«Оқулық» РҒПО жаңа басшы тағайындалды
20.01.2021, 18:16

«Оқулық» РҒПО жаңа басшы тағайындалды

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың бұйрығымен «Оқулық»  республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры болып Елдос Болатханұлы Нұрланов тағайындалды. 

Нұрланов Елдос Болатханұлы 1981 жылы 13 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Құқықтанушы-педагог, білім жүйесінің зерттеушісі мен сарапшысы.

Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын құқықтану мамандығы бойынша специалитетті үздік тәмамдаған. «Ednet Academy» USAID (АҚШ) жобасы бойынша магистрлік деңгейіндегі 2-жылдық даярлау бағдарламасынан өткен. Сондай-ақ IPMA (International Project Management Association) стандарттары бойынша оқытушыларға арналған C деңгейіндегі менеджер ретінде сертификатталды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім стратегиялары және реформалары, педагогикалық білім және педагогтердің кәсіби дамуы, орта білім технологиялар тақырыптарына маманданған.

Еңбек жолын колледж оқытушысы ретінде бастап, әр жылдары ҚР БҒМ «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының бөлім жетекшісі, ҚР БҒМ Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, ҚР БҒМ жанындағы Ақпараттық-талдау орталығының, департамент жетекшісі, вице-президенті, Нұрсұлтан қаласы әкімдігі Гуманитарлық колледжінің директоры, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері лауазымдарын атқарған.

Бұдан бөлек баспада түзетуші, аудармашы және редактор болған.  Біртұтас педагогикалық процестің тиімділігін технологиялық тұрғыдан арттыру тетіктері жөніндегі тұжырымдаманың бірлескен авторы. Жаратылыстану оқулықтары мен әдістемелік құралдарын аудару, бейімдеп қолдану жөніндегі халықаралық жобасында редактор және бірлескен автор болып істеді. БАҚ саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарда құқықтық қамтамасыз ету мен әлеуметтік және білім мәселелерін көтеруде тәжірибесі бар. 2020-2025 жылдарға арналған Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының және «Педагог мәртебесі туралы» Заңның жобасын әзірлеуге белсене қатысқан.

Осы қатарда Елдос Болатханұлының кәсіби ұйымдар мен қоғамдар жұмысына белсене араласып, ҚР БҒМ-нің Білім және ғылым, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесі, Білім беру саласындағы зерттеушілердің қазақстандық қоғамы (KERA), А. Байтұрсынұлы Білім академиясының академиялық кеңесінде мүше екендігін атап өткен жөн.

«Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуы туралы ұлттық баяндама» (2014, 2017 жылдар қорытындылары бойынша), «PIRLS-2016: Қазақстан нәтижелері» (2018 жыл: Ұлттық есеп), «Болар бала – жөргегінен», «Ауылдағы мектеп білімінің сапасы: ұлттық және халықаралық бағалау нәтижелерін талдау», «Үш тілде білім беруді ұйымдастыру: халықаралық тәжірибе және Қазақстанға арналған ұсыныстар», «Әртүрлі нұсқадағы оқу әдебиеті: қажеттілігі мен проблемалары», «Постсоветская идентичность в педагогическом образовании: прошлое, настоящее, будущее» сынды таңдаулы жарияланымдар мен есептердің авторы және бірлескен автор.

Білім беру саласындағы зерттеушілердің қазақстандық қоғамы (KERA) Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебімен әріптестікте әзірлеген «Қазақстан білім зерттеушілерінің әдеп кодексі» кітабын жазушылардың бірі. Бұл мазмұны мен ауқымы бойынша ұлттық білімдегі алғашқы салалық кодекс. Кодекс қағидалары зерттеудің барлық кезеңдеріндегі (жоспарлау, қатысушыларды тартып іріктеу, дерек жинау және есеп берудегі) іс-әрекет үлгілері ретінде түсінікті әрі қолданбалы етіп тұжырымдалған.

ҚР Білім және ғылым министрлерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер