Показать содержимое по тегу: темір тор
Ғаламтордың жат ағымдардың насихат ошағына айналып отырғаны жасырын емес. Діни танымнан хабары аз жастар осындай желілерге кіріп, байқамай біреудің қазған орларына түседі. Ақмола облысында бір жас азаматқа қатысты сот процесі басталды.
Ол әлгіндей желіде отырып, жиһадқа үндейтін ақпаратқа «лайк» басқан. Бұл туралы Ақмола дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Қасенов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
Бір қарағанда бұдан не өзгерді дейсіз ғой. Жаңағы білместіктен басқан «лайк» сол желідегі жат ағымның насихатын тарату деп есептеледі екен. Себебі, ол өзі оқыған ақпаратқа лайк басып қана қоймай, оны өз достарына таратқан. Демек, ол ғаламтордағы заңсыз ақпаратты таратушылардың бірі саналады.
«Жат ағымның өкілдері жастарды өздеріне тарту үшін әлеуметтік желіге Құран мен хадистен асыл сөздерді келтіріп, бір жерінде ғана жиһадқа шақыруы мүмкін. Бұл да адамды Құран аяттары арқылы баураудың бір құйтырқы жолы. Аңқау адам Құран аятына лайк басып жатырмын деп ойлауы мүмкін. Бірақ, ол жаңағы жат ағымның теріс насихатын таратушы болып шыға келетінін аңғармайды»,–дейді Ақмола дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Қасенов.
Бүгінде түзету мекемелері сәләфилік ағым өкілдерінің де жазасын өтеу орнына айналды. Жергілікті дін басқармасы мен теологтар да оларды райларынан қайтару үшін қыруар жұмыс істеуде. Ақмола облысында сырттан алдырылған бір ғана теолог бар. Онға тарта түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілермен оның жеке жұмыстары нәтижесін бере ме?! Биыл облыс бойынша түзету мекемелерінде 16 адам райларынан қайтып, дәстүрлі дінімізге оралды.
Ақмола облысының әділет және басқа да құзырлы органдарында барлығы 122 діни ұйымдар және 70-тен аса миссионерлер тіркелген. Дін басқармасының өкілі тіркеуден бас тартып, өздерінің насихат жұмыстарын заңсыз жүргізуге тырысатындар да жоқ еместігін де атап өтті.
«Еліміздегі дін саласындағы заңда діни ғибадат орнынан тыс жерде өз насихаттарын жүргізуге тыйым салынады делінеді. Әкімшілік құқық бұзушылық заңдарымен ондай заң бұзушыларға 50-ден 200-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатыны да айтылады. Бірақ, адамдардың бәрі заңды орындай бермейді. Арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерде діни әдебиеттер таратады. Қарапайым адамдарды өз қармақтарына түсіріп, арбайды, алдайды», – дейді Қасенов.