Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Аягөз қаласында үйлерді қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізу басталған. Ахметов аудандағы үйлерді жөндеу жұмыстарына қатысатын құрылыс компанияларының басын қосты. Өңір басшысы бәріне берілген жұмысты адал әрі сапалы түрде тез арада орындауға тапсырма берген.
114 үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалды, жөндеу жұмыстары келесі аптада басталады. Осы мақсатта 259 миллион теңге бөлінген.
Аягөзде тасқын кезінде 162 үйді су алып кетті. Қазір олардың бәрі тексеріліп, 41 үйдің жөндеуге келмейтіні тіркелді.
Облыс әкімі атап өткендей, кей тұрғындар табиғи апатты өз мүдделеріне пайдаланғысы келіпті: үйлерін өздері әдейі бұзған жайттар кезіккен.
"Адамдар ескі үйлерінде тұрғысы келмей, қалай да жаңа баспанаға қол жеткізуді мақсат етіп, неше түрлі құйтұрқылыққа барған. Жақсылап жөндеп алуға болатынына қарамастан осылай жасаған. Қоғам қайда қарап отыр? Меніңше, мұндай әрекет қатаң сынға алынуы тиіс. Жаңа үй баспанасы жөндеуге келмейтіндерге берілуі керек. Қалғандарын жөндеп, қалпына келтіреміз. Қауіпсіз жағдайға дейін жеткізіп, реттейміз, адамдар өз үйлеріне қайтып оралады", — деді Ахметов.