Ел бірлігі - Президенттің Халыққа Жолдауында басты назарда!
14.09.2019ж.

Ел бірлігі - Президенттің Халыққа Жолдауында басты назарда!

Президенттің жыл сайынғы Халыққа Жолдауын Қ.К. Тоқаев мырза жалғастырды. Президенттің 2019 ж. Жолдауда атап кеткен кез-келген күрмеуі шешілуге тиісті мәселелерге байланысты тұжырымдамалық сөзі оның халықтың жай-күйін жете түсінетінінің көрінісі десе болады. 

Жолдаудағы ең басты мәселе – әлеуметтік жағдай, экономикалық даму, білім мен қауіпсіздік. Қарапайым халықтың өмірінде қордаланып қалған, тұрмыс-тіршілігінде туып жатқан қиындықтарды біртіндеп шешу. Ең бастысы – барлық сала бойынша жүргізілетін шараларды Елдің бірлігін нығайту арқылы жүргізу!

Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының халықтың көкейтесті тілектерін жедел қарастырудағы маңызын көрсетті. Бұл билік пен халық арасын жақындастыратын қадам болатыны сөзсіз. Сонымен бірге, әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім қоғамның бірлескен еңбегінің жемісі ретінде Ел бірлігінің тұғырда бекем ұсталуының шарты екендігі де түсінікті. Ендеше, елдегі этносаралық татулық қоғамның барлық саласы бойынша дамуындағы қажетті шарт екені Жолдауда басты назарда болды.

Мемлекетқұраушы ұлт қазақ қазіргі Қазақстанда тұратын этностар мен ұлыстардың  ұйытқысы екендігін елге де, әлемге де көрсетті және дәлелдеуде. Бейбіт өмір мен бауырмашылықты қадірлеген, ауызбіршілігі, ынтымағы жарасқан халқымыз қазіргі  және болашақ өмір үшін тұрақтылық пен татулық төңірегіне Қазақстандағы барлық этнос өкілдерін ұйытуда. Осы Жолдауда айтылғандай, қазақ халқының мемлекетқұраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру шараларын жүргізе беру қазақстандық әрбір азаматының міндеті деп ойлаймын. Осы орайда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблея бөлімінің қызметкерлері Қазақстан аумағын мекендеуші барлық этностардың қалыптасуы, дамуы, өсіп-өнуі мәселесін зерттеу негізінде, өткеннің тәжірибесі қазақстандықтардың тұтастығының тарихи негізі екендігіне ерекше мән береді.

Адамзат пен тарихтың қоғам дамуындағы өзара байланысына қатысты: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну - өткен тарихты білу, ал, өткен тарихты білу - болашақты меңгеру» - деген ұғым бар. Қазақстандықтардың бүгінгі күні ынтымақтастықта, болашақта біртұтастықта өмір сүру үшін өткен тарихының шынайы бейнесін анықтау қажеттілік болып табылады. Міне осы бағыттағы заманауи жобалардың бірі – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жүзеге асырып жатқан «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми картасы қазақ ұлтының мемлекет құрудағы ерекше миссиясын есепке ала отырып, ежелгі қазақ жеріндегі барлық этностардың қауымдасу үдерісін нақты, бейнелі көрсетуді мақсат тұтуда.

 «Қазақстан халқы» ғылыми интерактивті тарихи картасын жүзеге асыру негізінде: біріншіден, елдегі этникалық топтардың барлығы бірдей ортақ тарихи тағдыр және ел болашағына деген бір көзқараспен бірлескен тұтас халықты сипаттайтындығы туралы фактіні түйсіну; екіншіден, ГИС технологиялар негізіндегі электронды-картографиялық база дамудың түрлі тарихи кезеңдеріндегі этностар туралы тақырыптық материалдарды көзге көрсету; үшіншіден, еліміздің этно-мәдени дамуын айшықтайтын интерактивті карта жаһандық Интернет желісінде қарқынды дамып келе жатқан электронды ресурсқа айналдыру көзделді. «Қазақстан халқы» ғылыми интерактивті тарихи картасы Қазақстанның барлық этностарының тарихи және географиялық мәліметтері каталогімен бірге әрі электронды картографиялық өнім, әрі Web-бағдарлама негізінде қолжетімді геоақпараттық, интерактивті жүйеге айналуда.

Бұл интерактивті картаның ерекшелігі – еліміздегі барлық этнос өкілдері өз тарихымен таныса алады, мәліметтерді жаңалата немесе толықтыра алады, сондай-ақ этнос өміріндегі тағдырлы сәттерді ашып көрсетуге атсалыса алады. Сонымен бірге,  Интерактивті ғылыми тарихи «Қазақстан халқы» картасының тарихи отанынан жырақта жүрген этностардың тарихын, әдет-ғұрпын болашақ  ұрпағы үшін этникалық негізін сақтауда көмек көрсететін құрал ретінде де маңызды деп есептейміз.

Мысалы, Оңтүстік өңірде мекендейтін этнос өкілдерімен кездесу барысында анықталған жайт, үлкендері болмаса жастары ұмыта бастаған салт-дәстүр, рухани және материалдық мәдениет түрлері, дәстүрлі киім түрлері,  этносқа тән өнер ерекшелігі және т.б. этникалық ерекшеліктерді көрсететін мәліметтер осы картада өз көрінісін тапты. Сондықтан, интерактивті карта қазақстандық әрбір этностың рухани жаңғыруы үшін қажетті құрал. Карта әрдайым толықтырылып, жетілдіріліп отыратын болғандықтан, жастардың интернет кеңістігіндегі ғылыми, шынайы тарихы негізінде дайындалғандықтан, мәліметтері шүбә келтірмейді. Сонымен бірге, ұмытыла бастаған этникалық қайнар көзімізді қалпына келтіруге көмектеседі деп өз бағаларын берді. Мысалы, араб диаспорасының өкілі Монер мырза әңгімелесу барысында Интерактивті ғылыми тарихи «Қазақстан халқы» картасының жасалуы тарихи отанынан жырақта жүрген араб этносының болашақ ұрпағы үшін этникалық негізін сақтауда көмек көрсетер игі іс-шара деп, өзінің ризашылығын білдірді.

Картамен танысқан cайын кем-кетігі байқалып, әрбір этнос өкілдерінің ерекшеліктерінің ішіндегі көрінсе деген тұсы, байқалса деген сәті сол этнос өкілдерінің талқылауына түсіп, әрбір этнос өкілдерінің көзқарасы тұрғысынан дайындап жүрген материалдары болса, тіпті жақсы, сол материалдарды енгізсе деген ұсыныс жасаймыз. Бұл жобаны жүзеге асыру – тарихшылар тарапынан Елдің бірлігін сақтаудағы қосқан үлесі деп есептейміз. Себебі, біздің дүниетанымымыз халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты.

 

Құдайбергенова А.И., т.ғ.д., доцент

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институты

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер