БЕГОНИЯ
Бегония — сабағы түкті, жапырағы түрлі түсті көпжылдық шөптесін өсімдік. Бұл гүлдің барлық түрлері қыш құмырада, оңтүстік-батысқа немесе оңтүстік-шығысқа қараған терезе алдында өсірген абзал. Шоқ сабақты бегониялар (ақ теңбіл, үшкүл, күміс теңбіл, қызыл жапырақты, түкті, ақшыл және т. б.) әсем гүлді, алуан өрнекті жапырақты өсімдіктер.
Егу әдісі: Бегонияны көбіне көп сабақ қалемшесінен көбейтеді. Көктемде өсімдікті шырпыл, кесінділерін қалемше ретінде пайдаланып және оларды 2 бөлігі жапырақ шірінділері аралас топырақтан, 1 бөлігі шымтопырақ пен қарашірік топырақтан, 1 бөлігі құмнан тұратын топыраққа егеді. Бегония көлеңкелі жерді, ылғалдылықты жақсы көреді. Мамандар құмыраның астындағы ыдысқа су құйып қоюға кеңес береді. Естеріңізде болсын бұл гүлге тікелей күн көзі түспеуі керек.
ЮККА
Юкка – ағаш пішіндес өсімдік. Солтүстік Американың ылғалды субтропикалық аймағынан шыққан. Табиғатта 40-қа жуық түрі бар. Елімізде оның бақшада, құмырада өсетін, аласа бойлы жасыл және ала жапырақты түрлері бар. Юкканың «Yucca elephantipes» деп аталатын түрін үй жағдайында өсіруге болады. Діңінің жоғарғы тұйық басынан семсер тәрізді ұзын да қалың жапырақтары тарала өседі. Жапырақтарының ұзындығы – 30-75 см, жалпақтығы – 5-8 см аралығында, түсі жасыл. Юкка жарық сүйгіш өсімдік. Суыққа да төзімді. Жаз айларында жеткілікті мөлшерде, қыста сирек суғарылады. Жапырақтарын тазарту үшін су бүркіп немесе дымқыл матамен сүртуге болады. Наурыздан тамызға дейін айына бір рет топырағын тыңайтып тұру керек. Қыс та тыңайтуды қажет етпейді.
Егу әдісі: Қалемшелеу арқылы көбейтіледі. Ұзарып өскен юкканың діңін 15-20 см ұзындықта бірнеше бөлікке бөліп, тамырландыру жолымен көбейтуге болады. Тұқымы арқылы да көбейтіледі, бірақ ол қиын әрі тиімсіздеу. Сондай-ақ тамырларындағы картоп секілді түйнектерімен көбейткен дұрыс.
ЕРКЕКТІҢ БАҚЫТЫ
Антуриум (мужское счастье) – бұл гүл күтімді қажет етеді. Ең бастысы бұл гүлді тікелей күн көзінің түсуінен сақтап, көлеңкелі жерде ұстағаныңыз жөн. Ылғалдылықты жақсы көретін «еркектердің» гүлінің айналасын күніне екі рет сумен бүркіп тұру керек. Ескеретін жәйт, бүркіген су тамшылары гүлдің жапырағына тимегені абзал. «Еркектің бақыты» гүлін жаз айларында үш-төрт күнде бір рет суғару керек. Ал, қыс мезгілінде аптасына бір рет суғарсаңыз жеткілікті.
Егу және көбейту әдісі: бұл гүлді жылына бір-ақ рет қана, көктемде ауыстырып отырғызуға болады. Гүлдеп тұрған еркек бақытының шоқ бұтасын екіге бөлу арқылы көбейтуге болады. Күтімі жақсы гүл 3 жыл өмір сүреді. Одан кейін жапырағы мен гүлі сарғайып, солады.
ӘЙЕЛ БАҚЫТЫ
Спатифиллум (женское счастье) – тропикалық аймақта өсетін бұл гүл аса талғампаз әрі күтімді қажет етеді. Гүлдің жақсы өсуі үшін жарық, ылғалды ауа және бөлем температурасы бір қалыпты, яғни жылы болу керек. Гүл солтүстік немесе күншығыс беткейге қараған терезенің алдына қойылады. Спатифиллум ді тікелей күн көзінің түсуінен сақтау қажет. Әйтпесе, жапырақтары сарғайып, солып қалады. Көктем, жаз айларында мол суғаруды қажет етеді. Судың 12 сағат тұндырылған және бөлме температурасымен бірдей болғаны ләзім. Сондай-ақ, гүлді жылы сумен бүркіп тұруға да рұқсат етіледі. Дегенмен, бүк жарып тұрса, оған су тимес үшін шүберекпен жауып қойыңыз.
ФУКСИЯ
Фуксия – қызыл гүлді өсімдік. Ұсақ жапырақтары бір-біріне қарама-қарсы біткен, гүлдері нәзік, тез солғыш, сабағы жіңішке болып келеді. Фуксия жарық аз түсетін бөлмеде жақсы өседі. Оны жаз айларында көлкітіп, не бүркіп суғарады. Әр 10 күн сайын қоректендіріп отырады. Ал қыста суғаруды азайтып, терезеге жақын, салқын жерге орналастыру қажет. Фуксияны гүл жарған кезде орнынан қозғауға болмайды, өйткені гүлі түсіп қалуы мүмкін.
Егу тәсілі: Оны көктемде қарашірік пен құм қосылған қара топыраққа ауыстырып отырғызу керек. Осы кезде өркенінің 1/3 бөлігін шырнып тастайды. Фуксияны тұқым және қалемшесінен көбейтеді. Оның бұтақтарын дұрыс шырпыса, шар пішінді әсем ағаш болып шығады.
ТҮЙІН. Егер гүлді күтіп-баптаудың өзіндік құпияларыңыз болса бізбен бөлісе отырыңыздар.
(Суреттер: ғаламтордан алынған)
Дереккөз: toqtama.kz