Әміре әнші расында да «ынжық» болған ба?
08.04.2018ж. 10:30

Әміре әнші расында да «ынжық» болған ба?

Әміре Қашаубаевты білмейтін қазақ бар ма? Бар болса, көрермендерге енді ғана жол тартқан «Әміре» фильмін тамсана көре алады. Ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап күллі қазақ елі «Әміре» фильмін тамашалай бастайды. Қазақ ән өнерін әлемге паш еткен тұңғыш әнші болып ұлт тарихында есімі қалған Әміре жайлы бұл алғашқы соны кинотуынды. Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы тапсырысы бойынша  Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және  Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясы бірлесе түсірген бұл киножоба көптеген бірегей ерекшеліктерге ие. Солардың бастысын басымдықпен атап өтейік.

Фильмді түсіру жұмыстары ұзаққа созылса да, осы уақыт ішінде ешбір қауесет, лақап таратып, жобаны арзан шоуға айналдырмады. Сиви құсап ешкімнің көлігін сындырмады. Қайрат Нұртастай алдын ала аттандап, айға шаппады. Бұл фильммен жұмыс жасаған бүкіл шығармашылық топтың тым кәсібилігін, әрі киноның болашағы барына деген бек сенімдерін аңғартады.
Келесі айрықша қасиеті — Әміре жайлы көркем әдеби шығармалар, зерттеу еңбектері болса да, киноөнім мүлдем жоқ еді. Сол олқылықтың орнын толығымен толтырған қазаққа қажет киноөнім осы болды.
Тағы бір ерек болмысы — фильм жаһанда сау-сақпен ғана саналатын музыкалық драма жанрында түсіріліп, қазақ киносының қоржынын жанр жағынан да, бірегей жаңашыл формат тұрғысынан да байытып үлгерді. Көрермен киноны көру барысында Әміренің әуелете салған әндеріне құлақ құрышын қандыра алады. Кино «ә» деп басталғанда-ақ күмбірлеген домбыра үні ойналады. «Балқадиша» әнін шырғап тұрған Әміре бейнесі көрінеді. Ұлы әншінің бейнесін сомдаған Санжар Мәдиев бұл образдың өзі үшін ұлы белес болғанын мақтанышпен мәлімдеді. Актердің кәсіби өмірінде Әміре рөлі бір төбе болып қалатыны өз-өзінен түсінікті.
Және бір кереметі — фильм тарихи деректермен байытылған. Бұл ретте Әміре Қашаубаев туралы жүйелі зерттеулер жүргізіп келе жатқан Жарқын Шәкәрімов елеулі еңбек етті. Ол тіпті фильмнің оқиғаларын «жүз пайыз шындық» деп сеніммен атады. Киножобада даңқты әншінің 1925 жылы Парижге жасаған сапары толық бейнеленген.
«Әміре» халықаралық дәрежеде дүниеге келген болмысы бөтен фильм. Бұл АҚШ пен Қазақстанның бірлесе түсірген алғашқы киножобасы. Америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа, оператор Максим Осадчий, сценарийін жазған Бенжамин А.Ван дер Вин, британдық актер Бен Алдридж, америкалық актриса Эбби Корниш және басқа да әлемдік деңгейдегі майталмандар фильмнің төрт құбыласының бірдей болуына әсер еткені сырт көзге байқалып-ақ тұр. Киноөнімнің алдымен ағылшынша жарыққа келіп, соңынан қазақша дыбысталғаны ақиқат.
Мерейімізді көтергені киноның көркем, шұрайлы тілі болды. «Міне, қазақ киносы», — деп досқа да, дұшпанға да кеуде кере көрсете алатындай толық қазақша қасиет тұнып тұр. Шетел актерлері бар деп шала-шарпы қазақша сүйей салмаған. Бұл жайт өзге қазақ киногерлеріне алтын даңғыл болса екен деп тілейміз. Тілі ала-шұбар немесе бірнеше тілде ботқа жасайтын, әйткенмен өздерін қазақ киносының тәңірісіндей көретін қайсыбір тұлғалар үшін «Әміре» фильмі таптырмас үлгі болсын дейміз. Сценарийді шетел маманы жазса да, қазақы бояу жан қуантады. Үзінді келтірейік, Эбби Корниш атақты фотографтың рөлінде ойнап, сонда бір сәтінде Әміреге айтқан сөзі: «Кешіріңіздер, қазақ жігітін биге шақырсам қалай қарайды екен?» Ал Әміренің жауабы: «Қазақ ерлері билемейді, тек күреседі». Қысқа ғана тілдесуден қазақ жігітінің ұлттық бедері жүрекке жетеді, әрі қазақ көрерменінің көңіліне мақтаныш сезімін ұялатады.

Тарихи шындықпен астарланып, сәтті қиюластырылған сюжет Әміре мен Мұстафа Шоқайдың кездесуі болды. Кеңестік қуғын-сүргін саясатының салқыны, зобалаң жылдардың қазаққа әкелген қасіреті екеуара диалогтан ұшқын береді. «Кетуге мәжбүр болдық. Сен сол елден жыраққа кеткендердің сөнген үмітін қайта жаға аласың», — деп Шоқай Әміреге ұлт сенімін жүктейді. Фильмде орыстар: «Дала сайтаны, Кеңес ішінен тәуелсіз қазақ елін құрмақшы болған нақұрыс», — деп атаған Мұстафамен жүздескені «иісшілдердің» секемін туғызып, әншіге тақсірет тартқызады. Осы оқиға шиеленісінде Әміренің ұлттық, азаматтық образы ашыла түседі.
Кинодағы Әміре аңғал, кейде тіпті тым жайбарақат көрінеді. Лебедев соңынан қуа шығып, «Қашаубаев, қайда барасың?» — деп айқайлағанда, бар айтқаны: «Болды, қойшы», — деген сөз ғана. Өзіне: «Білімің қандай?» — деген сұрақ қойылғанда, әнші: «Арнайы білімім жоқ», — деп жауап береді. Ал есесіне «надан қазақ» деген сөз естиді. Түрпідей сөзді естіп тұрып, қазақ жігітіне ғана тән өршіл мінезбен тұшымды жауап қайтармауы көрерменін ынтықтыра түседі. «Сен малайдың баласысың», — деп Леонид күлкі қылғанда да, үндемей тек намыстанған түр танытады. Және бірде Леонид әнші: «мал қорадағы тамақтарың суып қалмасын», — деп ашық қорлағанда да, көз қиығымен қарап отыра береді. Бұл режиссердің астарлы бітімде берген шеберлігі ме, әлде қазақтың Әміресі расында да «ынжық» болған ба? Ол жағын көрермендер өздері таразылай жатар.
Соңғы кездері қазақ киносы болсын, қазақ телехикаясы болсын, эротикалық сюжеттерге тым «байып кетті». Жалаңаштанып, төсекке құлай кету тәрізді көріністер көзге сүйелдей басылып жүр. Ал «Әміреде» де сол бейәдеп көрініспен мұндалады. Әнші қазақ жігіті фотограф әйелмен сүйісіп, ақыры шешініп тынды. Әнші Әміренің еркектік қабілетін экранға шығару қаншалықты қажет болды? ХХ ғасырдың басындағы нағыз дала қазағына шетел қызы ғашық болғаны жарасып-ақ тұр. Алайда араларындағы төсек қатынасы олардың нәзік сезімдерін қарадүрсін етіп көрсеткендей әсер туғызды. Баспасөз мәслихатында дәл осы оқиға жайлы сұрақ қойылғанда, шығармашылық топ өкілдерінің бірі: «Ол кез келген еркектің басында болатын жағдай», — деп түсіндірді. Олар қазақ үшін, жалпы әлем мәдениеті үшін Әміренің жай ғана «кез келген» емес екенін естен шығарғандай тосын жауап берді.

Париж көгінде қазақтың қара домбырасының үнін әуелеткен Әміренің «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан», «Балқадиша» әндерін орындағаны тарихи ақиқат. Фильмде осы әндердің үш-төртеуі орындалады. Бүркемеленген жасанды көрініспен емес, домбырада шынайы ойнап, тынысын кең алып құйқылжыта орындауы фильмнің бағасын асырып тұр. Париж сахнасына алғаш шыққанда, күйсандықтан төгілген әуенді тоқтатып тастап, өзінің домбырасын алып шығып, асқақтата ән салып, көрермендерінің таңдайын қақтырады. Бұл ретте шығармашылық ұжым хас әншінің тума талантын барынша дәріптеп, оның тапқырлығы аясында ұтымды бере білді.
Қалай десек те, қазақ киносы біртуар туындымен толықты, тіпті көшінің бетін түзеді. Көрермендер ұлы тұлғаларына деген сусаған сағынышын «Әміре» фильмімен баса алады деп сенеміз. Киноның соңында Әміренің таспаға жазылып алынған өзінің даусымен салған әні қосылады. Рухани жаңғыруға нық бет алған еліміздің дәл осындай киноөніммен нәрленуі күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы орайда жауапты тұлғалар: «Болашақта «Әміре» фильмінің жалғасы болуы да ғажап емес. Қазір Балуан Шолақ туралы, Жақсылық Үшкемпіров жайлы фильм түсіру мақсатымыз бар», — деп жиналған көпшілікті қуантып тастады.
Ертеңіне елеңдеген ел өткенінің өнегесін өлтірмеуі тиіс. Ұлыларын ұлықтаған ел ғана рухын тік ұстай алады. Ендеше, сондай бір рухты фильм қазақтың маңдайына бітті деп зор қуанышпен сүйіншілейтін күнге де жеттік!

Айзат Рақыш

Дереккөз: kazakhstanzaman.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер