Студенттер университетке бармай-ақ онлайн оқи ала ма?
23.01.2018, 18:08

Студенттер университетке бармай-ақ онлайн оқи ала ма?

Заман талабына сай Қазақстандағы білім беру жүйесі онлайн платформаға ауысып жатыр. Қазіргі қоғамда ұстаз бен дəріс оқытушысының да рөлі өзгерген. Мұғалім шəкіртке тек бағыт-бағдар беретін жолнұсқаушы. Оқушы қалаған дүниені өз қызығушылығына байланысты оқып біледі. Білемін, үйренемін деушілерге жол ашық. Соңғы жылдары онлайн түрде тегін оқытатын жақсы жобалар қолға алынып жатыр. Сөзіміздің дəлелі – OpenU.kz атты «Қазақстанның ашық университеті» онлайн білім беру платформасы. 2017 жылы құрылған білім беру платформасының дəрістерін қазірдің өзінде мыңнан астам адам тыңдап үлгерген.

«Қазақстанның ашық университеті» білім беру платформасында математика, физика, информатика сияқты ірі ғылым салаларымен қатар бизнесті жоспарлау, бағдарлама тілімен күрделі технологияларды модельдеу мен құрастыру сияқты салалардың кəсіби мамандарына арналған дəрістер де бар. Жоба қазақтілді аудиторияға арналған. Ондағы білім беру контентінің 80 пайызы қазақ тілінде.

Қарапайым тілмен түсіндіргенде, еліміздегі ең мықты деген жоғары оқу орындарының оқытушылары өздерінің дəрістерін осы платформаға салып отырады. Осы дəрістерді алу үшін ОpenU.kz сайтына тіркелсеңіз жеткілікті. Ол дəрістерді тек оқушылар мен студенттер ғана емес, қызығушылық танытқан кез келген азамат ала алады. Былтырдан бастап қолға алынған жобаны «Ұлттық аударма бюросы» (бұрынғы WikiBilim қоғамдық қоры) мен «Кселл» АҚ бірлесе жүзеге асыруда.

«Білім беру жүйесі бір орында тұрмайды. Біз Қазақстанда онлайн білім беру мəдениетін қалыптастыруымыз керек. Бұл жобаның көңілден шыққаны жəне қолданушылар саны мыңнан асқаны қазақстандықтардың digital платформалар арқылы білім алуға дайын екенін көрсетеді. Жоба қоғамның барлық мүшесіне білім алуға мүмкіндік беріп отырған əлеуметтік маңызды жоба болғандықтан, біздің компания қолдау көрсетуін жалғастыра береді», – дейді «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова.

«Қазіргі кезде мектептегі мұғалімдер мен жоғары оқу орнындағы оқытушылар дəріс барысында жаңа технологияларды қолдануға қорқады немесе қашқақтайды. Сондықтан жастардың білім алуға деген ынтасы төмен. Қазір барлық жасөспірімнің қолында смартфон бар. Ал біз ұсынған онлайн дəрістерді студенттер мен оқушылар, азаматтар өздеріне ыңғайлы жерде кез келген уақытта көре береді», – дейді «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

Ресейде онлайн білім беру заң жүзінде қолға алынған. Қазақстанда онлайн білім беру заңға қайшы келмегенімен, заң жүзінде реттелмеген. Егер осы салада тиісті заңдар қабылданар болса қазақстандық студенттер университетке бармай-ақ онлайн дəріс тыңдай алуы мүмкін.

Қазіргі таңда үйден шықпай-ақ, «сиқырлы» смартфонның көмегімен түрлі қажеттілікті өтеуге болады. Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, анықтамаларды алып, үйде жатып киім дүкендеріне, тамақтану орталықтары мен тұрмыстық техника дүкендеріне тапсырыс беріп, қажет затыңызды алдыруға болады. Достарыңмен, жақындарыңмен сөйлесу үшін де арнайы кездесуге барудың қажеті жоқ. Енді сабақты да үйде оқып, емтиханды да қашықтықтан тапсыру мүмкіндігі тумақ. Бұл мүмкіндіктер жалқаулық синдромын тудыру үшін емес, пайдалы іске арналған уақытты көбейту мақсатында жасалып отырғанын ұмыт қалдырмасақ болғаны.

©Дана Маратова, "Ұлан" газеті

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер