Негізі бұл ұсынысқа қыз кет әрі болмаған. Ал ата-анасы, достары қалай қараған? Әке-шешесі қарсылық танытпапты. «Бұл сенің өмірің. Жүрегің не деп тұр. Соны орында» дейді бірден. Есесіне араласып жүрген достарының ақылы бар екен. «Жат елде қалай өмір сүресің? Өзімізден де сені ұнататын бір жігіт табылатын еді ғой. Асығыстық жасама» деп кеңес береді. Бірақ Әсем өз дегенінен қайтпайды. Үйлену тойы Алматыда өткеннен кейін Александрмен бірге мұхиттың арғы жағындағы бостандық аралына тартады.
Кубадағы үйлену тойынан кейін Әселіміз көзін ашып, төсегінен тұрса киімдері жуылған, тіпті үтіктеліп те қойған, таңертеңгілік ас та мұны күтіп тұр екен. Ол сол сәт өзін үйде емес, қонақүйде тұрып жатқандай сезініпті.
Бұдан әрі де Әсем кубалықтар және өзі қалап қосылған жігіті жайлы аузынан су құрып, тамсана әңгімелейді. Кубалық ер азаматтарға сүйіктісімен бірге романтикалық кешкі ас ұйымдастыру, күнделікті гүл ұсыну тән-мыс.
Жас шаңырақта өмірге келген сәбиді жуындырып, тамақтандыратын, киіндіретін, сондай-ақ үйді жинап, тамақ пісіретін, кір жуатын Александр екен.
Таңырқайсың. Сонда Әсем не істейтін болған? Жұмысына барып-келу ғана ма міндеті? Былай қарағанда Александр да бос жүрген адам емес. Жұмыс істейді. Мейрамханада музыкант.
Желідегі осы жолдарды оқып отырып: «Осының өзі насихат емес пе екен? Қыздарымызды азғырып отырған жоқ па?» деген ойға тірелдік. Солай да болуы мүмкін ғой. Әлгілерді тізген Әсемнің былай дейтіні де бар: «Кубалықтар үшін «мынау – әйелдің міндеті», «мынау – еркектің міндеті» деген жоқ. Мұнда теңқұқықтық. Жасыратын несі бар, қазақтың еркегі баланың кір киімін ауыстырмайды ғой. Олардың түсінігінде бұл әйелдің міндеті. Осының өзі әйел мәртебесінің төмендігін көрсетеді. Біздің отбасында олай емес. Кез келген проблеманы бірлесіп шешеміз». Бұл да насихат лаңының бір көрінісі. Жаратушымыз қателеспейтіні анық. Еркек пен әйелдің міндеті бір деуге болмайды. Әрқайсысының атқарар ісі бар. Оны текке уақыт бөліп, дәлелдеп жатпай-ақ қоялық.
Әсемнің әңгімесіне қарағанда, олар отбасында аракідік қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейтін секілді. Алайда негізінен жергілікті дәстүрлерге басымдық береді. «Рождество – біздің сүйікті отбасылық мерекеміз. Мереке қарсаңында ән шырқалады,би биленеді. Көп қонақ жиналады. Мерекелік дәм дайындалады…» дейді ол.
Қарындасымыздың бұл әңгімесінен не аңғарар едік? Байқауымызша, бұл қыз жеңіл өмірге құмар. Тіпті тамақты да дайындағысы келмейді. Кірді де жуатын біреу. Өмір оған музыка, шат-күлкі, ду-думан секілді. Шынтуайтында олай емес қой. Өмір қашанғы қызық, қуаныштарын алға тоса береді дейсің. Қиындық та, ауыртпалық та, қайғы-мұң да кездеседі. Сондай кездері кедергі-сынақтарға Әсемдей ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін қыздардың төзуі, қайрат көрсетуі екіталай. Сондықтан да қазақ қыздарының кейбіреулердің әдейі қызықтырып, жарнамалайтын «ертегі» өмірге сене бермеулерін қалар едік.
Әсемнің сөздерінен қазақы дәстүрді, жалпы қазақ азаматтарын ұната қоймайтыны байқалды. Оны айтасыз, өзі қазақ бола тұра қазақ жігітіне тұрмысқа шықпайтынын шімірікпей айтып жүрген қарындастарымыз да бар. Солардың бірі «Жейран» тобының әншісі Алтынай Жолдыбаева.
Бұл қыздың кей кездері ашық-шашық жүретінін, түнгі клубтардағы ерсі қылықтарын бетіне басқан кейбіреулер: «Сені жөні түзу қазақ жар етіп ала қоймас» деп ренжісе, бұл қазақпен тағдыр қоспайтынын ашық айтады. «Менің болашақ жарым қандай ұлт болатыны мен үшін маңызды емес. Маған батыл, күшті ер азаматтар ұнайды. Жалпы маған орыс жігіттері ұнайды» депті ол «Gakku» телеарнасына берген сұхбатында.
Көптің бірі емес, ел алдына шығып, қазақ сахнасында өнер көрсетіп жүрген қызымыз осылай дейді. Апыр-ай, қазақ жігіттері ұнамайтындай олардан қандай жамандық көрді екен?! Бірді-екілі көңілге жақпайтындар кездесер. Ондайлар қай халықта да ұшырасады. Ал бәрі бірдей ұнамсыз болуы мүмкін емес қой.
Қыздың қадірін білсе қазақ білер. Біз үшін қыздың ары – ұлт ары, қыз намысы – ұлт намысы. Қызға дәл осылай баға берген, қыз баланы дәл осылай бағалаған халық жер жүзінде бар ма екен? Жоқ шығар, сірә. Кешегі уақытта батырларымыз қыздың арын таптатпау үшін жаудан кек алды, өмірін қиды. Ақындарымыз өлмейтін, өшпейтін жыр арнады. Мұндай мысалдардың сан алуанын келтіруге болады. Қазақтың жігіттері, азаматтары нашар болса өзгенің нәзік жандылары жайдан-жай сезімдерін білдірер ме, жүрекжарды сөздерін арнар ма? «Дударайым-дудым, бір сен үшін тудым» деген-ді орыс қызы Мариям. Бұл нағыз ғашықтықты, іңкәрлікті байқататын жүрек лүпілі. Бір ұшпа сезімнің жетегіне еріп айта салмаған болар. Орыс әйелі, жазушы Галина Серебрякованың Сәкен Сейфуллиннің азаматтығы мен көркі жайлы таңдай қаға жазғанынан біраз жұрт хабардар. Оның бұл сөздерінен Сәкенге деген сүйіспеншілікті, ерекше бір сезімді аңғару қиын емес. «Бұл өткен заманда ғой» дейтін болсақ, халқымыз қазіргі күнде де үлгі тұтатын марқасқа жігіттерден кенде емес. Ел намысын қорғап жүрген спортшыларымыз Қанат Ислам, Данияр Елеусінді бүгінгі күннің батырлары деп ауыз толтыра айта аламыз. Димаш Құдайберген, Сүндет Байғожин төрткүл әлемді мойындатқан өнер иелері. Бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады. Қай салада да елдің мақтанышына айналған жігіттеріміз жетерлік.
Махаббат, сезім дегендерге тосқауыл қою да қиын. «Жүрекке әмір жүрмейді» дейтініміз тағы бар. Алайда сезімнің де сезімі болады. Өзге елдің адамының жетегіне ерген кейбір қыздарымыз шынайы, тұрақты сезімнің емес, уақытша, баяны жоқ сезімнің буына шалдыққандар ма деп қаласың. Бұған нақты өмірде де көз жеткізіп жүрміз. Шетелдің азаматына үйленіп, шамалы уақыт бірге тұрып, ақырында ажырасып, сөйтіп, елге жету мұңға айналған тағдырларға өзіміз де куә болып жүрген жоқпыз ба? Осындай оқиғалардан неге сабақ алмасқа?!
Адамның жеке өміріне араласуға ешкімнің де хақысы жоқ. Бұл баршамызға белгілі. Кім кімге үйленеді, кіммен бірге тұрғысы келеді – әркімнің өз шаруасы. Дегенмен де, біздің бүгінгі тілге тиек етіп отырғанымыз қолды бір сілтей салатын, басты ауыртып көңіл аудара қоймайтын мәселе емес. Біздің бүгінгі көтеріп отырған тақырыбымызға қатысты деректер бірен-саран болса үндемес едік. Бірақ олай болмай тұр. Жоғарыда келтірілген «5500 қазақ қызының қытайға тұрмысқа шығуы» немесе баспасөз бетінде кездесіп қалатын «жыл сайын бір мыңнан астам қазақ қызы шетелдіктерге тұрмысқа шығады» дейтін ақпараттарды көзіміз шалуы, яки болмаса Алтынай сияқтылардың өз ұлтының адамын менсінбей, өзгеге көңілі кетуі ойлантатын-ақ жағдай. Жұма-Назар Сомжүрек ағамыздың «бұлай болмасын, алдын алайық, әрекет жасайық» деп шырылдайтын да реті бар.
Көңілге қаяу түсіретін, намысты қамшылайтын, яғни қазақтың қара-көздерінің шетелдіктерді қалауының себебі не? Біреулер айтады: «Ақшаға қызығады» дейді. Ол да мүмкін. Бірде поезда келе жатқанда французға шыққан қызын жер-көкке сыйғызбай мақтап отырған қазақ азаматын кездестірдік. «Бізге айына 400 доллардан салып тұрады. Одан кейінгі қызым биыл университетті бітірді. Апасының қасына жібергіміз келіп тұр» дейді ойланбастан. Ұлт, намыс дегендер бұл кісінің басына кіріп-шықпайтын секілді. Олардан хабарсыз ба деп те қаласың. «Қыздарымыздың өмір көргенін қалаймын. Өркениеттің жақсылықтарымен танысқаны дұрыс» дейді білгішсініп. Тағы бір себеп, кейбіреулерге қызық, жақсы өмір шет елде сияқты көрінеді. Олар үшін басқа елде тұру артықшылық, мәртебе. Өзге де себеп-салдары болуы ықтимал. Ата-ана баласына, әсіресе қыз балаға дұрыс жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырса, ұлт намысына тиер жайттардың орын алмасы анық. Ендігі бір себеп – тілде жатқан жоқ па екен деп те ой түйесің. Олай дейтініміз, шетелдіктермен отау құрып жүргендер негізінен орыстілділер.
Тіл мәселесіне келгенде екіге жарылып отырғанымызды несіне жасырамыз. Орыстілді қарындасымыз бен өз тілінде ғана сөйлегісі келетін қазақ жігітінің әңгімелері жараса қоюы қиын. Сондықтан әлгіндей қыздарға орысшаға жүйрік жігіттермен (ұлты басқа болса да) бірге жүру, сырласу тиімдірек. Қазір ағылшын тілін жақсы білетін жас қыздарымыз көбейді. Олар көбіне шетелдік біріккен кәсіпорындарда қызмет етеді немесе шетелдерге іссапарға шығып тұрады. Осының бәрі шетел азаматымен танысуға, жүздесуге қолайлы мүмкіндіктер. Мұндай қарым-қатынастың бара-бара неге апарып соғатыны біз бен сізге жақсы белгілі.
Тілді жай нәрсе деп қарауға болмайды. Онда үлкен қасиет бар. Қазақ тілінің өн бойы имандылыққа, тазалыққа тұнып тұр. Онда намыс та, өрлік те, ұят та ұялаған. Осы қасиеттерді бойына жинақтаған адам көңіл қаларлық қадамдарға бара алмайды. Қазір байқайтын болсақ, қазақшадан гөрі орысшаға бүйрегі бұрып тұратын қандастарымыз көбейіп келеді. Әсіресе Алматыда. Отыздың о жақ, бұ жағындағы жас келіншектердің баласымен немесе қарт ата-әжелеріміздің немересімен орысша сөйлесіп бара жатқанын жиі көреміз. Бұл үлкен өкініш. Кешегі орыс тілі үстемдік жасаған заманның өзінде мұндай көріністі ұшыратпайтынбыз. Тәуелсіздікке, егемендікке ие болған бүгінгі кездегі «жетістігіміз» осылай болып тұр.
Орыс, ағылшын тілдерін үйренудің қажет екені саналы жұрттың бәріне аян. Алайда қазақ үшін өз ана тілі ана екі тілден де маңыздырақ, салмағы басым. Осыны үкіметіміз, мемлекетіміз халыққа түсіндіруден, насихаттаудан жалықпаса екен дейміз. Тіліне, дәстүріне, дініне берік қазақ қызы ертеңгі күндері өзгенің емес, өз ұлтының, өз халқының перзентін өмірге әкелетініне еш күмәнданбаймыз.
Шетелдіктердің қазақ қыздарына көз салатыны, жар еткісі келетіні жайдан-жай емес. Біздің қыздарымыз көрікті, түр-тұлғалары келісті. Шет елдің адамы түгілі өзіміз де сүйсініп, марқайып жүреміз. Бұл ата-бабаларымыздың арқасы. Жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алмайтын дәстүр біздің халықта ғана бар. Бүгінгі күнге дейін қыздарымыздың сымбатты, көз тоятындай болып өсуінің сыры осыдан. Халқымыз ертеден қыз тәрбиесіне баса көңіл бөлген. Алақанға салып, аялаумен қатар, артық жүріс-тұрыстан, көңілге қаяу түсірер әдеттерден сақтандырып отырған. Өйткені ол болашақ жар, ана. Ал қазақ үшін әйелдің, ананың орны бөлек. Ұлтының назарынан тыс қалмай, мейірімділікті, ізеттікті, ар мен ұятты, қала берді жауапкершілікті бойына сіңіріп өскен қазақ қызының жаны да, тәні де сұлу болатыны осындай ерекшеліктерден.
Қандай ұлт болса да сол ұлттың қыз-жігіттерінің бір-бірімен қосылғанын қалайды. Біріншіден, бұл ұлт үшін пайдалы. Халық саны көбейеді. Бағалы дейтін құндылықтар – тіл, дәстүр дамиды. Ел ішіндегі тыныштыққа, бейбіт өмірге де бұл қолайлы. Өйткені мақсат, мүдде бір. Өте нәзік әрі маңызды – ұлт мәселесіне қатысты дүрдараздық, алауыздық секілді жағымсыз қасиеттер бой көтермейді. Екіншіден, отбасы үшін де мәні зор. Бір тілдің, бір діннің өкілдері болғаннан кейін шаңырақта түсіністік, татулық орнығатыны белгілі. Әр отбасындағы ұғыныстық мемлекеттегі тұрақтылықтың қалыптасуына әсер ететіні бесенеден белгілі.
Ұлттық медициналық университеттің профессоры Сайын Садықовтың «Аралас неке генетикамызды бұзады. Одан бөлек демографияға кері әсерін тигізеді. Ең бастысы, тілге де көп зардабын әкеледі. Дін, діл, салт-дәстүрге де ықпалын тигізбей қоймайды» деген сөзіне қосылмасқа шараңыз жоқ. Жас кезде көп нәрсе білінбейді. Қартайғанда дүниеден өтіп жатса марқұм қандай дәстүрмен (мұсылмандық па, христиандық па) жерленуі керектігі де дау-дамайға айналатынын аралас неке иелері сезіне ме екен?
Қазақтың жері кең байтақ. Есесіне халқымыздың саны аз. Бізге көбею керек, өсу керек. Өз жерімізге өзіміз ие болуға тиіспіз. Сол себепті ана атанып, ұрпақты өрбітетін қыздарымыздың жат жұрттың табалдырығын аттамағаны жақсы. Бұл ұлдың да, қыздың да қаперінде болғаны жөн. Сөз жоқ, бұл үлкендерімізге де қатысты.
Нұрперзент Домбай
Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz