Ат сейісі — Тілеген Өрісбаев
24.07.2016, 14:24

Ат сейісі — Тілеген Өрісбаев

Жылқыны бағу мен оның өнімдерін адам игілігіне жарату – күнелтіс қамы болса, оны баптап, жаратып, бәйгеге қосу – өнер. Өнер болғанда да қанмен сіңетін қасиет, аса қызығушылықпен жылдар бойы ден қоя үйренбесе, зерттемесе сырын оңайлықпен аша қоймайтын ғылым. Жылқы түлігін алғаш қолға үйреткен немесе жылқы түлігі алғаш даласынан табылған деп аталатын біздің халқымызда жүйрікті жазбай танып, оны балаша баптап, құстай ұшырған дала перзенттері – атбегі, сейістердің орны бір бөлек.

Қазіргі технологиялық жаңғыра жетілу заманында бірқатар ұлт­тық құндылықтар мен салт-дәс­түрлеріміздің, көненің көзі саналатын кәсіптік-тұрмыстық құрал-жабдықтарымыздың қолданыс аясы тарылып немесе біржолата қолданыстан шығып, енді біреулері ұмытыла бастағаны жасырын емес. Ат өнерінің өзі тамырында қаны бүлк-бүлк ойнаған баяу қалыпта, яғни төрт аяғын көсілте шапқан кең көлемдегі қолдауға ие болып кете алмай тұр. Мұндай жағдайда ел арасында кешегі Толыбай сын­шының ізбасарлары қалды ма, қалса ол атбегі, сейістердің жағдайы нешік? Атадан балаға мирас болған әз өнерді қалай жалғастырып жүр? Еш жерден қаржыланбайтын, ешқандай бағ­дарлама мен жоспар-жобаға кірмейтін «дала мектебінің дана ұстаздары» жас ұрпаққа «сабақ-дәрістерін» қалай үйретуде?

Ұлан-ғайыр кеңістікке кең қо­нып, көлбей жайлаған Ұлы да­ла елінің даңқын алысқа жайып, ТМД аясындағы айтулы додалардан байрақпен оралып жүрген Адай жылқыларының өрісі болған Маңғыстауда атбегілік өнердің тіні пытырлай үзіліп, барынша жұқарған сәттер болды. Бірақ үзіл­ген жоқ. Ел арасында ондаған болмағанмен бірен-саран сейістер алтын тінді аялап әкеліп, бүгінгі буынға жалғап үлгерді. Бүгінде ащы шөпке жайылып, қатаң қыс пен ші­ліңгір шілдеге бейімделе жетіле түскен Адай жылқыларының өсіп-өнуінде, тұқымдық тұрғыда жа­ңарып-жетілуінде, халықаралық жарыстарда топ жаруында осы ат­бегілердің ерен еңбегі тұр. Сондай-ақ, бұл жеңістер мен же­тістіктер — үйірлеп сән-салтанатымен жылқы айдап, оларды тек сан жағынан ғана емес сапалық жағынан асылдандырып, тұяғының желі, қанының қуаты бар текті тұлпарларға мән берген, оларды құлын кезінен танып, адам таңғаларлық құн төлеп сатып алып, баптап бағын ашқан, тіпті қажетті жерінде бір тай үшін бәстесіп, бір байтал үшін жа­нынан баз кешкен аталардың атқұмарлығының нәтижесі.

Бір ғана мал атаулының бабы мен оны бағу-қағудың қыр-сырын «біліп туған» сұңғыла Ескелді Саназар әулиенің әсіресе жылқы түлігіне қатысты көріпкелдігі, сейістігі тарихтан мәлім. Қалмаққа қарсы аттанбақ болған Тоқтамыс батырдың тақымы толатын ат-көлік іздегенде Жем бойындағы Саназар байды іздеп барып, үйі­рінен ат таңдауы тегіннен-тегін емес. Сол сияқты Саназар бай жие­ні Балуанияз батырға құла атты мінгізіп жолға шығарып салғалы тұрып, аттың басындағы жүгенін сыпырып және шоқтығынан бір уыс қылды қиып алады да, езуіндегі сілекейді орамалына сүртіп, оны түйіп қалтасына салады.

Қазір Маңғыстауда ат жаратып, ат қосып жүргендердің арасында Тілеген Өрісбаевтың орны бөлек. Ол бүгінгі жас буынның ұс­тазы, кешегі құрық ұстаған сейістердің ізбасары. Атадан әкеге, одан өзіне дарып, бүгінде балаларынан немерелеріне өткен сейістік өнердің жуан ортасында жүр. Жеті жасында бәйге атқа отырған ол әкесі Өрісбайдың айтулы Қарабурыл айғырының жалында ойнап өсті, қашаған қуып, тай жуасытты. Тіпті, жүген-құрық тимеген шу асауды жүйрікпен қуып жетіп, қапталдай жүріп ноқталап, үстіне қарғып мініп шауып кете беретін әдісті, кей кездері ноқталамай-ақ асаудың жалынан ұстап шабуды, асау тай, құнан, дөнендерге мінуді Тілекең он-он екі жасында-ақ меңгеріп алған болса, бесті асауларға бас білдіруді 14-інде үйренген екен. Қарғадайынан жылқы малының қыр-сырына қанығып, құрығы құтты әкесінің ілімі мен тәлімін сіңіріп өскен ұл оны өзінің зердесіне сала байытып, тәжірибесімен жетілдіріп, кәнігі жылқышы болып қалып­тасты, жылқыны алыстан таныр сыралғылық, сыншылық қа­сиеті ашылды. Кушкада әскер қатарында жүргенде атқұмар түрік­мен жігіттерімен танысып, олар­дың ат сынатуға бөлімнен арнайы алып кеткен кездері де бол­ған және қазақ жігіті танып, «осы жылқыдан бірдеңе шығады, баптай бер» деген асауларының алды бұл әскерден кеткенше-ақ топ жарып, бірі «Волга» автокөлігін, екіншісі «Урал» мотоциклін ұтып алып, олжа салып үлгерген екен. Осылайша жастайынан әкесі Алданов Өрісбайдың қасына еріп, жыл­қы шаруашылығын бойына да, ойына да сіңіріп өскен Ті­леген бүгінгі ағалық, аталық жас­қа дейін бірнеше жылқы баптап, аламандардың дуын қыз­дырды. Өзінің сейістік дәстүрін жал­ғас­ты­ратын ізбасар шәкірттер тәр­бие­леп шығарды. Ол жылқы малына қатысты шаруалар – қысырақ бай­лау, асау жуасыту, құрық салу, кү­зеу, ақталау, құлын байлау, тағы да басқа жұмыстарды еппен, баппен, біліктілікпен жүргізудің хас шебері.

– Жылқыға салынатын құрықты тым жоғары көтеріп, көздеріне көрсетуге болмайды. Мұндай жағ­дайда әккі айғырлар мен биелер құрыққа ілінбеу үшін бас бермей жалтарып кетеді. Сондықтан құ­рықты көрсетпей келіп, иә иектің астынан, иә қос құлақтың тұсынан қағып салу керек, – дейтін Тілеген дөненді күзеуді «жалын түбіне тақамай төрт елідей биіктікте сыпыра күзеп шығып, уысқа толық ілінетіндей шоқтық қалдырамыз. Көзіне түспес үшін кекілін де сәндеп қысқартып қою керек. Ал құйрығын түбіне дейін сыпы­ра күзеп, тек ұш жағына ғана аз­ғантай «шыбын қағар» шашақ қалдырасың, дейді шәкірттеріне.

Тілекеңнің айтуынша, ат бап­таудың бірыңғай қалыптасқан қағидасы, қалып үлгісі – стандарты жоқ. Баптау әр аттың өзінің мінезі мен ерекшелігіне қарай жүргізіледі екен. Демек, қанша ат бар десек, олардың сонша мінезі бар, яғни сонша баптау түрлері мен ерекшеліктері болады деген сөз. Шебер атбегі болу үшін әрбір жылқының психикасын, ішкі сырын, мінез-құлқын толық меңгеріп, соған сай әрекет ете білу керек дегенді ұғындырады. Бірде мал да болса көңіл-күйі болмағандықтан жақын арада өтетін аламанға қатыстырмаймыз деп шешкен жүйрігі иесінің ойын оқып, одан сайын мүжіліп, жабыға түскен екен. Жануар аламанға қа­тысқысы келгендігін оқыс дауыс шығарып, ұйқыда жатқан иесін далаға жүгірте шығарады. Қараса кеше ғана көңілсіз жүрген жылқы біртүрлі өзгеріп, оқыранып тұр. Нар маяның жаңа сауылған бір шелек сүтін сіміріп ішіп алып, одан сайын жайнай түседі. Түр-тұрпаты ұнаған соң, Тілекең оны аяқ астынан аламанға әкеліп, қосып жібермей ме? Бір-екі сағаттық жаратудан соң-ақ тынысы ашылған хас жүйрік қара үзіп келеді. Тілекеңнің өмірінде жылқыға қатысты осындай алуан әңгімелер, адам айтса нанғысыз жағдайлар өте көп.

– Бәйге аттарын жазғы маусымда жұлдыз шыға салқынмен отқа жіберіп, күн шыға ұстаған жөн. Таң асқан жүйрікті түнгі сағат 3-4-тер шамасында отқа қойып, 7-8 сағат жайылған соң байлап, кешкі ымырт түсе қайтадан өріске жібереді. Бұл жерде жайылымның сапасын да ескеру керек. Атты аяңдатып, жел­діріп, шаптырып жаратқанда тыныс жолдары ашылады, бұлшық еттері ширайды. Сіңірі бекіп, ащы тері шығады. Алғаш ұсталған жүйріктер осындай кезде артық тезегін тас­тап, жеңілдей түседі. Келісімен 5 сағат қысқа қаңтарып, суытуға қойылады. Ертесіне осы жағдай тағы қайталанады. Суы­тылған аттың ноқтасы алынып, арқандаулы тұрған өзінің үйірінің қасына бос жіберілсе жақсы болады. Аунап-қунап еркіндікті сезінеді. Үшінші күні тағы да бір­неше шақырымдық жолды үш түрлі жүріспен, яғни аяңмен, же­ліспен және шабыспен жүруі керек. Бұдан соң атты желге қарсы жетелеп, терін қырмай, сүртпей кептіріп, 6-7 сағат суытып, отқа жіберген жөн.

Атты ашықтыруға болмайды. «Шабар аттың тоғы игі» деген сөз бекер айтылмаған. Аш аттың қар­тасы түйіліп, өліп кетуі де мүмкін. Тоқ ат өлмейді. Сортаң жерге жаймаған жөн. Себебі, ат шөлдеп, артық су ішіп, бүкіл ішкі бабы бұзылады. Төртінші күні де кем дегенде 10 шақырымдық жолды игеру керек. Бұл күні жолдың ортасына дейін желдіріп, қалған бөлігін шауып өтсе болады. Ең бастысы, ат терлеу керек. Таң асыру міндетті. Сол сияқты түнгі өріс те пайдалы. Жайылу уақытының ұзақтығы 8 сағат шамасында болуы керек. Ыссыға қалдырмай көлеңкеге бай­ланады. Ертесіне қаражарысқа салып, терлетіп, тағы да таң асырып, баптауды жалғастыра береді. Қара­жарыста озамын деп ұмтылу артық. Аттың ішкі мүмкіндігін тексеру үшін жасалатын амал бұл. Семіз атты арықтату, керісінше, арық атты семірту, терлету, күн сайын бел­гілі бір қашықтыққа шабу, суыту, қаң­тару сынды шаруа­лар мен шаралар ат баптау емес, мұ­ның бәрі ат жаратудың белгілі бір жүйесіне кіреді.

Қатар тұрған екі атты бір әдіспен баптау мүмкін емес. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, оның ішкі сырын, мүмкіндігін білу керек. Негізінде спортқа адам баптаудан, ат баптау қиын. Адамның тілі бар, айтасың, сұрайды, түсіндересің, ал аттың тілін өзің табуын керек. Жаясы жалпақ, жонды да қоңды құлын сауыр қара етті жүйріктерді жаратып, арытамын деп жілік майын үзіп алудан, олпы-солпы пішінде жұпыны, жүдеу тартып тұрған тұлпарларды семіртуде сақ болу керек. Дене тұрқы онша ірі емес, семіздікті сүйетін құлын сауыр жүйріктер негізінен етіне сеніп шабады. Мұндай аттарды ретіне қарап бір айдан асырмай жаратып, 4-5 рет суына тиіп, таң асырып, бәйгеге қоса беруге болады. Ал етті, қол-аяғы балғадай балуан денелі жүйріктерді көбірек әурелеу керек. Оларды қаражарысқа салып терлетіп, 7-8 рет таң асырған жөн.

Аттардың бапқа келуі де әр­түрлі. Тоқжарау күйінде жақ­сы шабатын аттар бар, әбден жеңіл­детіліп жарағанда бабы келетін ат­тар да бар, қабырғасының жі­гі білінбей, жаңбырлығы тілінбей семіз қалпында жақсы шабатындары бар, әбден арып-азып, қабырғасы санап аларлық дәрежеге жеткенде шабатындары да кездеседі. «Тайында – қақта, құ­нанында – сақта, дөненінде – бапта, бестісінде – бәйгеге қосып ба­ғын сына» деген рас екен, дейді сейіс.

Тұқымына, күйіне, жалпы фи­зикалық жағдайына байланыс­ты атты бабына келтіруге ша­мамен 40-60 күн кетеді. Ал бұ­рыннан бабында жүрген бәйге аттары оншақты күн тынығып қайта қосыла береді екен. Қазылы семіз ат асықпаса 60 күнде бабына келеді, асыққан жағдайда 35 күннің ішінде шұғыл жаратып бабына түсіруге болады. Мұндай әдістер маңғыстаулық атбегілердің іс-тәжірибесінде қолданылған. Оны Тілекең де өз тәжірибесінде жетілдіре түсуде. Жоғарыдағыдай жағдайда атты шыңыраудың мұздай суына шомылдырып, қант береді екен. Сосын саздақты жерге арқандайды. Сонда аттың іш майы, қазысы ыдырайды. Мұндай шұғыл баптауды көп адам біле бермейді, қыр-сыры Тілекеңнің өзіне мәлім әдіс-тәсілі. «Неше рет шомылдырып, неше күн арқандау керектігін аттың өзі айтады, яғни аттың қалыпқа түсуіне байланысты болады», дейді ол.

Бәйге атының терін алу, бәйге атын сынау, бәйгенің түрлері, атты баптау, атқа қатысты спорт түрлері, шабыс түрлері, жылқы малының аурулары мен оларды емдеу, жылқы терісін баптап, бұйымдар жасау, жылқыны жасына қарай күзеу, жылқы сүтін сақтау, ат әбзелдері мен оларды дайындау, күтіп ұстау, жайылым түрлері, оны тиімді пайдалану – Тілеген мектебінің тылсым дәрістері. Бұл мектеп туралы егжей-тегжейлі, толық айтып шығу мүмкін емес, өйткені ол өз алдына бір ғылым, оны тек зерттеп оқыған, жылдар бойы зерделеген адам ғана меңгеріп, бүге-шігесіне дейін әңгімелеп бере алады.

Сейістің айтуынша, тұлпар болатын атта жарылмайтын әсем тұяқ, төрт аяғын тең басуы, жағының етсіз болуы және орналасуының айқын байқалуы сынды есектің үш белгісі, жорытқанда алды-арты кезек солқылдамай, атқан оқтай болып жортуы, яғни «түлкі жортақ», құлағының екі шекелігінде болуы, құйрығының ұшына қарай жіңішкере түсуі тәрізді түлкінің үш белгісі, басы етсіз, жеңіл, жар­қыраған көзі танадай, аяғы жеңіл, ұшқыр болатан қоянның үш белгісі болуы керек. Жарты ғасырға жуық жүйрік жаратып, ат қосқан, оның ішінде бұл жұмысқа дендей кіріскен 1991 жылдан бері Тілегеннің тұлпарлары шаң қауып артта қалған көрген жоқ. Алған сый-сияпат, байрақтары да осал емес – көліктің неше түрі, кілем, тіпті арасында қаладан ойып тұрып пәтер алған да кездері болды.

Бүгінде өзінің немерелерімен бірге, өзге де балаларды атадан қалған мұра өнерге, мирас іске баулып жүрген Тілекең нәтижелілікке қол жеткізу үшін сәйгүлік пен сейіс және бәйге бала үштігіне баса мән береді. Бәйгеге шабатын балаға да қойылатын талаптары бар. Бәрі өзі шыңдалған, өзі өтіп, ысылған мектептің сабақ­тары. Жуырда ғаламтордан Моң­ғолияда зертханаларда жүріп, столдарда отырып көз майын тауысып ізденбей-ақ, еңбек тәжірибесінде әбден ысылған, дала сыры мен мал жағдайын бес саусағындай білетін майталман малшыларға профессор атағын бергендігін, мұндай жоғары атаққа тағы бірнеше малшының ұсынылғандығын оқығаным бар еді. Тілеген Өрісбаев та қазақ да­ла­сындағы құрығы құтты жыл­қышы, сыралғы малсақ, дала та­биғатының тамыршысы, дала про­фессоры. Теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ, өзге де ат спорты түр­леріне жеткілікті көңіл бөлініп, кең көлемде қолдау тауып кете алмай жатқан кезде ұрпақ санасынан жоғалып кетпесін деп ат жарату, жылқы баптау ісін өз бетінше дәріптеп келеді. Сейістік – қазақ даласының сәнін кіргізген, қазақ баласының қанында бар әз өнер, оны жылқы малының мінез-құлқын, жаратылыс-жаңалығын, болмыс-бітімін жете танып, соған сай лайықты іс жүргізе алатын табиғаттың тума таланты ғана алып жүре алады. Ол – ғылым, оны жылқылардың суретіне қарап отырып, кең кабинеттердегі стол басындағы қағаз ақтарғандар емес, шаруашылықтың арасында шыңдалып, дала желімен сырласып, жылқы жалына жармасып, құлағында ойнаған дала қырандары меңгере алады. Ендеше, дала перзенттерін атбегілікке баулып жүрген Тілекеңдердің жұ­мысы – ұлттық құндылықтарды түгендеудегі нағыз еңбек.

«Ал­тынның қолда барда қадірін біліп», ел арасындағы сейістерге қолдау көрсетіп, білгені мен іс-тәжірибесін қағазға түсіріп хаттап, тәжірибе түрінде қазақ жастарына үйрету кезек күттірмейтін іс.

 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

© ulttyqsport.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер