Мәслихат депутаттары Ақтөбеде Үндеу қабылдады
24.12.2022, 21:48

Мәслихат депутаттары Ақтөбеде Үндеу қабылдады

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын қолдау және жүзеге асыру жөніндегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірлескен

ҮНДЕУІ

Бүгінгі баяндамаларды тыңдап, талқылағаннан кейінгі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі  мүшелерінің ҮНДЕУІ:

Әлемдегі геосаяси ахуалдың және экономикалық жағдайдың тұрақсыз кезеңінде қоғамның бірлігі мен ынтымағы бірінші орынға шықты және тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуде, мемлекеттің үдемелі дамуында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше рөл атқаруда.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасы мен қазіргі бағытын қолдауымыздың маңызды себептері төмендегідей бірқатар даусыз фактілерге негізделген:

Біріншіден, Мемлекет Басшысы еліміздің экономикасын көтеру, азаматтарымыздың әл-ауқатын одан әрі арттырудың өзекті міндеттерін шешу бойынша белгіленген бағдарламаларды іске асыру керектігін терең біледі және халықтың үлкен үміт артып отырғандығын жақсы сезеді.

Екіншіден, біз жүзеге асырылып жатқан саясаттың сабақтастығын, халық өмірінің жоғары стандарттары бар экономикалық күшті, саяси тұрақты және әлеуметтік жауапты мемлекет құру бойынша қолға алынған реформаларды одан әрі жалғастыруды қолдаймыз.

Үшіншіден, біз барлық деңгейдегі жергілікті өкілді органдардың таяудағы жеті жылға арналған негізгі міндеті – Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде сапалы іске асыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар мен өкілді органдар жұдырық болып жұмылып бірге жұмыс істейді деп білеміз. Бұл бағдарламаның негізі ретінде экономикаға, әлеуметтік салаға және өңірлік саясатқа түбегейлі өзгерістер енгізу белгіленген. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Әділетті Қазақстанды құру үшін барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволар республика тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға барынша күш салуы қажет деп ойлаймыз.

Біздің бірлескен күш-жігеріміз – мәслихатшылардың елдік санасы мен қайраткерлігі арқылы экономиканы монополиясыздандыруға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға және азаматтардың еңбек кірістерін арттыруға, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталатын болады.

Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың даналығы мен тәжірибесіне, мемлекеттік міндеттердің жүйелі шешімін табау жолында аса үлкен жауапкершілікпен қарайтынына сенеміз. Біз Президенттің күшті және жарқын ұстанымына арқа сүйей отырып әрекет етеміз. Стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдау кезінде халықтың негізгі талаптары ескерілетініне ел басшылығымен бірге біз де кепілміз.

Мемлекет басшысының ұсынып отырған жаңа ұлттық идеясының өміршеңдігі күмәнсіз және оған ел болып толықтай ұюымызға негіз бар. Себебі қазақстандықтардың азаматтық белсенділігі артып, мемлекетшілдік санасы оянып, біз басқа қоғамда өмір сүріп жатырмыз – мұны биылғы жылдың серпілістерге толы қорытындысы көрсетті. Бүгінде, қазақстандықтар «Менің шаруам емес» деген ұстанымды қолданбайтын кезге жетті. Барлығы ел тағдырына, халықтың тағдырына ерекше мән беруде. Қоғамда сананың өзгеруі орын алды. Адамдар ел тағдырына бей-жай қарамай, әрбір азаматтың пікірі маңызды екенін түсіне бастады. Әрине, біз бәріміз жақсы өмір сүргіміз келеді. Бұл мақсатқа барлық қазақстандықтың біріге отырып қана қол жеткізетіні сөзсіз.

Тиісінше, депутаттар ортасы да бұрынғы олқылықтардан сабақ алып, бағыт-бағдарын жаңаша түзіп, оңды іс-қимылдың жаңа сапалық деңгейін бағындыруға кірісті. Қалай дегенде де халық сайлаған әрбір мәслихатшы мәслихат төрағасынан бастап үздіксіз өзін-өзі жетілдіру мен оқыту жүйесіне ауысуы, тәлімгерлік, үнемі жаңа шешімдер іздестіру, өзіндік сыни және стратегиялық ойлауын, дүниетанымын, санасын және басқарушылық құзыреттілігін қалыптастыруы тиістілігін ұғынып отыр. Басы ашық жайт: Жаңа Қазақстанды құру міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, біздің елімізге қазіргі мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерін білім негізіне көшіру, ал мәслихат депутаттарының қайраткерлік рухына көшуі керек. Депутат деген –ең алдымен, ел қамы майданында беріспей шайқасатын айбарлы сарбаз.

Осы орайда, барша қазақстандыққа айтарымыз:

Отандастар! Президентті қолдайық! Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» демекші, әрдайым бір сапта болайық. Біз Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарын бірге өткіздік, бүкіл әлемге танымал болған Қазақстанды құрдық. Қазіргі таңда Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Ендігі кезекте, біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген жаңа Қазақстанды құру міндеті тұр. Осындай тарихи, жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әрекет ету өте маңызды. Сайлауалды бағдарламада айтылғандай, «Біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір!».

Бұл туралы Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында айрықша атап өтті:

«Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс».

Олай болса, барлық тәжірибеміз бен қабілетімізді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған түбегейлі реформаларды табысты іске асыруға бағыттай отырып, Әділетті, Жаңа Қазақстанды рухы асқақ, бірлігі бекем, мақсаты айқын халқымызбен, яғни өздеріңізбен бірге құрайық!

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер