Жаңа әліпбидің жаңалығы көп
18.05.2018ж.

Жаңа әліпбидің жаңалығы көп

Күн санап өзгеріп жатқан аумалы-төкпелі заманда сана-сезіміміз бен дүниетанымымызды жаңғыртып, заман ағымына сай бейімделу басты міндетімізге айналды. Себебі Елбасымыз өзінің 2017 жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіріп, көш басындағы елдермен иық түйістіруге дайын болуымыз керектігін дәлелмен келтірген еді. Атап айтар болсақ, рухани жаңғырудың бастауы – ұлттық сана, тірегі – ұлттық тіл, арқауы – білім, мекені – туған жер, дербестігі – мәдениет, мақтанышы – азамат болуы керек деген жүйелі басымдықтарды сөз еткен болатын. Аталған мақалада қамтылған бастамалардың бәрі де өзекті, бәрі де мағыналы. Соның бірі  2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әліпбиіне көшіру бастамасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әліпбиге көшу жөнінде: «Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. 

Әлемдегі дамыған мемлекеттердің кө­шінен қалмау үшін және бүкіл дүние­жү­зілік ақпарат пен техноло­гияның, білім мен ғылымның кеңіс­тігіне енуі үшін аса қажет латын әліпбиін үйрену, меңгеру және сол графикада жазуға қадам жасауы­мыз заман талабынан туындап отырған шешім деп түсінуіміз керек.
«Елу жылда – ел жаңа» дейді дана халқымыз. Яғни заман талабына сай болып жатқан өзгерістер мен реформаларды дұрыс қабылдап, оларды бойымызға сіңіру, олардың іске асырылатынына сену және сол игілікті қадамдарға өз үлесімізді қосу баршамыздың міндетіміз деп білеміз.
Осы орайда «латын әліпбиіне көшсек, оның біз үшін тиімді тұстары қандай болмақ» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Біріншіден, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры, цифрландыру заманы десек, осындай компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойын­дауымыз керек. Екіншіден, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді. Тіл тазарып, тіліміздің жат дыбыстарды таңбалайтын әріптері қысқарып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік ­аламыз. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Төртіншіден, латын әліпбиіне көшу арқылы тіліміздің табиғатын сақтаймыз, даму заңдылығының бұзылуына жол бермейміз, фонетикалық жүйесін қалпына келтіреміз. Жалпы өз сөзіміз өзімдікі болады.
Осылайша, аймағымызда Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері, сондай-ақ аталған бастаманы іске асыру мақсатында Аймақтық жобалар офисімен бірлесе «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру» бойынша тиісті жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Бүгінде облыста Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанынан латын графикасына көшу бойынша жоғары оқу орындарының филолог ғалымдарынан, тіл жанашырлары мен өзге де зиялы қауым өкілдері мүшелерінен тұратын түсіндіру тобы құрылған. Түсіндіру тобының мүшелерімен қала, аудандарда жаңа әліпбиге көшу мәселесі бойынша кездесулер өткізіліп, республикалық, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында латын әліпбиіне қатысты мақалалары да жарыққа шықты.
Латын әліпбиінің алғашқы нұсқалары жарияланған кезеңдерде жоғары оқу орындарының ғалымдарымен «Латын графикасына көшудің ұтымды тұстары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, оның қорытындысы бойынша ғалымдар алғашқы нұсқалардағы диграфтар мен апострафтарға қатысты «бір әріп – бір дыбыс» принципін қолдауға қатысты ұсыныстары қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссиясына жолданған болатын. Облыстың барлық жоғары оқу орындарында, тіл орталықтары мен Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінде, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында латын әліпбиін енгізудің тарихи кезеңдері талқыланған дөңгелек үстелдер, жергілікті телеарналарда сұхбаттар, кездесулер, «Латын графикасына көшудің ұтымды тұстары» атты дөңгелек үстел, «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты пікірсайыс, қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру мақсатында «Тіл білімі және латын әліпбиі» тақырыбында онлайн семинар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты түйінді пікірлер талқыланған «Тіл, мәдениет, жастар – жарқын болашақ!» атты жастар форумы өтті. Шара барысында «Латын графикасы және қазақ тілі» мен «Мемлекеттік тіл – жастар» тақырыбындағы секциялық бөлімдерде қатысушылар тарапынан латын әліпбиіне көшудің ұтымды тұстары мен пайдасы туралы тұжырымдар айтылып, жастар өз ойларын ортаға салды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағытының бірі үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері», «Тілдарын» облыстық шаралары өткізілді.
Осы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы Жарлығы бекітілді.
Басқармада «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспарға сәйкес латын кабинеті ашылып, тұрғындарға қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі бойынша ақпарат ұсынылуда. Сонымен қатар «Халықара­лық «Қазақ тілі» қоғамы» облыстық фи­лиалының мүшелерімен кездесу, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілеріне арналған тайм-менеждмент тренингі өтті. Алдағы уақытта аталған жоспар шеңберінде «Қазақ тілінің латын графикасына көшу тиімділігі» тақырыбында диалогтық алаң, онлайн режимі арқылы тіл мамандарына арналған «Терминологияның өзекті мәселелері» ақпараттық сағат, қазақ тілінен флеш-тренинг курстарында ашық дәрістер, қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі бойынша қазақ тілі оқытушыларына арналған онлайн семинар, тіл мамандарына арналған вебинар және тағы да басқа шаралар өткізу жоспарланған.
Бүгінгі таңда өңірімізде Басқарманың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық тізімге енгізілген 4 жоба жүзеге асырылуда. Олар: тілдік-туристік-мәдени бағыттағы «Тіл – керуені» жобасы, «Отбасымен бірге үш тілді үйренеміз» жобасы, зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтарға арналған «Күн сәулесі» жобасы, сондай-ақ жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Тілдік келісім» жобасы.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып нақты әрі нық қадаммен алға бассақ, айтарлықтай үлкен кедергілер жоқ. Негізінен, халықтың көзқарасы, ниеті бір болса, қиындықтарды жеңіл шешуге болатыны анық. Жастар жағы, орта буын өкілдері компьютерді толық меңгергендіктен олар үшін латынды үйрену қиындық туғызбайды деп ойлаймыз. Латын әліпбиі негізінен төл әліпбиіміз болғандықтан, халқымыз үшін қиындықсыз іске асырылып кететіне сенім мол.
Демек, баршамыз елдік істе ұйысып, кемел жұмыстың қолдаушысы болсақ, болашақта ұлттың табысты болуының кепілі болатыны айқын.

Жібек ЖОЛШЫБЕКОВА,
Павлодар облысының 
тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы

Дереккөз: "Ана тілі" газеті

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер