Показать содержимое по тегу: мырзан кенжебай
Алла кешірсін, кейде сонау ноғайлының Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет жырауларын айтпағанда тіпті, қазақтың алдағы үш ғасырда қандай күйге түсерін көзбен көріп, қолмен ұстатқандай, айнақатесіз айтып кеткен Мөңке бидің, оның бержағындағы Әбубәкір Кердері, Сарышолақ, Есенгелді Ақпан жырау, Қарасақал Ерімбеттердің, Дулат (Бабатайұлы), Шортанбайдың жырларын оқи бастағаннан дүниеде ақындардан өткен әулие бар ма екен деген бір күпірлік ойға кетеді екенсің.
Әулие Мөңке айтқаны
Айнымай келді алдыма
Бағымның неден қайтқаны
Құдайдың көңілі қалды ма
Елімді билеп барады
Кешегі келген қаңғыма!
Бұл – Сарышолақ шайыр Боранбайұлы. Мұнда ол елімді кешегі келген қаңғыма билеп барады дегенде қазақ даласына арбасын шиқылдатып, зеңбірегін күркіретіп, найзалы мылтығын шошаңдатып қара құрттай қаптап келіп айдынды көлді, асқарлы бел мен жайлаулы жерді тартып алып жатқан орыс әскерлері мен солардың ізімен келіп жатқан мұжықтарды айтып отыр.
Би, старшын мойнына
Жезден қарғы тағынды,
Аға сұлтан, қазылар
Кәпірге болды жағымды...,-деп Дулат күйінсе, Мұрат Мөңкеұлы:
Мен қауіп еткеннен айтамын
Кешегі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін
Ащы суға тойдырып,
Қауғадай шашын қойдырып
Бұза ма деп реңін
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін,–деп күңіренеді.
Иә, патшалық Ресей де, оның ізбасары Кеңестік Ресей де осы шерменде де шерлі шайырлар айтқандай қазақтың жері мен суын ту-талақай қып басып, бөлісіп алған соң енді тілі, діні, үрдістері сияқты ұлттық қасиеттерінен айырып, әлдебір мәңгүрт мақұлыққа айналдырумен айналысты. Соның нәтижесінде Мөңке би айтқан әкесіне қарсы сөйлеп ежірейген ұлы, бедірейген қызы, дүдәмалдау діні, алашұбар тілі бар қазақ деген ұлт дүниеге келді. Көңіліңізге келсе де айтайық, біз бүгінде жоғарыдағы әулиедей ақындар айтқандай күйге түскеніміз рас. Егер ел басқарып отырғандар, әсіресе, қазақтың ұлттық санасын, ұлттық намысын оятуды дереу мемлекеттік деңгейде қолға алмаса, тәуелсіздік алдық деп он, жүз жерден шуылдаса да жәй халықтың сана-сезімі ешқашан өздігінен оянбайды. Ал, ғасырлар бойы орыс отаршылдығының құрсауында тілі шұбарланған, әжесі немересімен орысша сөйлеуді шен де, сән де көретін қазақтың санасын сені адам қылған орыс деген құлмінезден айырмау үшін сонау патшалық Ресей заманында шығарылған әулие Георгий лентасы дегенді жыл сайын 9-шы мамыр қарсаңында қазақтардың үлкен-кішісінің мойнына, төсіне, көлігіне тағып қойсаң да жетіп жатыр екен. Қазір дүния жүзінде Ресейден басқа не Еуропаның, не Американың, не Африканың бірде-бір мемлекеті тойламайтын Жеңіс күні деген мейрамды Ресейге қосылып Қазақстан тойлайды. Оған кейінірек тоқталармыз. Ал 9-мамыр қарсаңында Қазақстандағы Ресей елшілігі қазақтарға шүлен таратқандай тарататын әулие Георгий лентасы деген не нәрсе? Бұл сарыала таспаны Ресейдің Қазақстаннан басқа республикалардағы елшіліктері жұртқа таратпақ түгіл көрсетуге де қымсынады. Бұл орден алғаш рет сонау орыс-түрік соғысы (1769-1774) кезінде орыс сарбаздарын (солдаттарын) жігерлендіру үшін христиандардың діни көсемінің бірі Георгийдің атынан тағайындалды. Қанша патшасы мен президенті өзгеріп жатса да Ресейде ең алдымен орыстың мүддесін қорғау саясаты өзгермейді. КСРО-ны басқарған Кремльдегілер де өздері «Ұлы Отан соғысы» деп атайтын соғыс кезінде 1942 жылы бұл орденді қайта қалпына келтірді. Енді оны бүгінгі Ресей қайта жаңғыртып (1992 жылдан) отыр. Айтпақшы, соғыс алдында мал тиейтін қызыл вагондармен Мәскеу Қазақстанға ауыл-ауылымен әкеп төккен әзірбайжандар, месхеттер, чечендер, қарашайлар, өзге де ұлт өкілдері оны «Ұлы Отан соғысы» деп мойындамайды. Ал Украина, Латвия, Литва, Эстония, Молдова, Кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған кездің өзінде «Жеңіс тойы» дегенді тойлап қарық қылған жоқ. Бұл күн Германияда «қаралы күн» ретінде атап өтіледі. Ал ғылым-білімі, әдебиеті мен өнері, мәдениеті мен өнеркәсібі дамыған, әлемдегі озық ойлы елдердің бірінен саналатын іргелі бір ел қаралы күн деп есептейтін күнді «Жеңіс күні» деп, «За русский народ», «За русскую армию», «За Россию» деп тостақан толы арақты суша сіміріп, думандатып той-тойлау мәдениетті халықтың істейтін ісі емес. Жалпы қасиетті, ислам дінінде «Жеңіс тойы» дегенді тойлау да күнә. Өйткені, «Жеңістің» жолында екі жақтан да жүз мыңдаған, миллиондаған жазықсыз пенденің қаны төгілді. Өз әкем Сахи мархұмды ата деп атайтынмын. Ол кісі діни кітапты біраз оқыған адам-ды. Бірде «Ата, соғыста қанша немісті өлтірдің?» дегенім бар. Сонда ол «қой-ә! Қайдағыны айтпа! Неғылам оның қанын төгіп. Ол да біз сияқты кәмәндірлерінің, үкіметінің айдап салуымен амалсыз келе жатқан Құдайдың пендесі. Әпесеріміз: «істірлай» деп бұйрық бергенде ғана басымды төмен салып, жерге қарата көзімді жұмып, атып-атып жіберетінмін»-деп еді қайран, әкем!
«Көп айтса көнді, жұрт айтса болды-әдеті надан адамның» деп асыл текті Ибраһим (Абай) айтқандай кеңестік идеология еті мен сүйегінен өтіп, қанына сіңіп қалған бүгінгі қазақтарға «бұл біз үшін Отан соғысы емес» десең әкелеріміз осы соғысқа қатысқан, аузыңды жап дейтінін де көріп жүрміз. Олар әкелері ол соғысқа өз еркімен бармағанын, оның алдында Ресей қолдан жасаған ашаршылықтарды, неше түрлі тәркілеу, халық жауы, Американың, Жапонияның тыңшысы, жер аудару, ату-асу сияқты зобалаңның талайын бастан өткерген байғұс халық рухы тапталған, әрнәрседен қорқып, үркіп отыратын және Мәскеу не айтса соны істейтін қараңғы тобырға айналдырылғанын айтсаң да түсінбейді. Айтпақшы, орыспен кіндігі бір бауырласы дерлік Украинаның Ресейден кетісуінің бір себебі де осы «Жеңіс күніне» деген көзқарастың екітүрлілігіне байланысты еді. Ресей өз қоластындағы кез-келген ұлтты санасыз мәңгүртке айналдырудың ондаған, жүздеген тәсілін қолданып келеді. Егер сол ұлттан бас көтерер, ұлтының тілін, салт-дәстүрін тірілтіп, санасын оятатын немесе азаттық алуға үндейтін біреу шыға қалса Ресей басшылығы дереу оның көзін құртуды, ең болмаса адамдар арасына, ел ішіне іріткі салушы етіп көрсетуді дереу қолға алады. Мысалы, Украин халқының ұлтшыл азаматы Бендераны олар басқа ұлттардың да, тіпті, бірсыпыра украиндардың да санасына ең жексұрын, ең жауыз, отанын сатқан кісі ретінде сіңіріп тастаған. Ал Бендера өзіміздің кешегі алаш арыстары сияқты украин халқының қамын ойлаумен өткен ер де, өр тұлға. Ресейдің осындай санасыздандыру саясаты қазақ жерінде зор шеберлікпен жүріп жатқанын ешқандай «Нұр Отан», ешқандай «Ақжол» партиясының мүшесі, не депутат болмаса да, ешқандай журфак, политфак бітірмесе де көкірек көзімен аңғарған Есенгелді Ақпан жырау Кеңес үкіметі қудалағасын өзі туған Ақтөбе аймағынан Қарақалпақ ауып бара жатып «Сарыарқаның даласы-ай, Ашалы тоғай ағашы-ай, Шер-шемендей қайнайды-ау» көкіректің санасы-ай, Санасыз болып барасың сары қазақтың баласы-ай»-деп сол заманда-ақ біздің осындай «шұбартіл» «дүдәмал дін» күйге түсіп бара жатқанымызды айтқан-ау, ә? Ол кезде қазақтар Сарыарқа деп бір шеті Атырау, Ақтаудан бүгінгі Торғай өңіріне шейін Ресеймен шекараласып жатқан ұланғайыр өлкені айтқан. Махамбеттің «Арқаның қызыл изені», Құрманғазының «Сарыарқасы» да сол өңір.
Иә, Батыс өңірінің ақын-жырауларын осындай жырларын оқып отырып, сол бейбақтар осы күнгі қазақтардың мойнына Георгийдің сары лентасын тағып алып «Спасибо, деду, За победу!»-деп кәйіпке түсіп шуылдап жүретінін де білген бе деп қаласың. Ол заманда осы орденді қазақтың орысқа тиген қызынан туған генерал Корнилов тағып жүріпті. Ал осы «Жеңістің» 70 жылдығына арналған, Мәскеуде өткен әскери парадқа Белорусь президенті А.Лукашенко да келген жоқ. Оның есесіне қазекемдер әкесі тіріліп келгендей дүрілдетіп тойлаумен болды. Соларды көріп отырғанда Міржақып Дулатовтың «Орыс отаршылдары Ресейдің қоластындағы басқа халықтарды маймыл ойнатқандай қылды» дегені еске түсе береді екен.
Күйінгеннен
Ат үстіндегісі намыссыз, арсыз кіл кердең,
Ақсақалдары сақалын сатып күн көрген
Жұртымды көріп жабырқау сөзді көп жаздым
Есі бар қазақ еңіреп жылар жыр-шермен,-деуге де бардық.
Мейрам, мереке дегендердің өзі үлкен тәрбиелік, тағлымдық және саяси іс-шара. Ол бір ұлттың басынан өткерген тағдырына, тарихына, ұлттық ерекшелігіне сәйкес келсе, екіншісінікіне мүлде қарама-қайшы болады. Сондықтан, нені тойлап, нені мейрамдасақ та осы жағын ойланып алайық, тәуелсіз қазеке!
Дереккөз: qamshy.kz