атындағы кітапхана Global Money Week халықаралық қозғалысын қолдайды. Оған дәлел ретінде бұл шараны үшінші жыл бірлесіп ұйымдастырып жатқанымызды айта аламыз. Бүгінде ересектердің өзі қаражатын жөнді басқара алмайды. Соның салдарынан түрлі келеңсіз оқиғаларға тап болып жататынымыз бар. Ендеше, бүгінгі балалар сол қателіктерді жібермеуі үшін жастайынан сауаттану керек. Өздере күнделікті берілетін ақшаны ретімен жұмсау, үнемдеу, ақша табудың оңай емесін білер болса, ертең ересек өмірге жақсы бейімделері анық» дейді кітапхана қызметкері Рәзия Тәжиева. Шара соңында балаларға қаржы тақырыбында жазылған оқулықтар табысталып, естелік суретке түсті. Көңілді күймен тарқасқан балалар мұндай шараның тағы ұйымдастырылуын қалайтындарын жеткізді. Мұндай сұранысты көріп, жобаның ғұмыры ұзақ болатынын байқағандаймыз. 

Дереккөз: bilim-all.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер