Қордай! Ұлтаралық тақырыпты жариялаудағы моральдық принцптер сақталмай отыр – А.Қалназаров
20.02.2020ж.

Қордай! Ұлтаралық тақырыпты жариялаудағы моральдық принцптер сақталмай отыр – А.Қалназаров

Түпнұсқа тақырып: «Біздің көп халық азаматтық журналистика мен ұлттық журналистиканың арасын ажырата алмайды»

Бұл азаматты көптен білуші едік. Негізінен журналист, шенеунік, қала берді кәсіпкер ретінде танитынбыз. Алайда соңғы кездері өзінің негізгі дипломдық мамандықтарына орай мәдениеттанушы-лингвист ретінде де көптеген ілкімді шаруалардың басы-қасында жүр.

Өзінің айтуынша, «Ана тілі» газеті, Baq.kz порталында бас редактордың орынбасары, МДХО-да ғылыми қызметкер, Дін істері агенттігінде сарапшы, «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында БАҚ маманы – спичрайтер қызметтерін атқарғандағы бүкіл жұмыс өтілі бүгінгі маманданып жатқан бағыттарына негіз болып отыр екен. Сонымен, «United Citizens Fund» ҚҚ төрағасы Абылайхан Қалназаровпен болған аз-кем сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

 

Абылайхан Мамырайханұлы, біз сізді басқа іскери қырыңыздан танушы едік. Десе де, жуырда Kazislam.kz порталына берген «Діни тақырыппен айналысатын мамандар аз» атты сұхбатыңызда діни журналистика теориясы, оның ішінде басқа бағыттарымен бірге диаспоралық журналистика мәселелерімен айналысып жатқаныңызды хабарлапсыз. Қордайдағы төтенше жағдай күн тәртібінде тұрған кезде әңгімемізді осы тұрғыдан өрбітсек қалай?

– Иә, діни журналистика теориясымен айналысып жатырмын. Оның ішінде зайырлы діни журналистикаға тереңірек ден қойып отырмын. Осы таңға дейін облыс әкімдіктерінің ішкі саясаты, құзырлы министрліктер тапсырыстарымен ондаған тренинг те беріп, бірнеше кітапшаның шығуына атсалысып үлгердім. Бұл менің соңғы 10 жылдың ширегіндегі ақпараттық-идеологиялық жұмыстар мен қоғамдық ортада жүріп жиған білімім мен тәжірибелеріме негізделген. Сауалыңыздың арғы жағында Қордайдағы жағдайдағыдай тақырыптарды жариялау мәселесін айтсаңыз дейсіз ғой. Діни журналистика аясында оны да тарқатып бере аламыз.

Теория бойынша диаспоралық журналистика әртүрлі ұлттық және этникалық топтар мен қауымдастықтардың мүдделерін білдіреді. Журналистиканың бұл түрінің ерекшелігі – диаспораның тұрақтылығы, оның ішкі ұйымдастырылу факторымен және ұлттық идея мен дін ретінде көрініс табуы мүмкін «өзекшенің» болуы. Осылайша, диаспоралық журналистика діни журналистикамен тығыз байланысты және этносаралық қатынастарды, дінаралық үнқатысуды жолға қоюдың құралы қызметін атқармақ.

Бүгінде бүкіл газет-журнал, телевидение, әлеуметтік желілер «дүнгендер» туралы материалдар мен хабарлар, жазбаларға толып кетті. Қайда қарасаң да ұлтаралық қатынас тақырыбы рейтингтерді бермей тұр. Сын демей-ақ қоялық, бейтарап бақылаушы-маман ретінде нендей олқылық кетіп жатыр деп ойлайсыз?

– Ұлтаралық тақырыпты жариялаудағы құқықтық-моральдық принцптер, әдептілік ұстанымдары сақталмай жатыр деген болар едім. Бұл еліміздегі екі өріс – қазақ тілді де, орыс тілді де ортаға қатысты. Ресми органдар аталған жағдайды алғашында жол бойында орын алған тұрмыстық дүрдараздыққа телуге тырысқанымен, осының айналасындағы ақпараттық шу бояуы қанық этникалық қақтығыс сипатын беріп жіберді. Мәселен, ақпараттық өрісте кикілжіңнің неден өрбігенін зерттеп, зерделеместен қазақты біржақты күстаналау мен сыңаржақ салыстырулар жағы басымдау түсіп жатқандай. Өзіңіз қараңызшы: Бүкіл медиялық мазмұнның түпкі мәні қазақ пен дүнгеннің бой салыстыруына ұласып кеткен жоқ па? Бірін еңбекқор, діндар етіп, екіншісін басқа деп... Меніңше, тап осылай екі жұртты объективті көрсеткіштер бойынша салыстырып, ұлттық қасиеттеріне қатысты қорытынды жасау дұрыс емес. Тіптен, өрескел қателік. Оқиғаның шекара асып кеткен дабысы әлемдік қауымдастық көзіне аюдың құмырсқаны жаншып жатқанындай көрінді, білем. Амал жоқ, енді!

Сондай-ақ, көп жарияшы эмоцияға ерік беріп қойған сияқты. Бәріміздің бір елдің азаматы екендігіміз естен «тарс» шығып кетті. «Жаулық тілі» барынша қолданысқа түсті. Мұндай жағдайлардағы стандартты қондырмалар: «біз» және «олар» жіктелімі бар қуатымен іске қосылды. Өте өкінішті!

Сонда ұлтын көрсетпеу керек пе?

– Этностықты ескеру үшін негізді себептер қажет. Әйтпеген жағдайда отқа май құюмен тең. Батыста «этникалық қатыстылықты қажеттіліксіз айтпаңыз» деп үйретеді екен. Ұлттық мәдениеттер фестивальінен репортаж дайындап, келушілерді өздерінің ұлттық тағамдарымен қалай дәм таттырып жатқаны туралы хабар берер болсаңыз, ол басқа әңгіме. Мұнда нацияға сілтеме беру орынды. Бірақ қылмыстық хроника, кісі өлімі туралы жазатын, яки жариялайтын жағдайда күдікті тараптардың этностылығын баса көрсету, оны тақырыпқа шығарып айғайлатып беру – болған оқиғаны толығымен түсіндірмейді, теріс этникалық стереотиптерді қалыптастыруға жол ашады. Дәл қазіргі таңдағы реалийлерде бұл мүмкін емес шығар. Өйткені пойыз кетіп қалды. Қалай десек те, теориясында осылай болуы керек-ті.

Тағы қандай «әттеген-ай» байқадыңыз?

– Ақпарат ғылымында «теңдестірілген жариялаулар» деген түсінік бар. Яғни этникалық реңкі бар шиеленісті жағдайларды сипаттағанда, стандартты ережеден басқа екі тарапқа да сөз беру, екі тараптың да тең үлесте ұсынылуы үшін де жағдай жасау қажет. Соңғы сөздің тараптардың бірінде – бір тараптың ұстанымын бекітетін түсініктемесіз соңғы дәйексөз қалмауына назар аударған жөн. Берілудің басқа да бөлшектері маңызды: материалды суреттейтін оқиға орнынан алынған фото – мәтін мазмұнына қарамастан, жағдайды бағалауға тараптардың бірінің пайдасына итермелеуі мүмкін. Осыны ескеру керек. Рас, материалды шұғыл тапсыру қажет болған жағдайда барлық аспектілерді ескеру оңай емес. Бірақ ақпарат өкіліне екі басы тең материалдарды дайындау – басты міндет.

– Сөзіңіз аузыңызда. Бірақ Масаншыны қозғап, таразы басын тең ұстауғы тырысқан Асылхан Мамаштайын майталман журналистерге де «Түнгі ойран» хабары үшін әбден еті қызып алған көпшілік реніш айтып жатыр емес пе? Бұл қалай?

Олай болуы да қалыпты жағдай. Кикілжің болған жерде ашу да қатар жүреді. Ондайда ел өз ұлтының өкілі өз ортасының сөзін сөйлесе дейді. Көбі сөйлейді де. Алайда ары-арасында азаматтық журналистика өкілдері де принцпке барып, еш жаққа бұра тартпауға тырысады. Мен де бұл жайтқа куә болып, ағамызға бірлі-екілі комментарий қалдырдым. Асекеңнің өзі де Фэйсбукта (Ұялы телефонын алып, экраннан оқи бастады): «Журналист кәсібімен жүрмін. Сондықтан бейтараппын. Бұра тартпауға тырысамын. Көзім жетпеген нәрсені леп белгісін қойып жазбаймын. Екі адам төбелессе, екеуіне де сенбеймін, екеуіне де сөз берем...» деген жоқ па?

Иә, жұрт өре түрегелді. Иә, «Журналисттің өз ісіне адалдығы қоғамда ұлт мүддесіне қайшы келсе, ол көрініп тұрған істі хабарлаған журналисттің емес, осы қоғамды құруға атсалысқан жалпақшешей, сайқал белсенділердің сатқындығы, ұға білсе» деді бірқатар патриоттар.

Бірақ: «Біздің көп халық азаматтық журналистика мен ұлттық журналистиканың арасын ажырата алмайды. Екеуі қаншалықты жақын болса, тура соншалықты алыс. Сол үшін де Асағаң мен Қакеңе өкпелеп жатыр. Абайды қайта оқуымыз керек-ау шамасы...» дегендердің де болғанын ұмытпау керек. Ел іші болған соң, ондай-ондай болмай тұрмайды.

– Әрине, айтуға оңай. «Таяқтың екі ұшы болады» дегендей, ұлттық мүддені де жоққа шығара алмаймыз. Ел бұл туралы «Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білу керектігін» әйгілеген оқиға деседі...

– Болары болды. Кім де болмасын ұмытылмас сабақ болды. Саналы ұқты, ойлы түйсінді. Тиісті қорытындылар жасалды деп білемін. Мемлекет, қоғам болып жұмылып, ендігәрі мұндай жағдайдың қайталанбауына барынша күш салу керек. Мәлім болғандай, осыған жол берген жергілікті атқарушы билік өкілдері, ішкі істер органдары басшылары, тіптен, облыс әкімінің өзі орнынан кетті. Арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Бейбіт күнде жараланғандарды айтпағанда 10 адамның қазасы деген ойын емес қой. Қатты шешенсігім келмейді. Қандасымыз болмаса да діндесіміз, отандастарымызбен ынтымақта болуымыз керек-ақ. Елдік мүдде ең алдымен осы жерден көрінсе керек-ті. Қазір ол жерде қауіпсіздік қызметкерлері, сарапшылар, блогерлер, журналистер мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін жүр. Құптарлық-ақ іс. Арнайы жасақ та сақшылық етуде. Тап жақын аралықта ол жақта алаңдатарлық жағдай бола қоймайды деген ойдамын. Орнында бар оңалар. Одан да шетел көрген жаңа буын мен өмір көрген ескі буынның басын қосып, мықты талдамашыларды, әлеуметтанушыларды, мәдениеттанушыларды жиып, еліміздегі осы тектес проблемалар тұтануы ықтимал өңірлерді анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізсе нұр үстіне нұр. Бұдан бөлек, бір тіл, бір ділдің айналасында біртұтас халық болып ұйысуға бағдарланған жүйелі идеологиялық-ақпараттық жұмыстар да жүргізілсе қанекей!

– Бұл оқиғаны мұсылман мен мұсылманның шарпысуы ретінде көрсетіп жатқандар да баршылық...

– Өкінішке қарай солай да тәпсірленіп жатыр. Бұл таза «қосстандарттылық». Бір күштерге бұл тиімді болса керек. Кезекті рет Ислам жамағатының бет-бейнесін қаралап, күйе жағуға тырысу. Не де болса, бұл діннен шыққан нәрсе емес. ТМД аймағында ксенофобиямен айналысатын ВЕСОМО ұйымы «қосстандарттылық» туралы былай дейді (Ұялы телефон экранынан оқып берді): «Бір кісі өтіп бара жатқан жүргіншіге пышақпен шабуыл жасады. Шабуыл жасаған адамның мойнында крест болды. Яғни, ол христиан дінін ұстаушы. Сіз «Христиан дінін ұстанушы пышақпен шабуыл жасады...» деген тақырыптарды жиі кездестіресіз бе? Шынымен де, пышақпен шабуылдайтын болса, ол сонда қандай христиан дінін ұстанушы? Дінді шынайы ұстанатындар олай жасамайды. Оған қарамастан, «Мұсылман пышақпен бар милиционерге шабуыл жасады» деген сарындар әдеттегі тақырып. Бірақ шынайы мұсылмандар да осылай әрекет етпесе керек».

Мұнан нені байқаймыз? Қосстандарттар бірінші жағдайда діни сенім тек өз дінінің нормаларына сай келетіндерге ғана есептеледі. Егер діни сенімге сәйкес келмесе, ол жоққа шығарылады. Екінші жағдайда, керісінше, нақты адам көрсеткен іс-әрекет, оның ішінде бейәлеуметтік әрекеттер, дінмен байланыстырылады және бір адам арқылы барлық сол дінді ұстанушы адамдарды сипаттайтын болады. Болды!

Сонымен, діни немесе ұлтаралық қатынастарға байланысты төтенше оқиғалар тақырыптарын қозғау бойынша қандай ұсыныстар бересіз?

– Бірден айтайын, мені бір осының сүйегін шағып, майын жеген ғұлама көрудің қажеті жоқ. «Ел іші – алтын кеніш», бұл мәселелерге менен де зорлар бар шығар. Алайда азды-көпті түйген, білгенізбен бөлісуге қашан да әзірмін. Онда да «сен бүйте қал, өйте қал» деген диктат мәнінде емес, консультативтік, ұсыныстық тұрғыда ғана ұсынымдар бере аламын. Жарияшыл жұртшылық қаласа, қабылдасын, қаламаса, қабылдамасын. Бұл менің жеке көзқарасым мен пікіріме, сонымен қатар, Дін істері комитеті аясында біз шығаруға атсалысқан «Дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша әдістемелік ұсыныстар» кітапшасына негізделген дүниелер...

– Құлағымыз сізде!

– Меніңше, БАҚ өкілдері жад ететін бірінші жайт мынау болу керек: Діни, этностық сипатты төтенше оқиғаларды жариялайтын журналистер тек әңгімелеуші ғана емес, еріксіз осы оқиғалардың қатысушысына айналады. Осыны ұмытпауы керек-дүр. Қалпағындай кие берсін! Бұл орайда, біздің азаматтарды діни-этникалық араздық идеологиясына негізделген қақтығыстарға қарсы тұру иммунитетін қоғам санасында қалыптастырылуына ерекше көңіл бөлу қажет-ақ. Себебі, кітапта атап өтілгендей, осындай әлеуметтік шиеленістер мейлінше қауіпті және халықтың тарихи жадысында көпке дейін ізі қалатын моральдік жарақаттар қалдырады.

Екіншіден, жарияшылар қолданыстағы БАҚ және Терроризммен күрес заңнамаларын қатаң сақтауы тиіс.

Үшіншіден, БАҚ хабарламаларының жалпыға, оның ішінде шиеленіскен жағдайларды қасақана жасайтындар үшін қолжетімді екенін әрқашан есте сақтаған жөн. Олар сіздің хабарламаларыңызға қатысты ақылға қонымсыз мінез-құлық танытуы мүмкін.

Төртіншіден, арнайы қызметтердің құпия ақпараттарына қол жеткізуге әрекеттенбеу.

Бесіншіден, адамдарды құтқарудың қоғамның ақпарат алу құқығынан маңызды екенін ескеру. Кейбір ақпараттардың қауіпсіздікті сақтау мақсатында жабық екендігін тікелей хабарлау.

Алтыншыдан, негізгі міндет – қоғамда үрей тудыру емес, оны ақпараттандыру болып табылатындығын есте сақтау.

Жетіншіден, қатігездік пен зорлық-зомбылықты көрсеткен кезде аса сенсациялық сипат пен шынайылықтан бас тарту. Өз аудиториясының ұлттық-рухани және діни сезімдеріне құрметпен қарау.

Сегізіншіден, «ұтымды» фото немесе бейнетүсірілімдерді әзірлеу мақсатында шиеленісті жағдайға тап болған тұлғаларға қандай да бір іс-әрекет жасауларына ұсыныс жасамау.

Тоғызыншыдан, шиеленісті жағдайларда басты тұлғаға айналуға әрекеттенбеу. Өзіне делдал рөлін алуға ұмтылмау.

Ең бастысы, Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексінде «Кәсіби парыз» ретінде аталған конфессияаралық, этносаралық келісімді сақтау, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық адамгершілік ахуал мүддесі үшін қызмет жасау сынды тұжырымдарды басшылыққа алу...

– Қош, сізге конфликтолог болу да қиын емес екен. Өз басыңыз «момынмын» деп есептейсіз бе, «әзілдеп жатыр» дей көрмеңіз, дау-жанжал жағынан қалайсыз? (күлдім) Мұның бәрін тартысты топқа көп түсіп, басы даудан қайтпаған тәжірибелі адам ғана жіті білсе керек!?

Бірде есек пен қасқыр шөптің түсіне бола айтысып, аң патшасы Арыстанға келіп төрелік сұрапты. Есек шөптің түсін «сары» десе, қасқыр «жасыл» депті-міс. Содан не керек, сот болып, әрқайсысы өз дəлелдерін алға тартады. Алайда Арыстан бұқарасын таң қалдырып, қасқырды бір айға зынданға тастауға үкім шығарады. Ал есекті болса кең далаға босатып жібереді. Бұл қиянатқа Қасқыр шыдамай: «Шөптің түсі жасыл емес пе еді?» деп дат айтса, Арыстан: «Әрине, сенікі дұрыс» дейді. Түкті де түсінбеген Қасқыр: «Ендеше не үшін маған қарсы үкім шығарып, зынданға жаптыңыз?» десе, Арыстан: «Бөрі басыңмен есекпен есек болып, таласқа түскенің үшін» деп жауап берген екен.

Моралы сол, «Атаның өспес ұлы, өнбес дауды даулайды» деген сөз бар. Егіс даласын жайқалтатын күнді күркіретіп, көкті тілгілейтін батыр найзағай емес, момын жаңбыр. Өз басым жасымнан мүмкіндігінше қиғаш істен алшақ жүргенді ұнатамын. Осыған миымның жеткендігі болса керек (күледі). Лайым, жаудан, даудан алтын басымыз аман болсын!

– Орайы келіп тұрғанда және бір сұрақ: Мақтан тұтарлықтай өз қолыңызбен атқарған немесе жүзеге асуына атсалысқан жобаңызты атай аласыз ба?

– Шүкір, бар. Айталық, сөз басында «сұхбат беріпсіз» деп атап өткен Kazislam.kz порталы мақтан тұтарлық жобамның бірі. Мен оны құрушылардың қатарынан болдым. Азан шақырып, құлағына айқайлаған атымыз – E-islam.kz еді. Кезінде Дін істері агенттігінде жүрген кезде кураторлық етіп, қаржы бөлдіріп, сайтын қалыптап, ұжымын жинап беріп кеткен едік. Содан бері ұзатқан қызының құтты орынға қонып, үбірлі-шүбірлі болып кетуін тілеп, сыртынан бақылап жүретін әке секілді жанкүйерміз. Бүгін айтсаң, ертегі сияқты. Бірақ, Ғалым Шойкиннің басшылығымен сол кездегі идеологияға жауапты талапшыл басшылардың мақұлдауынан өткізу, құрылымын түзу оңай болмады.

Айта кетейін, портал әу бастағы концепциядан айнымай, исламдық құндылықтарды зайырлылық тұрғысынан беруге күш салып келеді. Яғни, зайырлы діни журналистика, этникалық мазмұн талдамасы үлгілерін іздесеңіз сонан табасыз. Ол бүгінгі таңда Қазақстан үшін дәстүрлі саналатын ислам ұстанымдары негізінде позитивтік, прогрессивтік идеяларды насихаттайтын ақпараттық, рухани-ағартушылық, мәдени-танымдық және интерактивтік бірден-бір ғаламтор-ресурсы.

– Айтпақшы, есіміңіздің сондай ұлық ханмен аттас болуы немен байланысты? Кездейсоқтық па, әлде арнайылап, ырымдап қойылған ба? Бір жағынан ханша төрелік айтып отыруыңыз есім-сойыңыздан ба деймін... (күлдім)

Атымды 95 жасап дүниеден өткен Күлайхан әжем қойған. Мен туылмастан 16 жыл бұрын ол кісі түс көріпті, түсінде ғажап іс көріпті, ақ сәлделі, ақ сақалды, ақ шапанды, ұзын бойлы бір қария келіп: «Ендігі баланың атын Абылайхан қой» депті. Ол кезде екі келіні ғана бар. «Бұлардың қайсысы...» дей бергенде оянып кетеді. Содан ал кеп күтсін. Бірақ менің әкемнің қарындастары бірінен соң бірі дүниеге келе береді. 3 қыз туылады. «Ойпырмай, мұнысы несі» деп жүргенде әкем де ержетіп, үйленіп, одан әпкем дүниеге келіп, одан кейін ғана барып мен жарық дүние есігін ашыпппын. Міне, осылайша әруақты ханымыздың есімі маған беріліпті. Өзгелер есімінен бұрын туылатын болса, менен бұрын есімім тілге оралып, мені 16 жыл өстіп күтіп жатқан-ды. Кейіннен «мұнда қандай да бір мистика бар ма» деп ізденіп көргенде, тарихтағы Абылайханның Бұқара-Самарқаннан келе жатып Арыс өзені бойында қайтыс болғанын таптым. Ал мен туылған Қоғам ауылы, өсіп, ержеткен Шәуілдір ауылы Арыс өзенінің жағасында орналасқан. Бірақ өз басым мұнда қандай да бір параллель жүргізерліктей негіз жоқ деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рақмет!

 

Нұрсұлу Темірханқызы

Дереккөз: © qamshy.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер