«Менің Қазақстаным» әнінің шығуына не себеп болды?
17.12.2018ж.

«Менің Қазақстаным» әнінің шығуына не себеп болды?

Елбасының арнайы жарлығымен 2006 жылдың 7 қаңтарынан ресми айналымға Әнұран ретінде енген Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні еді.

Ел аузында «жүректің сазгері» атанған Шәмші көп ән жазды. Дегенмен, бұқараның сүйіп шырқайтын әндерінің ішінде «Менің Қазақстаным!» әнінің орны бөлек.

Көзкөргендердің естеліктеріне сүйенсек, Шәмші бұл әнді 1959 жылы үлкен тебіреніс үстінде жазыпты. Жүрегі нәзік композитордың әнді шығаруына кеңестік үкіметтің солақай саясаты себепкер болды.

Расымен де, өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары жүрді. Жұмыс күші керек болып сол кездегі КСРО республикаларынан қоныс аударушылар қарқыны толастамады. Тың және тыңайған жерлерді игеру саясатын жоққа шығаруға болмас. Бұл жерде айтпағымыз, осы саясат арқылы қазақ жерін бөлініске салу, республиканың тұтастығына сызат түсіру секілді мақсаттар жатқан болатын. Кеңес үкіметінің басындағылар Қазақстанның тың даласын, яғни солтүстік облыстарды Ресей тарапына қосу пиғылын жасырын жүргізді. Мұндай жымысқы саясатты түсінген қазақ халқының патриоттары ата-баба жерін сақтап қалуға талпынды. Шәмшінің «Менің Қазақстаным!» әні де, міне, осы қарау саясатқа қарсылық ретінде жазылған болатын.

Осы ән арқылы халықтың рухы көтерілді, еңсесі тіктелді. Басқасы басқа, ұлы композитордың өзі бұл турасында: «Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын Әнұран қажеттігін сездім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді» деп кеткен екен.

Бірақ күлесіз бе, жылайсыз ба, кезінде кеңестік жүйенің қарғылы төбеттері әннің өнебойынан елдік сананың ұшқынын көріп, оның өлеңіне қатысты дау шығарған көрінеді. Сондағы ат-шапандай қалап қосқандары: «Жеті жыл жоспары, Жеті қыр асқаны. Думанды бастады, Қазақтың жастары» деген сол дәуірдің қозғаушы күші – коммунистік партияның жеті жылдық жоспарын ұлықтауға арналған шумақ болған. Шолақ белсенділердің әрекеті анекдотқа бергісіз көрінсе де, халық та ақымақ емес қой, өз керегін шырқай берді, шырқап келеді. Әннің бастапқы мәтінінің өзі қай жағынан алып қарасаңыз да, қазаққа күш-жігер беретіндей, астарынан кеңестік саясатқа қарсылық сезіліп тұратындай, оны билік басындағылар түсінетіндей болуына баса назар аударылған. Шәмшінің зайыбы Жәмила апамыздың тілімен айтқанда, назар аударыңызшы, «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы…» – Қазақтың кең даласын, жайқалған егінін көз алдыңа елестетпей ме?! Осындай жеріңді қалай ғана сүймессің! «Менің елім, гүлің болып егілемін, жырың болып төгілемін!..» – Еліңді, жеріңді сүюге, қастерлеуге шақырып тұрған жоқ па! Дүниені ақылмен ұғу мүмкін емес, арада ширек ғасыр өткесін, осындай,  бір кездері ресми билікке қарсы шығарылған ән бүгінде тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналды. Ән құдіреті деген осы болар!

Бәрін айт та бірін айт, бұл ән орындалғанда, Әнұран болмай тұрғанның өзінде, көкіректе ұлтқа, елге деген бір ерекше сезім оянып, патриоттық күйге бөленіп, орнымыздан тұрып кеткенімізді білмей қалатынымыз құпия емес. Бойыңа еріксіз күш, рух беретін де осы саз. Мәселен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында жастар алаңға осы әнді ұран етіп айтып, қасқайып тұрды. Шындығына келсек, ешқандай да қағазбастылықсыз, халықтың өз ықтиярымен «Менің Қазақстаным!» сол күні-ақ Әнұранға айналған болатын.

Рас, «Желтоқсан көтерілісі» – ол қазақ халқының тарихында болған ақтаңдақтардың бірі. Дегенмен, осы оқиғаның ақиқатының әлі күнге жөнді ашылмай келе жатқаны да жанымызға батады. Сондағы әлі күнге тарқатылмаған түйіннің бірі, сол оқиғадағы «Менің Қазақстаным» әнінің рөлі. Бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ, ол щақтағы оқиғалар тізбегі, бәрі де өз уақытына сай қаталдық қисынмен жүріп отырған секілді.  Қарап отырсақ, М.С.Горбачевтің сұлу сөздеріне сеніп жүрген адал да аңғал қазақ жастары бейбіт шеруге шығып, беймәлім, ортақол жетекші Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануына келіспеушілік білдірді. Сөйтіп, олар «Орталықтың дәстүрлі әміршіл іс-әрекеттері мен қайта құрудың жарияланып жатқан демократиялық принциптері арасындағы айқын қайшылықтың» бетін тұңғыш рет айқара ашып, Мәскеудің екіжүзділігіне, Кеңес империясының зорлықшыл тас қамалына тайсалмай қарсы шықты. Әрине, күш мүлдем тең емес-тін. Бейбіт, қарусыз жастар: темір таяқпен, саперлік күрекпен, адам аулайтын иттермен қаруланған, өрт сөндіру машиналары және бронетранспортерлермен жарақтанған әскерге қалай төтеп берсін?! Империя дертімен уланған жазалаушылар мен Алматыдағы шовинистерден құрылған жасақшылар өрімдей жігіттер мен қыздарды аса қаталдықпен басып-жаншыды. Аналарға қол көтеріп, қазақ қыздарын шашынан суйреп, итке талатып сабағандарды басқаша қалай бағаларсың?! Қанға бөктіріліп басылған бодандыққа қарсы бұлқыныс – Жалтоқсан оқиғасы да қалғып-мүлігіп жатқан күллі Кеңес Одағын оятты. Көп ұзамай Балтық бойы елдері бостандық жолындағы күресін бастады. Тбилиси, Баку, толқулары тұтанды. Ақырында Желтоқсанның жойқын желі Қазақстанның барлық түкпір-түкпіріне жетіп, құлдық бұғауын үзіп, отаршылдықтан босаған жаңа егеменді мемлекеттерді дүниеге келтірді. Өзгелер білсін-білмесін, Желтоқсан оқиғасының жеміс-жалғасы – шып-шырғасыз шындық осындай. Өз кезегінде бұл ән – уақыттың сынынан ешқандай өзгеріссіз өткен, халық жүрегінен орын тапқан ұлттық Әнұранға өте лайық шығарма.

Осы орайда бір айта кетерлігі, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республиканың жаңа Әнұранына байқау жарияланғаны белгілі. Конкурсқа Шәмшінің де әні Әнұран болсын деп те ұсынылан екен. Бір қызығы, оның әні «лирикаға жақын екен» деген сылтаумен тіпті Мемлекеттік коммиссияға да жіберткізілмеген деседі. Осы оқиғаның бүге-шүгесіне қатысты айтулы автордың алдын көрген жолдастарының бірі Оразбек Бодықов «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» кітабында татымды деректер келтірген. Оның айтуынша, сондағы біреулер алаңға шыққан жастардың ол әнді Желтоқсан оқиғасы кезінде-ақ өздеріне әнұран еткенін білсе де, білмеген болады. Жазушы өз еңбегінің тағы бір жерлерінде «Ол ол ма, кешегі «Желтоқсан партиясы» бүгінгі «Желтоқсан жаңғырығы» қозғалысын ұйымдастырушылар сол Желтоқсанға рухани қару болған Шәмшінің әнін де, өзін де ауыздарына алған жоқ» деп реніш білдіреді. Бірақ шын дарын, асыл туынды халықтың жүрегінен орын алса, ол өз биігіне шықпай қомайды. Бұл да сондай бір ғажап құбылыстың шынайы өмірдегі нақты бір дәлелеті.

Иә, Мемлекеттік Әнұран – елдің музыкалық-поэтикалық эмблемасы, әдеби-сазды төлқұжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар ғып түйген музыкалық сәлемхат іспеттес. Оның сазы мен сөзі сипаты мен мақсаты жөнінен біртұтас шығарманың құрамдас қос қанаты тәрізді. Мемлекеттік Әнұран да елдің намысының туы, арының айнасы, жоғарғы отаншылдық рухының көрінісі ретінде қараған жөн. Соған лайық ән мен сөз табу қай халықтың да арманы болса керек. Әнұран қашан да дәуір рухынан туады. Халықтың тағдырымен байланысты ойларды кәделеп, халықтың жүрегін билеген ортақ сезімдерге негізделеді. Қазақстан Республикасының гимнінің мәтіні де – оны өмірге әкелген тарихи кезеңнің туындысы. Бұл ретте тұңғыш Президент Н.Әбішұлының «Менің Қазақстаным» әнінің әнұран болардағы сөзіне соавтор ретінде толықтырулар мен өзгерістер енгізуі заңды.

 

Ерболат Мамырайхан

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер