Мәжіліске 150-ден астам делегат қатысты, олардың ішінде: Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар министрлігінің «Роснедра» басшылары, «ВСЕГЕИ» ФБММ, «ВНИГИИ» ФБММ, Иран Ислам Республикасы Геология қызметінің басшылары, Өзбекстан Республикасы Геология қызметінің өкілдері, ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің басшылары, еліміздің жоғары оқу орындарының басшылары: «Қ.И.Сәтпаев атындағы Геология ғылымдары институты», «Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті», Атырау мұнай және газ институты», жетекші жобалық институттардың басшылары, сонымен қатар ҚР мұнай-газ секторының жер қойнауын пайдаланушылары қатысты.
Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев: «Каспий аймағының геологиялық құрамының ГАЖ-Атлас картасы» жобасын жүзеге асыру мұнай және газ геологиясының іргелі және қолданбалы міндеттерін дамытуға, стратегиялық және геосаяси шешімдерді қабылдауға, сондай-ақ инвестициялық саясатты және аймақты экономикалық дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламаларын әзірлеуге қажетті саланы дамытуға жаңа қарқын береді»,- деп атап өтті.
Сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің атынан Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.
«Әлем бойынша мемлекеттердің экономикасы өнеркәсіп секторына, атап айтқанда көмірсутек шикізатына байланысты болып отыр. Мұнай-газ геологиялық барлау деңгейін арттыру – өзекті мәселе болып табылады. Аталмыш бағытта министрлік геологиялық барлауға инвестицияларды тарту үшін тартымды жағдай жасау мақсатында бірқатар заңнама реформаларын өткізуде. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану Кодексін» әзірлеу болып отыр. Кодекс жобасының негізгі бағыты Ұлт Жоспарының «жер қойнауын пайдалану құқығын жеңілдету, инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау» 75-қадамын орындаумен байланысты. Мемлекеттік реттеуді оңтайландыру, жерді пайдалану құқығын ұсыну мерзімдерін 3 күнге дейін қысқарту, сондай-ақ Қазақстанның қорларына деген инвесторлардың сенімін қамтамасыз ететін халықаралық стандарттарды қолдану мәселелерін шешу Кодекстің тұжырымдамалық негіздерін құрайды», - деп атап өтілді министрдің құттықтау сөзінде.
Мұндай іс-шара Республика Тәуелсіздігінің қарсаңында алғаш рет өткізіліп отыр. Іс-шараның негізгі мақсаты Каспий жағалауы мемлекеттерінің қатысуымен 1:1000000 масштабтағы «Каспий аймағының геологиялық құрамының ГАЖ-Атлас картасын» құру, сондай-ақ өзекті мәселелерді талқылау болып табылады. Каспий аймағының жоғары геологиялық перспективаларын ескере отырып, аталмыш жобаны жүзеге асыру Каспий жағалауы мемлекеттері 25 жыл ішінде жинақтаған геологиялық, геофизикалық, геоэкологиялық және басқа да деректердің интеграциясын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бірыңғай геологиялық-картографиялық негізді және деректердің ақпараттық базасын құру өңірдің инвестициялық тартымдылығын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Каспий аймағының мұнай-газ секторын жалпы дамытуда салааралық мультипликативті әсер береді және өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық өміріне оң әсер етіп, болашақта қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Тәуелсіздік жылдарының ішінде Каспий теңізінің Қазақстан секторында қорлар бойынша ірі, әрі бірегей Қашаған кен орны, сондай-ақ Қаламқас теңізі, Қайран, Ақтоты және Хазар сияқты кен орындары ашылды және барлау жүргізілді. Мұнайдың жалпы геологиялық қорлары 5.1 млрд. тоннаны құрайды. Олардың ішінде 2.2 млрд. тонна мұнай және 0,3 трлн. м3газ шығарылады. Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік және орталық учаскілерінде ұзындығы 8 000 мың шаршы километр болатын жерлерде екі өлшемді сейсмикалық зерттеулер жүргізілді.
Жалпы, 25 жылдың ішінде көмірсутек шикізатының 119 кен орны алғаш рет мемлекеттік теңгерілімге қойылды. Мұнайдың бекітілген қорларының өсімі шамамен 2,5 млрд. тоннаны, газ – 432 млрд. м3, конденсат – 265 млн. тоннаны құрады.