Ақтөбеде жалғызбасты әке балаларының анасын ата-ана құқығынан айырмақшы
26.04.2018ж. 16:13

Ақтөбеде жалғызбасты әке балаларының анасын ата-ана құқығынан айырмақшы

Ақтөбеде жалғызбасты әке сот арқылы бұрынғы әйелін ата-ана құқығынан айырып, алимент  өндіріп алмақшы. "Басқа амалым" жоқ дейді. Айтуынша, көкек ана  бес жылдан бері  ұл мен қызын іздемек түгілі, телефонмен тілдесуге де жарамапты.  Сорақысы – жеті жастағы бала туған анасын танымайды.

«Менің қаным ғой, кімге міндет етем?» - дейді отағасы.

Еділбайдың  14 жастағы қызы мен 7 жасар ұлын жалғыз өзі бағып-келе жатқанына бес жылдың жүзі болыпты. 11 жыл отасқан жары бір күннің ішінде күйеуін  шиттей екі баламен тастап кетіп қалған.  Еділбай оның себебін де іздеп жатпадым дейді.  Бұған дейін де үйінен бір-екі рет кетіп қалған келіншегі  келеді деп үміттенсе керек. Бірақ,  балаларының анасының  қайтып келер түрі байқалмайды. Сауықшыл келіншек содан бері  әлі төбе көрсетпепті.

"Кеше  звондайды. Мен айтам, не болды?  Қосыласың ба деп едім? Иә, қосылам деді. Шамалыдан кейін телефонды, бәрін өшіріп тастады. Вахабистсің, террористсің  сен, намаз оқиды, мені зорлайды деп айтады қызметкерлерге. Сен намаз оқымасаң, бізге ақша төлемейді деп айтады дейді.  Мен ондай жоқ дедім" – дейді жалғызбасты әке Еділбай Керімбаев. 

Келіншектің қылығына көрші-көлем де,  енесі де әбден қанық . «Өтірігіне де құлағымыз үйренді» дейді.  Қарт ана екі бала үй болып кетсін деп,  барлық жағдайын жасағанын айтады. Тұрып жатқан  18 шаршы метр бөлмені де босатып беріпті.  Бірақ,  «ақшаға, жеңіл өмірге жақын келінім  бәрібір ұлыммен бірге тұрғысы келмеді» дейді. Келіншектің шеше болып жарытатынына да күмәнмен қарайды.  

«Осы қызды туғаннан кейін көрші үйге апарып тастайды бесікпен, бұл қызды дұрыстап  қараған да жоқ. Ана  жерге апарып тастайды, я үйге жылатып  тастап кетеді. Төрт класқа дейін ұрумен болды. Мынаны да сол.  Екі жарым жасынан кетіп қалған. Мына бала танымайды» - дейді Еділбай Керімбаевтың анасы Қарлығаш Керімбаева.  

Еділбайға ұл мен қызын бағып-қағуға зейнеткер шешесі қарайласады. 35 жастағы жігіттің тұрақты жұмысы бар. 50 мың теңге жалақыға күн көріп отыр. Соған шүкіршілік етеді.  Балалардың сабақ үлгерімі де жақсы, мектептен шағым болмапты. Ал көрші-көлем үлгілі әкеге тіпті шаң жуытпайды. Еділбайдың бір ғана тілегі бар – ол бұрынғы әйелін ата-ана құқығынан айыру. 

Мейірімсіз  ана ювеналды полицияның өкілдерін де әбден «шаршатқанға» ұқсайды.  34 жастағы келіншек еш жерде жұмыс жасамайды екен. Басында баспанасы да жоқ. Таныстарының, ағайындарының үйін паналап жүреді. Инспекторлар келіншекке бірнеше мәрте ескерту де жасаған. Тіпті, екі рет әкімшілік жауапкершілікке де тартыпты. 

«Бірақ, оған қарамастан, азаматша  Сәрсенова өзіне еш нәтиже шығармай,  сол балалар тәрбиесімен айналыспай, ана мейірімін сыйламай, мектепке бармай келеді» - дейді полиция инспекторы Гүлден Тілегенова.

Қазір ювеналды полициядағылар Керімбаевтың отбасына қатысты құжаттарды жинап жатыр. Соттан келіншекті ата-ана құқықығынан айыруды  сұрамақшы.  Алимент өндіру мәселесін де көтереміз дейді.  Соңғы шешімді сот шығаратын болады.  

Дереккөз: Еуразия арнасы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер