Казактар қайдан шыққан – Р.Ахметовтың алтынордалық версиясы (І бөлім)
25.11.2018ж.

Казактар қайдан шыққан – Р.Ахметовтың алтынордалық версиясы (І бөлім)

Казактар қайдан шыққан – Р.Ахметовтың алтынордалық версиясы (І бөлім) Фото: politnavigator.net Дереккөз: e-history.kz

Тарихшылар ортасында казактарға қатысты әлі күнге ортақ көзқарас жоқ. Әсіресе, олардың шығу тегіне қатысты дау-шарлар, өркениеттік рөлі мен тарихи үдерістерге әсері көптеген саяси спекуляциялардың көзі болып отыр. Мысалы, осы тақырыпқа жетік деп есептелетін Н.Костомаров «Литвалық жылнамаларға» иек артса, А.Ишимова  казак тегін касогтармен, ал А.Нечволодов мәскеулік негізбен байланыстырады. Бұл таласқа Лев Толстойдың өзі дем берген бродниктік болжамды қосатындар да бар. Яғни, бірі – орыс рухы тудырған төл құбылыс ретінде атаса, енді бірі – Ұлы дала перзенттері ретінде нышаналайды. Үшінші біреулері метистенген, екі нәсілдің рухани-гендік араласуынан туған маргинал топ ретінде суреттейді.

Қалай десе де, өзіндік ортасына ассимиляцияланған қауым ретінде Ресей қоғамының оларды поморлар секілді орыс халқының бір субэтносы ретінде мойындайтыны жасырын емес. Сөйте тұра жалпыорыстық бірегейлік аясына кіргізбей, бөлектейтіні де шындық.

Казактар дегеніміз кімдер? Халықтық атауларымыздағы ұқсастықтарды немен түсіндіруге болады? Бізбен қандай байланысы бар? Олардың өзін-өзі басқару жүйесі мен тұрмыстық ерекшеліктеріндегі түркі-моңғолдық белгілердің түп-тамыры қайда?

 

 

Кеңес тарих ғылымында бұл сауалдарға бірнеше нұсқада жауап берілген. Оның ішіндегі бізге ең ыстық көрінетін аяулы тұсы – Алтын орда мемлекетімен байланысты тәпсір. Ендеше, осы соңғы бағыттың ұраншыларының бірі – Р.Ахметовтың «Скифтерден татарларға дейін» атты зерттеу кітабы мен өзге де отандық қайнарлар негізінде өзіміздің пікірімізді де қоса отырып алтынордалық версияны тарқатуды жөн көрдік.

                                                          *******

Ғалымның жазуынша, Батухан ордасын Еділдің төменгі жағына (кезең-кезеңмен, XIII-ғасырдың ортасынан бастап) ауыстырғаннан кейін Кавказда тұрғызылып жатқан қалалар мен шекараларды қорғау үшін жалдамалы алтынордалық «казак» жасағы құрылды. Араларында моңғолдар аз болды. Өйткені олар қалада, таудың етегінде мекендегенді ұнатпайтын. Бұл жасақтың құрамында олар мүлдем дерлік болмады. Әу баста командирлердің көбі шығыс қыпшақтар мен аландардан болған. Казактардың негізгі бөлігі ерікті-еріксіз түрде жақын маңдағы тәуелді елдердің ер-азаматтарынан құрылды. Сондықтан да кубандық, дондық және теректік казактар Ботбай бұлғарлары мен хазарлардың көп бөлігін өз қатарларына қосып алды. Жасақталған күзеттің қатарында батыс қыпшақтар (қыпшақ, кочубей), кавказдық (балқарлар мен қарашайлар) және Еділ маңы бұлғарлары көп болды. Казактардың құрамына аландар, бродниктер де, тау халықтарының өкілдері де енді.

 

Фото: evgensemenihin.livejournal.com

 

«Казак» термині (ақ қаз) көне түріктердің тотемдің белгісі – ұзын мойынды үлкен ақ құстың атауынан шыққан. Осыдан бірқатар шығыс түрік халықтарында қаз – қыр-қаз (қырғыз), хак-қаз (хакастар), қаз-ар (хазарлар), қаз – пии (Каспий) сөздерінде кездеседі. Осы құсты батыс түріктер «қу» (аққу) деп атаған. Батыс халықтарының біразында қу –  құмандар, кубандар, құмықтар және т.б. атауларда кездеседі. «Казак» сөзінің ауыспалы мағынасы бекзат адам, туғаннан еркін ержүрек батыр дегенді білдіреді. Ал тура мағынасында еркін (жалдамалы) жауынгер, руынан және бұрынғы қожайындарынан тәуелсіз адам. Мұндай жауынгерлер моңғолдарға дейін біраз түрік билеушілерінде де болған. Жалдамалы жауынгерлер кейде «казак – ақ қаз» дегеннің орнынан Вакказ немесе Ақ-қаз деген атқа ие болған. Өз еркімен руынан бас тартып, жалдамалы жасақтың қатарына кеткендердің асыл тегі туралы түрлі аңыздар бар. Олардың арасында мұсылмандық тарамады. Еркін жасақ христиандар болды. Бірақ, өз орталарында олар өздерін еркіндікте туған «казактар» деп қана атады.

 

Фото: sites.google.com

 

Сондай-ақ, ғалым казактар құбылысының пайда болуына түрткі болған саяси себептерді де тізбелейді. Оның жорамалынша, Теректі бойлай және оның Иранға кіретін сағаларында (батыс Каспий жағалауы – «Темір қақпалар») шекара бекеттерін орнатуға Бату кезінен басталған Хулагу ұлысымен қақтығыстар себеп болды.

«Хулагу мен оның жиені, Алтын орданың ханы – Берке арасындағы қанды қақтығыс шын жеңімпазды анықтап бере алмады (1262-жыл). Моңғол билігі Иран тағынан кетсе де, бұл соғыс тоқтамады. Алтын Орда мен Шыңғыс хан империясының және оның ұлдарының арасындағы араздық Бату ханның мұрагерлерінің ХІІІ-ғасырда және ХІV-ғасыр басында соңғы теңізге дейін жетуіне мүмкіндік бермеді. Алтынордалық  түменбасы және беклербек, шыңғыстық Ноғай күші қанша басым болса да, бәрін діңкелеткен соғыстан кейін де «туыстарынан» басым түсіп, даулы жерді иемдене алмады. Шығыс Жерорта теңізі мен Мысырға дейін жеткен Хулагу әскерінің де Ноғай аламаныныкі сияқты әскери әзірлігі мен соғысу дағдысы бар еді. Ноғай Константинопольды (1265-жыл) қоршап алып, Балқан маңындағы белгілі бір аймақтарды өзіне бағындырып, батыс Алтын орда  ұлысының толыққанды қожайыны болды.  Ноғай өз әскерінің қатарына далалық, қыпшақ тілді қыпшақ руларын тартты. Сондықтан Ноғай (хан әскерлерімен соғыста қаза тапқан, 1300-жыл) есімімен батыстық жартылай көшпелі қыпшақтардың қайта қалпына келген қауымдастығы «ноғайлар» деп аталды. Ноғай мұрагерлерін әлсірету үшін орталық билік ноғайларды далалық Еділ жағалауына, сондай-ақ Жайық өзенінің орта және ортаңғы ағысына қарай ығыстырда. Қала құрылысының қарқын алуы, содан кейінгі Ақсақ Темір басқыншылығы жартылай көшпелі ноғайларды Орал маңындағы және оңтүстік-батыс Сібірдегі далалық ормандарға қарай жылжытты. Қыпшақ-ноғайлар Еділ маңындағы бұлғарларға қарағанда ислам дінін қатаң ұстанбады. Батыс Қара теңізі жағалауында қалған украиндықтар жалғыз қалған казактар сияқты мұсылман бола алмады» деп дәйектейді ол бұдан әрі.  

Расымен де, тарихи жылнамаларға сүйенер болсақ, Қара теңіздің шығыс жағалауындағы өтпелі жерлерді жабу үшін казактардың шекара бекетінің бірі – Кубань бойында да пайда болды. Сондықтан да, Кубань казактарының құрамында бұлғар Ботбайдың ұрпақтары көп болуы заңды болса керек. Оның үстіне еркіндік сүйгіш Кавказ халықтарының аяқ астынан көтеріліп кетулерінің алдын алу үшін тау етектерінде казактардың шолғыншылары (уррядтар) орналасқан шағын бекеттері («юрталар») орналасқаны да көп жылнамашылар назарына алынған. Сонымен, «Юрт» түсінігі командирдің бақылауындағы аймақ дегенді білдіреді. Олардың маңында одан гөрі ауқымды тірек бекеттері мен тұрақты мекен-жайлар (стандар) орналасты. Стан – «тұрақты мекен-жай, тірек қосы» (осыдан – Қазақстан, Үндістан, дала қосы және т.б.).

 

Фото: mrmarker.ru

 

Бұл ретте, казак шекара бекеттерінің кеңеюінің екінші кезеңін Р.Ахметов «Ноғайдың ұлдары мен немерелерінің арасындағы өзара қақтығыстарға байланысты болды» деп тұжырымдайды. Яғни, Орталық билік әкеден қалған биліктің барлығын мұраға алғысы келген «оғландарға» қарсы шықты. Казак тірек қосындары Қара теңіз маңындағы стратегиялық маңызы бар бекеттерде (өткелдер, өзен сағалары, сауда және әкімшілік орталықтар) құрылды. Алтын орда казактарының бірен-саран тірек бекеттері Русьпен (Воронеж обылысындағы Казактар ауылы, т.б.) шекараларда да пайда бола бастады.

 

Фото: hystory.mediasole.ru

 

Ал үшінші кезең Ақсақ Темірдің Алтын ордаға жасаған жорықтары кезінде қайта көтерілген. Бұған қатысты да ғалым былай дейді: «Ол кезде казактардың біразы қырғыннан қашып Батысқа (Днестр мен Днепрге) кеткен болатын. ХV-ғасырдан бастап тыныштық таппаған польяк-литва мемлекеттерімен шекараларды күзету үшін қалдырылған, бұрынғы түп-тамырынан ажырап қалған казактар Сарай билігіне бағынудан бас тартқандардың алғашқылары болды. Олардың өздері иеленіп, меншіктеп алған жерлерінде «жабайы дала» шекаралық аймақтары кеңейе бастады. Польяк-литва одақтарымен шекаралас жердегі хетмандар (бұл сөз кейіннен украин және польяк тілдеріне еніп кетті) тәуелсіз билеуші дәрежесіне дейін көтерілді. Оларды Польша және Қырым хандықтары өз жақтарына тартуға тырысты. Бірақ, ақыры соңында еркін казактар мен хетман Богдан Хмельницкийді қамшы мен дүренің арқасында өз еріктеріне бағындыру Мәскеу державасының қолынан ғана келді. Бірақ 6 жылдан кейін (1660-жыл) Богданның ұлы хетман Юрий Ресеймен одақты бұзды. Содан бастап Украинаны Мәскеуге күштеп қосудың ұзақ кезеңі басталды. Ал бұл хетмандар үшін өмірлерімен ерте қоштасумен аяқталды».

Бұдан бөлек ол: «Соңғы жиналған «алтынордалықтардың» арасында Крайн қағанатының түрік тілді ұрпақтары – христиандар аз болмады» деп толғайды. Ахметовтік версияға сәйкес, олар Еділ бойындағы Үлкен Орданың тарауына байланысты біріге бастады. Олардың арасындағы мұсылмандықты қабылдамаған татарлардың көбі казактардың қатарына қосылды. Казактардың құрамына қосылудың соңы Крайн қағанатының сол ұрпақтарының Украинаға бірігуімен байланысты болды. Олар Қырым хандығымен шекаралас болып, дәурені жүріп тұрған (16-17 ғасыр) Речь Посполитаяға тәуелді болып отырды.

 

Фото: natpress.net

 

Жалпы, осы тұста ғалымның казак әскерінің мәртебесіне қатысты пікірінің көптеген казак тегінің шығыстық нұсқасын жақтаушы тарихшылар көзқарасымен үйлесетінін атап өткен жөн. Мәлім болғандай, Казак әскерінің құрылымы өздеріне берілген тапсыраманың көлеміне қарай негізгі жасақтан екі саты төмен болды. Казактардың бағыныштылығы әскери құрылым бойынша «курень» және аймақтық құрылымы бойынша «кош» деп аталды. Бұл моңғол сөздері («кошун» кейбір зерттеушілердің пікірінше «жүздік» дегенді білдірген). Айталық, «Хошун» – 1931-жылға дейін Моңғолияның аймақтық атауы болған. Ал «Курень» «юрт» (татарша) және «круг» (орысша) деген мағынаны берген. Олардың әскери құрылымында орталықта ортақ командир, ал оның айналасында кіші жасақтардың ұяшықтары орналасқан. Жасақтың ең азы басында бір урядникпен бес-он адамнан тұрған («ур-рят» сөзбе-сөз айтқанда, «әскери сап»). Ал тұрақты әскери жасақ» жүздік» деп аталып, оның командирі – есаул (жүз «ес, юз» әскер жиналған «аулдың» командирі) болған. Айналасында біраз аймағы (коша) бар ірі стандардың (станциялар) басшысы кошман немесе кош атаман (коштың атаманы) деп аталды. Ірі бірлестіктер уақытша мерзімге құрылып, ондағы адам саны тұрақты болмаған. Ал олардың командилері – атаман болған. Атаман екі жүз және одан көп казактарға басшылық еткен. Кейінірек атамандар аймақтық командирлерге айналды. Қажет болған жағдайда жалпы шекаралық басшылық «хетман эштабы» («эш табы» - «эш табширу» - үстелдегі іс, «қолдағы іс», іс жүргізу) құрылды. Жеке жасақтың басшысы ретінде хетман булава (бул ава – аударушы бол, аударыл, өз жағына аударушы, ауыспалы мағынасында – бағынуға шақыру) және штандарт-бунчук (сөзбе-сөз «байланатын сырық» немесе «біріктіргіш сырық», бунчи – штандарт-ту ұстаушы) болды. Казак шекара жасақтары хан әскерлерімен біріккен кезде хетмандар түмен басшысының дәрежесіне теңестірілді. Оңтүстік-батыс (оңтүстік Украина, Краснодар аймағы) казактары кейінірек әскери (әскери қаздар – чары-каз) жасақ атағын алды. Сондықтан украин казактары Ұлы Екатерина заманына дейін черкестер (осындай атаулы обылыстары бар Черкес қаласын айтуға болады) деп аталды. «Чарыказ» атауы Кавказда кейінірек «черкес» деген көне абориген халықтың атауымен астасып кетті...

 

Жалғасы мұнда...                                                                                                    

Абылайхан Қалназаров,

Ерболат Мамырайхан

мәдениеттанушы-лингвист-тарихшы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер