Мұстафа Өзтүріктің көзі тірісінде берген сұхбаты (ФОТО/ВИДЕО)
22.01.2021, 10:48

Мұстафа Өзтүріктің көзі тірісінде берген сұхбаты (ФОТО/ВИДЕО)

Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман - белгілі спортшы, Таэквондо спортынан алты-дүркін әлем чемпионы, 6-дан қара белбеу иегері, ҚР таеквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы. 1954 жылдың 23-қарашасында Түркия, Қайсері қаласының Мұсаходжалы ауылында дүниеге келген. Тірі болса бүгін абадан азамат 62 жасқа толар еді. Әуелден ажалға араша жоқ бірақ. Қолдан келері тау тұлғалы таэквондошының өмірбаянын баяндау ғана.

Мұстафаның әкесі және Өзтүрік атануы
 
Мұстафаның әкесі Қабен (Қабыл) Төлеубайұлы ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, жауырыны жер иіс­кемеген атақты палуан болған. Сол кездері ел ішінде кәмпеске басталып кетеді де, бір әулет бір түннің ішінде тұтасымен таудан асып, Ұласты өзенін жағалай жүріп, Шың еліне өтіп кетеді. Алайда араға жиырма жыл салып, Қытай елінде де қызылдар қырғын салған сүрең басталып, 50- жылдары Түркияға барып тұрақтауды ойлайды. Анадолы еліне жету де оңайға соқпайды. Адамзат аяғы тимеген атақты Такмала шөлін басып өтіп, Үндістан шекарасына да жетеді. Жол-жөнекей қырғын соғыстан көз ашпай Пәкістан арқылы әйтеуір Түркияға табан тірейді. Қалың топтан қалған жұрнақ міне, осылай Кайсері қаласынан пана табады. Жергілікті түріктер бірден жақсы қабылдайды. Қандастар деп құрметтейді. Соның арқасында бұл әулеттің жағдайы да жақсара бастайды. Қабен аға осы жерде палуандармен белдесіп, өзінің жауырыны жер иіскемейтін шебер екеніне көз жеткізеді. Түрік бауырлардың Қабен ағаға деген құрметі артып, Өзтүрік атап кеткен. Міне, осылай отбасы мүшелері осы атауды өздеріне тек етіп алады.
 
 



Мұстафа Өзтүрік Ыстамбұлдағы орта мектепті бітіріп, Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірген. Осы елде жүріп кәрістің көне спорт өнері таеквондоны үйренді. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Ыстамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. Алты тілді меңгерген. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашады. Алайда жазмыш оған елінде көрер жарығын көп қылмапты. Елге оралған соң бар-жоғы бес жылдың мұғдарында ажал құшады.


                                                  Елге келген кезі





 
 
Қазасы
 
Мұстафа 1995 жылдың 11 наурыз күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан кикбоксингтен жарысты тамашалауға барады. Жарыс аяқталғаннан кейін өзін жайсыз сезінеді де, дәрігер шақырады. Дәрігерлер оны Алматы қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасына жатқызады. Бірақ сол жерде 1995 жылдың 15 наурыз күні қайтыс болады. Қарындасы Феруханның және туыстарының шешімімен Мұстафа Өзтүрік Ыстамбұлдағы қазақтар көп тұратын Гүнешлі ауданындағы зиратқа, әкесінің жанына жерленеді. Анасы Рәзия БАҚ-қа берген сұхбатында: "Жұрттың біразы «Мұстафаның сүйегін Түркияда жерлеуге Халифа Алтай себепкер болды» деп жүрген көрінеді. Шындығында, олай емес. Керісінше, «осында қалдырайық» деп ақыл қосқан алғашқы адам еді. Бірақ, Мұстафаның қарындасы, менің қызым Ферухан қарсы болды. «Ағам әкемнің қасында жатсын. Жұма сайын барып, Құран оқып тұрамыз» деді ол. Ол кезде менің бәлен деп айтуға шамам жоқ еді"-деген.
 
 

Мұстафа Өзтүріктің досы Мамет Дамир: «15 наурызда оның жағдайы қиындай берді. Кешкі бес жарымда ол көз жұмды. Оның жанында болған достары: «Оны біреулер улаған» - деді». 1995 жылдары елде рэкетирлік уақыт еді. Біреулерге Мұстафаның елге келіп, көтеріле бастағаны ұнамаса керек. Біздің болжамымызша, оның тамағына у қосқан сияқты» дейді. Алайда аурухананың берген ресми мәліметі Өзтүріктің қастандықпен өлтірілгенін растамады.
 


2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды. Оны жеке кәсіпкер Қайыр Мейірбеков 2004 жылы өз қаражатына жасатқан.
 
 
            Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Гүнешлі ауданындағы Мұстафа Өзтүріктің бейіті

Мұстафа Өзтүріктің шәкірттері:
 
Бексейіт Түлкиев
Қабибек Мұхитов
Қайрат Қырғыз­баев
Сұлтанмахмұт Шоқпытов
 

                                                     Мұстафа Өзтүрік шәкірттерімен

1992 жылы Мұстафаның шәкірттері алғаш рет көк туымызды Түркияда өткен халықаралық турнирде желбіретті. Олар жарыс чемпиондары Сұлтанмахмұт Шоқпытов және Қайрат Қырғызбаевтар.
 
1993 жылы қазақ елінің федерациясы Халықаралық таэквондо федерациясының мүшелігіне қабылданды.
 
1995 жылы әскерилер арасындағы әлем біріншілігіне алғаш рет қатынасқан ұлттық құрама әлемдік деңгейде екінші орыннан көрінді.

Дерек көзі: inform.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер