Ежелден қазақ қызын дүйім жұрттың ұяты, халықтың шырайы деп баға берсе керек. Ұлт болып ұйысқан қазақ жұртының қаймағы бұзылмай, жеке халық болып қалыптасуына септігін тигізді. Қашан да ұрпағының болашағын ойлап, өркен жайып, өнегелі өмірдің өшпес ізін қалдыратын қазақ қаракөздерінің бейнесі бүгінде жоқ емес. Бар. Алайда, әр бұрышта жасырынып болсын немесе жарияға жар салып, темекіні телміріп тартатын қыз балалардың бүгінгі халі кімге үлгі? Келешекте кемеліне жетер бала сүйе ала ма? Жалын атқан жас кеуде лезде барынан айырылып, сорлыға айналатыны белгілі ғой.
Жеке тұлғаның мәселесі еместігі анық. Қоғам болып, қазақ даласының кеңдігіндей мейірімді жүректердің қарсы болары ақиқат. Ал, қоғам оларды қалай түземек? Бетіне басса да, жай сөзбен айтса да, "жұмысың болмасын" не болмаса тағы басқа да тұрпайы сөздерді айтып, бет бақтырмайды. Күнде қос жанармен көріп, құлақтың құрышын қисынсыз қандырып жүрген әдетті тіркес. Одан қала берсе, көшеде қоқыс жәшіктерінен қорғансыз табылып жатқан шақалақтың ешбір айыбы жоқ болса да, ананың аялы алақанынан адасып жатқаны жаныңды ауыртады. Таңғы жаңалықты көріп, таңырқамайтын да болдық. Сонда жанымызда отырған үлкендеріміз "осындайынан сақтасын, кім тәрбиелейді осындай жүрексіздерді" деп күйініп отырады.
Отбасындағы саналы тәрбие – қыз баласының құтты орнында қадірін арттырып, болашақ ана, сүйікті жар рөлін еркін атқаруына себепші болар еді.
Қазақ жігітінің қай-қайсысынан сұрасаңыз да, иманды, сұлу, тәрбиелі, тәлімді нәзік жандыны жанына жақын тартады. Отбасының шаңырағын биік ұстап, отымен кіріп, күлімен шығатын отанасының отауында, ғұмырын гүлдендіретін серік іздейді. "Тәрбие – тал бесіктен" дейтін асыл сөздің өзі талай дүниені айқындайды. Адамзат пен әлем бесігін тербетер бойжеткендердің белгісі – имандылық. Ұрпақтың сау, салмақты, салиқалы болып өсуі – елдің ертеңі. Қыз бала – болашақ ана. Бүтіндей бір ұрпақты тәрбиелейтін білімдар жан. Қазақтың қызы – қасиеті артқан ғасырлар жалғасы. Сол дәстүрді жоғалтпай, тар қапасты танымсыздықтан сақ болуымыз қажет.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті