ЭКСПО-2017 қонақтарына құлаққағыс етерлік жаңалық: Алакөл курортық аумағы көліктік қолжетімді
21.07.2017, 15:26

ЭКСПО-2017 қонақтарына құлаққағыс етерлік жаңалық: Алакөл курортық аумағы көліктік қолжетімді

Қазақстандықтардың шетелдегі демалыстарына жыл сайын 2 млрд долларға жуық қаржы жұмсайтыны мәлім. Яғни ішкі туризм саласы осыншама қаржыдан құр қалып отыр. Кезінде Инвестициялар және даму министрлігінің департамент директоры Тимур Дүйсенғалиев айтқандай-ақ, ел тұрғындарын ішкі туризмді таңдайтындай жағдай жасайтын кез келді. Әрине, бұл үшін ең алдымен, қызмет сапасын арттыру, ішкі туристік-демалыстық орындарға апаратын транспорт мәселесін шешу қажет. Бұл тақырып 2015 жылдан бері айтылып келе жатса да, қазіргі таңда бірқатар шаралар қолға алынуда.  Айталық, бүгін «Астана - Үшарал» жаңа әуерейсі ашылды. Бұл шын мәнінде де сүйінші сұрарлық оқиға. ЭКСПО-2017 шарасы аясында шетелдіктердің елімізді тани түсетіні, тіптен, демалыстық маршруттың бірі ретінде ойға алатынын ескерсек, Алакөл курорттық аумағының көліктік қолжетімділігін арттыру мақсатында Үшарал әуеайлағынан азаматтық авиация әуе кемелерінің ұшуларына дайындау бойынша жұмыстар аяқталуы өте маңызды жаңалық.

Расымен де, ұзындығы 2200 м болатын ұшу-қону жолағына жөндеу жұмыстарының жүргізіліп, жаңа рульдеу жолағы және 2 әуе кемесі үшін перрон салынғанын жетістік ретінде айтсақ артық емес. Құзырлы мекеменің хабарлауынша, аэровокзалдың жаңа ғимараты жолаушыларды тіркеу және тексеру үшін барлық қажетті қондырғылармен жабдықталған.

Сонымен қатар, Үшарал әуеайлағына бастапқыда Астанадан аптасына 4 рет жиілікпен рейстерді орындау жоспарланған. Оларды «Жетісу авиа» АҚ әуекомпаниясы орындайды.

Айта кетейік, 2017 жылғы 21 шілдеде «Жетісу авиа» АҚ әуекомпаниясы бортында 22 жолаушысы бар субсидияланатын алғашқы рейсті орындады. Әуебилеттің құны субсидия есебімен бір бағытқа 16000 теңгені құрайды.  

Тағы бір айта кетерлік жайт, жалпы есепте ағымдағы жылдың 6 айында жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау 18,7%-ға өскен немесе бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 500 мың адамға артқан. 2017 жылғы жарты жылдықта барлығы 3,2 млн. адам әуе компания қызметтерін пайдаланды. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының ақпараты бойынша, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар ағынының өсімі 46%-ды (2016 ж. – 113514 жолаушы, 2017 ж. – 165435 жолаушы) және ішкі рейстерде 24%-ды (2016 ж. – 190979 жолаушы, 2017 ж. – 237309 жолаушы) құрады. 2016 жылы әуежай 3,5 млн. жолаушыға қызмет көрсетті. 2017 жылғы жарты жылдықта – 1,8 млн. жолаушыға қызмет көрсетілген. Жыл басынан бері шетелдік және қазақстандық әуе компаниялар 9 жаңа халықаралық бағытты ашты. «Ашық аспан» шеңберінде Астана – Хельсинкі, Астана – Варшава, Астана – Будапешт, Астана – Бейжің, Астана – Киев, Астана – Батуми, Астана – Нью-Дели, Астана – Ереван, Астана – Минеральные воды рейстері ашылды. Қазақстанға польшалық LOT, венгриялық лоукостер Wizz Air, финдық Finnair, қытайлық Air China сияқты жаңа әуе тасымалдаушылары келді.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер