Тоқмейілсуге болмайды
Міне, үкімет берген есептің соңғы мәліметі осындай. Ал еңбек нарығын өздерінше бақылап отырған тәуелсіз сарапшылардың зерттеулерінің қорытындылары мен олардың алдағы уақыттарға жасаған болжамдарын назарға алсақ, тоқмейілсуге тіптен болмайтын сияқты. «2015 жылы дағдарыс салдарынан 13,5 мың қазақстандық қысқартуға ұшыраған. Бұл 2014 жылғы көрсеткішке қарағанда 3,7 есе көп». Осылай деген «Antal Kazakhstan» рекрутинг компаниясының директоры А.Ковинскаяның айтуынша, елде штатты оңтайландыру үдерісінің күшейе түсетіні былай тұрсын, қысқартулар әлі де жалғаспақ. Расында да, жыл басынан бері «Қазақмыс» кәсіпорны 267 жұмысшысымен қош айтысыпты. Дәл солай «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында да жағдай мәз емес. Наразылық танытқан жұмысшылар келісімшартта көрсетілген төлемақыларынан ендігі үміттенбейақ қойса да болатын сияқты. Бұл компанияның да жуырда қысқартулар жүргізетіні айтпаса да түсінікті. Семейдегі бронды танктер жөндейтін зауыт 600 жұмысшысын жаңа тапсырыстар келгенше демалысқа жіберген. Екібастұздағы «Қазақстан вагон құрылыс» зауытының жұмысшылары, міне, алты айдан астам уақыттан бері жалақысыз отыр. Кен өндіруші компанияларда әлі де мыңдаған жұмысшы далада қалуы ықтимал. Оны биліктің өзі мойындап отыр. Сөздің қысқасы, байбалам салып отыр демеңіздер, «әкесі өлгенді де естіртеді» ғой, 90жылдардағы тоқыраудың қайталануы әбден мүмкін. Дей тұрғанмен, «етік жамағанды көрсетсе де, тақия жамағанды көрсетпесін» бұл дағдарыс деп тілейік.
Елдегі алпауыт компаниялардың көбісі қазір шетелдіктерге сатылып жатыр. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 51 пайыз акциясын қытайлықтар сатып алған. Демек, «қазаншының өзі біледі қайдан құлақ шығаратынын». Олардыңқазірден-ақ штат мәселесін қайта қарап жатқаны айдан анық. Әлбетте, біздің үкімет пен олардың арасында қазақстандық жұмысшылар санын қысқартпау туралы меморандум рәсімделер. Алайда шетелдік компанияның ол шартты бұзбайтынына ешкім кепілдік бермейді. Ал жұмыс орындарының санын азайтпайтын компаниялардың нарық онсыз да қыспаққа алып жатқанда жаңасын ашпайтыны анық. Демек, жұмыссыздар армиясының қатары көбейе түседі деген сөз бұл. Жалпы, тау-кен саласындағы кәсіпорындардың шетелдіктерге сатылу үдерісі елдегі жекешелендіру саясатына байланысты енді қарқынды жүрмек. «Оған қоса дағдарыс кезінде кейбір компаниялардың жабылып қалу қаупінің зор екендігін ескерсек, бұл фактор да жұмыссыздықты ушықтыра түсуі әбден кәдік. Қиындыққа төтеп беретін ірі өнеркәсіп орындары болмаса, буыны бекімеген компаниялар қатаң бәсекелестікке шыдап бере алмайды» дейді сонымен қатар «Antal Kazakhstan» рекрутинг компаниясының мамандары.
«Көрген көзіме сенемін бе, сенің айтқан сөзіңе сенемін бе?»
Жұмыссыздар санының ресми деректен алшақ жатқандығын айтып жүрген мамандар да баршылық. «Шындығында, жария болған ресми деректен жұмыссыздық екі-үш есе артық» дейді олар. «Көрген көзіме сенемін бе, сенің айтқан сөзіңе сенемін бе?» деп үкіметтің бір көзін қысып тұрып жария етіп жүрген есептеріне реніш білдіріп жүргендердің бірін, яғни белгілі заңгерКәрібай Тасшабаевты сөзге тартқан едік:
— Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі жалған айтылады. Өйткені жағымсызақпарат елдің мәртебесін түсіреді. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай статистика негізінен жұмыспен қамту орталықтарында тіркеуде тұрғандар негізінде ғана жасалады. Ал біздегі мұндай орталықтардың олқы тұстарының әлі де дұрыс жолға қойылмауының салдарынан, жұмыссыз жүргендердің барлығы бірдей бара бермейді онда. Оның үстіне жұмыссыздыққа қатысты мәлімет елдің экономикалық белсенді тобы бойынша ғана жасалады. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық өзекті күйінде қалып отыр. Мынаны да ескерген жөн, жұмыссыздыққа қатысты дерекке әдетте қала тұрғындары ғана енеді. Ал еліміздің халқының тең жартысына жуығы тұратын, яғни 45 пайыз ауылдағы ағайын тасада қалып қояды. Ауылдағы ағайынның басым бөлігі жұмыссыз отыр дер едім, — дейді ҚР Еңбек Кодексін терең зерттеп, кем-кетігін сынға алып жүрген маман.
Демек, құзырлы сала ай сайын жариялап отырған дерек өтірік-шыны аралас. Дәл осы тұста өткенге бір көз жүгіртіп өтсек дейміз: КСРО ыдырайтын жылдары еліміздегі жұмыссыздық 4,6 пайызды құраған екен. Қазір 5-ақ пайыз. Демек, байқаған боларсыздар, өзгеріс бір-ақ пайыз. Сену, әрине, қиындау. Себебі ол жылдары жұмыссыз адам болмайтын. Жұмыс орындары да жеткілікті еді. Ал қазір мына алмағайып заманда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандардың аз еместігі бесенеден белгілі. Ондай болса, өткен ғасырдың соңымен жаңа ғасырдың басындағы ресми деректер бір-біріне жақын жатса, бейресми деректің тым алшақтығы дәлелдеуді қажет етпейтін сияқты.
Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жарнасының көлемі азайыпты. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің 2016 жылдың 1 маусымындағы «Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ағымдағы жағдайы» атты шолуында жария етілді. 2016 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы салымдары 4565,3 млрд. теңгені құраса, 2015 жылы жинақталған қаржы 4856,8 млрд. теңге болған. Мамандар мұны да жұмыссыздық деңгейінің арта түскендігімен түсіндіреді. Тағы бір мысал, естеріңізде болса, 2009 жылы ресми дерек бойынша елімізде 500 мыңға жуық жұмыссыз тіркелсе, «елдегі жұмыссыздар саны 1,5 миллионға жетіп жығылады» деп мәлімдеген тәуелсіз сарапшылар сол кезде дабыл қаққан болатын.
Жұмыссыздыққа қатысты есепқисапты құпия ұстауға қай ел болса да мүдделі. Неге? Өйткені жұмыссыздық деңгейі неғұрлым көп болса, соғұрлым сол елдің беделіне нұқсан келеді. Былайша айтқанда, мұндай көрсеткіш мемлекет бәсекеге қабілетті ме, жоқ па, соны айқындайтын маңызды критерийлердің бірі. Осы жуырда ғана атағы жер жарған Bloomberg агенттігі бақытсыз елдердің тізімін жасаған. Қазақстан 80-ге жуық елдің ішінде алғашқы бестікке (!) кірген. Мұндай зерттеуді аталған агенттік әр елдегі инфляция мен жұмыссыздық деңгейі бойынша анықтаған. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің тізіміне кіріп, енді 30 елдің қатарына қосылуға ұмтылып отырғанын ескерсек, жаманын жасырып, жақсысын асыруға тырысады. Түсінікті. Алайда «ауруын жасырған өледі». Жалған ақпаратқа малданып, өз өтірігімізге өзіміз сеніп жүре берсек, орын алған түйінді кім шешеді? Жұмыстың жоқтығынан бірде тоқ болса, бірде жоқ көпшіліктің жағдайы қалай оңалады? «Құдай жүгіртпегенді бұзау жүгіртетінін» ұмытпайық. «Тоғыз қатынның толғағы қатар келгенде» абдырап қалмас үшін жұмыссыздықпен қазірден бастап кешенді күрес жүргізбесек болмайды.
Еңбек нарығында шешімін күткен мәселе көп
— Кез келген қоғамда жұмыссыздық болып тұрады. Егер жұмыссыздық бес пайыз болса, ол қалыпты жағдай деп саналады. Статистикалық ресми дерек жұмыспен қамту орталықтары мен басқа да құзырлы орындардың берген мәліметтері бойынша ғана жасалады. Көпшілік азаматтарымыз бен сырттан келіп жатқан жұмыс күші еш жерде тіркеуге алынбайды. Еңбек нарығындағы мұндай көлеңкелі жақтар да таза санды анықтауға мүмкіндік бермей отыр. Жалпы, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың құзырлы орындарда тіркелмеуі елдің салық жүйесіне де айтарлықтай залалын тигізуде. Үкімет қомақты қаржыдан қағылып отыр. Қысқасы, жұмыссыздарға қатысты шынайы ақпарат жинақтау түбегейлі реттеуді қажет етеді. Менің ойымша, заңды құжаттарды қайта қарап, дұрыс тетіктерін жасамаса, жағдай күрделенбесе, оңалмайды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер барлық әлеуметтік пакеттен қол үзіп қалған. Тіпті қоғамдағы орны да белгісіз олардың. Ең маңыздысы, олар зейнетақы қорларына ақша салмайды. Базалық зейнетақыдан үміттенетін шығар? Алайда болашақта бізді не күтіп тұр, оны бір Алла біледі. Олар осы жағын ескерсе екен деймін.
Мойындау керек, бізде жұмыссыздықпен күресте жақсы бағдарламалар баршылық. Алайда олардың да тиімді жұмыс істеп жатқандары некен-саяқ. Бәрі қағаз жүзінде қалып қойып отыр. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жап-жақсы. Бірақ жастардың сол аймақтарда тұрақтап қалуы үшін жағдай жасайтындай механизмдер дұрыс қарастырылмаған. Мынандай парадокс: Бізге бүгінгі күні 49 мың жұмыс күші жетіспейді екен. Олар негізінен техникалық мамандар. Демек, отандық еңбек секторы зәру болып отырған мамандарды дайындау қажеттігіне құзырлы орындар салғырт қарайды деген сөз. Қолында дипломы бар жоғары білімді азаматтарымыз жұмыссыз жүр, ал техникалық мамандар жетіспейді. Бұл да шешімін таппай отырған бір түйткіл.
Менің ойымша, жұмыспен қамту орталықтарының өзін жіктеу керек сияқты. Мәселен, орта білімділерді бөлек қабылдап, жоғары білімі бар мамандарға басқасы қызмет көрсетсе. Тағы бір айта кетерлігі, жұмыспен қамту орталықтары өтініш білдіре келгендерді кәсіби жағынан қайта дайындап жатады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Неге? Біріншіден, орталық бір адамды ғана оқытпайды ғой, топтың нақты бір санға дейін толғанын күтеді. Әлбетте, оған бірашама уақыт кетеді. Оны ешкім күткісі келмейді де, қолдарын бір сілтеп кетіп қалады. Екіншіден, қайта дайындықтан өткенге біраз уақыттарын жұмсайды. Алайда содан кейін де оларды жұмыспен қамтамасыз етуге ешкім кепілдік бермейді.
Еңбек нарығындағы тағы бір шешімін таба алмай отырған мәселе, кейбір аймақтарда жұмыс орындары көп, ресурс жоқ, ал кейбірінде жұмыссыздық белең алып кеткен. Демек, қай облысқа қандай маман иелері керек екендігі түпкілікті зерттелмейді. Сөз соңында айта кетейін, жаһанды жапырып келе жатқан дағдарыс жағдайында жұмыссыздық артуы әбден мүмкін, — дейді әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Мәнсия Садырова.
Талайдың жанын сақтап отырған бизнес секторы ақсамасын
Ғалым өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға қатысты бірқатар ойларын айтты. Себебі елде өзіне-өзі жұмыс істеп жатқандар қаншалықты көп болса, оларға қатысты түйінді түйткіл де жетерлік. Ол өз алдына бір тақырып. Нәпақасын өзі тауып жүргендердің біразына да жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған сын сәті тақап қалған сияқты. Жоғарыдағы кестеден ұққанымыз — өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар қатары күрт төмендеп келеді.
Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев еліміздің Шағын және орта бизнес секторының ЖІӨ-ге қосып отырған үлесінің азайып келе жатқандығын мәлімдеген болатын. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы үлес 26,2 пайыз болса, осы жылы 25,6 пайызға төмендеген. Демек, шағын және орта бизнесте қандай да бір қиындықтар туындаған. Егер еліміздегі жұмыспен қамтылған халықтың 37 пайызы шағын және орта бизнес саласында жүргенін ескерсек, олардың дағдарыстың қатты толқынында жағаға шығып қалмағаны игі.
Жәрдемақы алуға неге асықпайды?
Жұмыссыздық хақында әңгіме болып отырғанда табыс көзінен қағылған жандарға жәрдемақы төлеу жүйесін сөз етпеу мүмкін емес. Біздің елде жұмыстан айырылған азаматтарға мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік көмек 4 айға дейін төленеді екен. Алдағы уақытта 6 айға дейін ұзарту көзделіп отыр. Айтпақшы, жәрдемақы он АЕК-тен аспауы керек. Бүгінгі күні жәрдемақының мұндай түрінің көлемі шамамен 30 мың теңгеге жуық.
Енді өзге елдердегі жағдайды сөз етсек, АҚШ-та орта есеппен 1050 долларды құраса, төлеу мерзімі 6,5 ай. Германияда 2200 еуро. Төлеу мерзімі 1,5 жыл. Оған дейін адам жұмыс таппаса, жәрдемақы тоқтамайды, тек 400 еуроға азаяды. Ұлыбританияда жұмыстан шығып қалған адам 300 еуро 182 күн алып отырады. Францияда 513-тен 1079 еуро аралығында. Жәрдемақы 1,5 жылға дейін қарастырылған. Жапонияда 2400 доллар. Ал көршіміз Ресейде 140 доллар. Байқаған боларсыздар, аталған елдер арасындағы ең төмені біздікі. Еңбекпен қамту орталықтарына күнкөрісі қиындап кетсе де баруға асықпайтын жандарды енді түсінген боларсыздар? Бір жағы жұмыссыздарға қойылатын талап көптің көңілінен шықпаса, екінші жағынан жәрдемақы аз.
Әлем ғалымдарын әбігерге салған статистика
Қазір барлығы автоматтандырылған заман. Оның үстіне түрлі роботтар көбейіп келеді. Мұндай техниканың мейлінше дамып келе жатқандығы жұмыссыздықты одан бетер көбейтпек. 2015 жылы әлемде 190 млн. адам жұмыссыз қалса, осы жылы ол 200 миллионға жуықтаған. 2018 жылы ол 214 миллионға жетеді деген болжам жасайды Халықаралық Еңбек ұйымы. Демек, жұмыссыздық қарқынды дамып келеді. Ал роботтар саудасы жылданжылға, яғни 15 пайызға артып келеді. Өйткені жұмыс беруші үшін бір рет
шығынданып, жұмыс күшіне төлейтін капиталын үнемдеген тиімді. 2014 жылы 300 мыңдай өндірістік робот сатылса, қызмет көрсету аясы үшін 4,7 млн. робот сатылған. Дүниежүзі бойынша робот жасайтын компаниялар да жетерлік. Өндірістік роботтар жасайтын компания — 343, ал оған қажет құралжабдықтар жасайтын компания саны — 347, 886 компания қызмет көрсету аясына керек кәсіби роботтар жасаса, 204 компания жекелеген адамдар үшін қызмет көрсету роботтарын шығарады екен. Gartner сараптамалық агенттігінің болжамы бойынша, 2025 жылға қарай жұмыс орындарының үштен бір бөлігі осы роботтардың еншісіне тимек. «Сол жылдары шамамен бес миллион адам жұмыссыз қалады» дейді сарапшылар. Осыған алаңдаған әлем ғалымдары арасында Дүниежүзілік экономикалық форумда үлкен пікірталас туындағанды. Мамандар оған жол бермеудің амалдарын қарастырған еді, алайда жұмыссыздарға берілетін төлемақыны көбейту керек дегеннен аса алмады. Ол экономикасы тұрақты елдерде мүмкін шығар, алайда қалт-құлт тіршілік етіп жатқан мемлекеттер үшін қайдам… Демек, бұл мәселе ашық күйі қалды. Біздің елде роботтарға сұраныс әлі көбейе қоймаса да, ұсыныс біртіндеп артып келеді. Бүгінгі күні «сауыншы», «өрт сөндіруші» және «күзетші» роботтар пайда бола бастады.
Түйін: Біз «бүйректен сирақ шығарып», елді дүрліктірейік деп отырғанымыз жоқ. Алайда үкіметтің тоңып секіргенді де, тойып секіргенді де аяп жатпайтын жаһандық дағдарыстың дауылына қарсы дайындығы қаншалықты екендігіне көзіміз жетпейтіндігін мегзей келе, жерінің асты-үсті қазба байлыққа тұнып тұрғаны былай тұрсын, сол жері әлем картасынан 2,7 млн. шаршы шақырымды алып жатқан елдің, Һәм барын үнемдей білсе, бай елдің иесі екенімізді, ондай болса билікте отырғандар өз қара басын ғана емес, оларға сенім артып отырған халқының жағдайын еш төмендетпеуге шын ниетпен кірісетін болса, мүмкіндіктің мол екендігін айтқымыз келеді. Бар байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен, «аспаннан киіз жауған заманда сорлыға ұлтарақ та тимеген». Мол ырысты ел аузынан жырып алған екен, сол оңай жолмен байығандар халық алдында қарыз екенін білсе екен дейміз. Әрине, олар оған құлақ түрсе…
дерек көзі: elana.kz