Қазақстанда жоғары білімді футбол бапкерлері дайындала бастайды
18.01.2018, 16:37

Қазақстанда жоғары білімді футбол бапкерлері дайындала бастайды

Астанада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин мен ЖОО ректоры Ерлан Сыдықов кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде Еуразия ұлттық университетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасында «футбол жаттықтырушысы» мамандығын енгізу мәселесі талқыланды. Екі жылдық дәрістен кейін студенттер өз мамандығын таңдай алатын болады. Әрі қарай тағы екі жыл спорттың осы түрінен терең білім меңгереді. Ал бұл өз кезегінде футбол жаттықтырушысы болып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. «Бұл жақсы бастама. Осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Футбол - бұқаралық спорттың ең көп таралған түрі. Осындай жаңа бастамалардың арқасында білікті жаттықтырушы-оқытушылар шығады. Жас өрендердің атақты футболшы болуды армандайтыны ешкімге құпия емес», - деді университет ректоры Ерлан Сыдықов. Өз кезегінде Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин осы идеяның жүзеге асуына еліміздің бас футбол мекемесі барынша қолдау көрсететінін атап өтті. «Қазақстан Футбол федерациясының Техникалық орталығында осы мамандық бойынша университет кафедрасының оқытушыларын дайындауға барлық жағдай жасалған. Біздің федерация отандық бапкерлерді әрдайым қолдайды. Ал бұл идея - тек бастамасы ғана. Келешекте футбол жаттықтырушысы атанатын университет түлегі дәрісін жалғастырып, жаттықтырушылар категориясын алуды қалайды. Ал олардың осы ойын жүзеге асыруға барлық мүмкіндігі болады», - деді Азамат Айтқожин. Айта кетейік, Қазақстан Футбол федерациясы еліміздің білім беру мекемелерінің бастауыш сыныптарында өскелең ұрпаққа футболдың қыр-сырына игеруге мүмкіндік беретін футбол сабағын енгізді. Бұл жобаны еліміздің сегіз өңірінен 215 мектеп қолға алды.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер