ОҚО-да алғаш рет «ontest» жүйесі іске қосылды
16.02.2018, 10:34

ОҚО-да алғаш рет «ontest» жүйесі іске қосылды

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұстаздардың жалақысы 30 пайызға артты. Білім саласындағы жаңартылған бағдарламасы аясында орын алып отырған жаңалық әзірге 1,2,5,7 сыныптың оқытушыларына ғана қатысты. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен барлық сынып мұғалімдерінің еңбекақылары жоғарылайтын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Білім басқармасының басшысы И.Сағындықов мәлімдеді, - деп ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап silteme.kz АА хабарлайды.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, 3,6,8 сыныптар, 2019 жылы 0,4,9,10 сыныптар, 2020 жылы 11 сынып ұстаздарының жалақылары да 30 пайызға жоғарылайды.

«Ауылдық елдімекендегі мектеп мұғалімдерінің жалақыларына санаттарына қарай орташа есеппен 30 мың мен 21 мың теңгенің төңірегінде қаржы қосылады. Ал, қалалық мектеп мұғалімдеріне орташа есеппен 24 мың мен 17 мың теңгенің аралығында қосымша еңбекақы төленетін болады», – деді Исатай Өмірзақұлы.

Сондай-ақ, жиында басқарма басшысы өңірдегі білім саласының басты жаңалығы ретінде Ұлттық бірыңғай тестілеуіне дайындалуға арналған http://ontest.kz бағдарламасымен таныстырды. Мектеп оқушылары сынаққа дайындалу үшін онлайн режимде аталған сайтқа кіріп өз білімдерінің қаншалықты деңгейде екенін біле алады.

Оқушы жүйеде жұмыс істеу үшін аты-жөнін, электронды почтасын, жасырын сөзді, ауданын, өзі оқитын мектебін енгізіп тіркелуі керек. Сынақ тапсырушы тестілеу қорытындысын сол мезетте біле алады. Сонымен қатар онда оқушының жеке кабинетінде қашан және қанша рет тестен өткені туралы мәліметтер болады.

Сондай-ақ, оқушы қай сұрақтарға дұрыс жауап бермегені туралы мәліметті көріп қатемен жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Шәкірттер үшін тестілеу тегін және мобильді құрылғы арқылы да пайдалана алады. Республикада алғаш рет қолға алынып отырған жүйе ақысыз түрде жұмыс жасайды.

Айта кетейік, осы бағдарлама арқылы білім басқармасы облыстың кез-келген мектебінде қанша оқушы дайындық сынағын тапсырғаны, оның пәндер бойынша орта баллын, мектептің орта балын, ауданның орта балын көру мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр.

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер