Отандық ауыл шаруашылығы мамандарының Қытай еліндегі сапары жалғасуда
25.11.2016, 14:27

Отандық ауыл шаруашылығы мамандарының Қытай еліндегі сапары жалғасуда

Қазақстан Республикасының агротехникалық университеттерінің жетекшілері мен ауыл шаруашылығы мамандарының Қытай Халық Республикасына арнайы сапары жалғасуда.

Бүгінгісін «Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры А.Сағитов бастаған топ Шэньси провинциясының Сиан қаласындағы Солтүстік Батыс ауыл шаруашылық, орман шаруашылық ғылым-техника университетінің ғылыми-лабораториялық кешенінің жұмысымен танысып, оқу ордасында білімін шыңдап жатқан жергілікті қазақ студенттерімен кездесті.

«Біз бүгін де мұндағы әріптестеріміздің лабараториялық жетістіктеріне куә болып отырмыз. Әрине, біздің де ұсынарымыз бар. Дегенмен, бірлесіп ой қорытып, ортақ игіліктерге қол жеткіземіз деген ойдамын. Бізге Қытай тарапының әрбір жаңалығы құнды. Бұған араларыңызда жүрген және осында білім алып жатқан қандастарымыз де бір кісідей атсалысады деп сенемін», - деп атап өтті А.Сағитов.

Экскурсия барысында қытайлық ғалымдар қазақстандық әріптестеріне Қуаңшылық аудандарына қарсы және өсімдіктерді қорғау түйінді лабораториясындағы өз қолдарынан шыққан техникалық құрылғыларын көрсетіп, екі жақты пікіралмасулар жасады және де шөлге қарсы күресудің мәселелерін ортаға салды.

Сондай-ақ, талқы барысында қытайлық ғалымның бірі, биология ғылымдарының профессоры Чаң Чин өзі будандастыру арқылы қолдан өсіріп шығарған картоп түрлерін көрсетті. Оның айтуынша, «Ақ раушан», «Қара раушан», «Қызыл раушан» және «Көгілдір раушан» деген атаулармен түрлі сұрыптарға бөлінген картоптар түсімділігінің жоғарылығымен және емдік қасиеттерімен ерекшеленеді. Мысалы, «Көгілдір» раушан картобының түрі диабетпен және ісік ауруларымен ауыратын науқастарға арналып шығарылған. Яғни, оның құрамында майлылық қалыпты мөлшерден төмендетілген.

Бұл орайда, «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның биотехнологиялар лабороториясының меңгерушісі Ж.Тоқбергенова ұсынылған өнімдердің қазақстандық баламаларымен салыстыру жүргізіп, екі аймақтың да оңды қасиеттері бар жаңа картоп өсіріп шығаруды ұсынды.

Бұдан кейін арнайы топ Қуаңшылық аудандарына қарсы су үнемдеуді зерттеу орынының лабараториялық-қолданбалық ғимараттарында болды. Бір-біріне жалғаспалы түрде және көп қабатты формада салынған алып зерттеу кешені заманауи жабдықталуы және жер асты жолдарының инженерлік шешімімен ерекшеленді. Онда қазақстандық ғалымдар Өсімдіктердің тамырларының су сіңірілуі мен топырақтан азықтануын және топырақ құрылымын зерттеу құрылғысы мен айналмалы және жылжымалы бүркіп суғаратын суғартқыштың құрылыстарымен танысты. Аталған құралдардың жұмыс жасау ерекшеліктерін түсіндірген су маманы Хан Гуң Жин осынау зерттеу орталығын салудағы басты мақсат – су тапшылығын болдырмау және барынша су ресурстарын үнемдеу болғанын жеткізді.

«Суғармалы су динамикасы, Су қысымын теңшейтін құрылғыларымыз да әріптестеріміздің ыстық ықыласына ие болады деп білемін. Қазіргі таңда біз мұндай құрылғыларды өзіміз жасап шығарудамыз. Ынтымақтастығымызды осы бағытта өрбітуге әзірміз. Сонымен қатар, өсімдік тамырларын зерттеуге арналған жер асты құралының да әлемде баламасы жоқ, өз технологиялық жетістігіміз екендігін айта кеткім келеді. Тың көзқарастарыңыздың оларды жетілдіре түсетіні анық», - деді Хан Гуң Жин.

Шара соңында арнайы топ «Шин» бау-бағымшылық шекті серіктестігінің аумағын аралады. Онда қытайлықтар өздері будандастырып шығарған еті мол сиыр түрлерін көрсетіп, олардың күтіліп-бапталу үрдісін әңгімеледі. Сонымен қатар, мал бағымын онлайн режимінде ұдайы бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін бейне бақылау жүйесімен таныстырды. Өз кезегінде, Қазақстан мамандарының бір шоғыры – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Аграрлық техника және технология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор С.Бекбосынов пен С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Н.Серікпаев жем-шөп құрамы, қора-жай құрылысы, алынатын еттің сипаттамасы және нарыққа жөнелту басымдықтары бойынша пікіралмасулар жүргізіп, аталған сиыр тұқымының өз елімізде өсірілу мүмкіндіктерін шаруашылық өкілдерімен талқылады.

Айта кетейік, сапар мақсаты – екі елдің сала мамандарының тәжірибе алмасып, өзара араласуына жағдай жасау және ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы ғылыми-техникалық жаңалықтармен бөлісу.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер