Халықаралық журналистерді даярлау мәселесі талқыланды
17.04.2018, 14:27

Халықаралық журналистерді даярлау мәселесі талқыланды

Халықаралық журналистерді даярлау мәселесі талқыланды ©ҚазҰУ Студенттік баспасөз Орталығы

V халықаралық Фараби оқулары аясында “Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық журналистиканы оқыту модельдері (MTIJ)” атты үшінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылыми конференция «Мамандыққа оқытудың жаңа алгоритмдері», «2018 жылдың медиа-трендтері», «ІІІ конференция (МTIJ): кеңес беру және диалог форматтары» бағыттарын қамтып, «Онлайн-білім беру үдерістері», «Әлемдік қауіп-қатерлер жүйесіндегі журналистика» «Тұрақты даму кластеріндегі медиасфера», «Медианы роботизациялау», «Постшындық кезеңі және контентті тексеру», «Crowdlearning: аудиторияны зерттеудің жаңа деңгейі», «Кибер соғыстар және жеке қауіпсіздік тәуекелдер» тақырыптарында өрбіді.

Конференцияны журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы ашып, биыл үшінші мәрте өткізіліп отырған жиын жұмысына сәттілік тіледі. Журналистер даярлаудағы өзекті мәселені кең әрі ашық талқылау білім беру және медиа саласындағы сарапшылардың өзара тәжірибе алмасып, мәселені бірігіп шешуіне ықпал етері даусыз деген сенім білдірді.

Конференция модераторы ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова ақпараттық контентті сауатты қалыптастырып, тілдік және құқықтық тұрғыдан біліктілік танытатын мамандар даярлаудағы өзекті мәселелерді ойталқыға салатын ғылыми жиынның маңыздылығын атап өтті. «Халықаралық журналистика» мамандығының өзекті мәселелерін тілге тиек етті. Қатысушыларды алдыңғы өткізілген екі конференцияның қорытындыларымен таныстырды.

Одан кейін сөз алған Алматы қ. ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов БАҚ дамуындағы жаһандық тенденцияларға байланысты баяндамасында БАҚ еркіндігі, плюрализм, журналистердің тәуелсіздігі және қауіпсіздігі саласындағы жаңа тенденцияларға сыни талдау жасады.

БҰҰ-ның Қазақстандағы қоғамдық ақпарат департаментінің директоры Властимил Самек БАҚ дамуындағы Қазақстанның елеулі әлеуетін атап өтті: «Біз, әрине, журналистиканы оқыту бойынша технологиялық, халықаралық стандартқа негізделген бағдарламалардың енгізілуі мен қолданылуындағы үдерістерді қолдаймыз. Әлемдік стандарт бойынша жұмыс атқаратын қазақстандық журналистер жаһандық ақпараттық кеңістікте шетелдік әріптестермен бәсекеге қабілетті болады».

Қазақстан журналистика Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев журналистер даярлаудағы білім беру үдерісінің сапасы мен деңгейін қатаң бақылау қажеттілігіне тоқталды.

Жиында баяндама жасап, өзекті ойларын ортаға салған профессор Ләйлә Ахметова, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова, «Internews» Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Марат Бигалиев, осы ұйымның жаңа медиа-кеңесшісі Анна Сукачева, заңгері Ольга Диденко,  «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Нәзия Жоямергенқызы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының президенті Есенгүл Кәпқызы,  Factcheck.kz редакторы Думан Смақов т.б. журналистер даярлау ісін үнемі жетілдіріп, әлемдік стандартқа сай сапалы даярлау қажет деген ортақ пікірге тоқталды.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер