Елбасы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында «ЭКСПО-2017» көрмесі табысты өткенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев көрменің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті.
– Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы көрме аясында өткен мәдени және халықаралық шараларға тоқталды.
– Күн сайын елордамыз төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жеткен түрлі мәдениеттің әуені мен нақышына бөленіп тұрды. Бүгінгі салтанатты рәсім Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитімен тұспа-тұс келіп отыр. Онда ислам әлеміндегі ғылыми-техникалық дамудың маңызды мәселелері талқылануда. Жалпы, ЭКСПО аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміздің Еуразия өңіріндегі қауіпсіз әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі оң имиджін нығайта түскенін атап өтті.
Мемлекет басшысы «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды аспектілеріне тоқталды.
– ЭКСПО бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ЭКСПО аясында қазіргі заманғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленгенін атап өтті.
– ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Жалпы, біздің көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану жоспары жөнінде ой бөлісті.
– «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты және ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін құруға арналған жобаларға тоқталды.
– «ЭКСПО» көрме кешені толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрі қызмет ететін болады. Баршаңызды жаңа орталықтардың жұмысына белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті көрмені өткізуге үлес қосқандардың бәріне алғыс айтып, келген қонақтарға ерекше ризашылығын білдірді.
– Осымен халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялаймын! Оның идеясының толығымен жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан халқына ризашылығымды білдіремін. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысып, еңбек етті. Баршаңызға Қазақ жеріндегі айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.