Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын кәсіпкерлер қаржыландырады
04.04.2018, 08:28

Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын кәсіпкерлер қаржыландырады

Қазақстанда 2018 жылы «ASAR» үшжақты серіктестік форумы аясында әлеуметтік жобалар алаңына қатысу үшін үкіметтік емес ұйымдардан өтініштер қабылдау науқаны басталды. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциалық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев байқаудың шарттары туралы айтып берді деп хабарлайды silteme.kz AA

         Н. Өтешовтың айтуынша, әлеметтік жобалар келесідей талаптарға сай болуы тиіс: жобалар жергілікті қоғамдастықтарды дамытуға, жергілікті мәселелерді шешуде тұрғындардың қоғамдық әлеуетін қолдануға және осы аймақтардағы өмір сапасын арттыруға  бағытталуы керек; ұсынылатын жобалар жергілікті қоғамдастықтардың жұмысын жақсартуға шынайы үлес қосуы керек; жобалар ҮЕҰ-дың ағымдағы қызметіне немесе бір реттік іс-шараларды өткізуге бағытталмауы тиіс; жобалар бұған дейін қандайда бір қаржыландыру көздері арқылы жүзеге асырылмауы тиіс.

         Байқау 3 кезеңнен тұрады.  Бірінші кезең – ҮЕҰ-дың жобалары көрсетілген өтінімдерді жинау. Байқауға қатысу үшін өтініштер 2018 жылдың 2 мамырына дейін қабылданады.  Екінші кезең - ҮЕҰ-дың жобаларын онлайн-платформада жариялау және кәсіпкерлерге  тарату. Үшінші кезең – ҮЕҰ мен кәсіпкерлер арасында меморандумдарға қол қою.

         Байқауға қатысатын ҮЕҰ-дың барлық жобалары www.asarprojects.kz онлайн-платформасында жарияланады. үздік жобаларымен кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапқан үкіметтік емес ұйымдар 2018 жылдың маусым айында Талдықорған қаласында өтетін  «ASAR» үшжақты серіктестік форумына шақырылатын болады.

         Өткен жылы «ASAR» форумы аясында  10-на аса жоба кәсіпкерлер тарапынан  қолдау тапқан болатын. Мысалы, «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» қоғамдық бірлестігінің «Венера» инклюзивті шеберханасын құруға арналған жобасы кәсіпкерлердің  қолдауына ие болған. Осылайша, аталған шеберхана мүгедек балалардың өмір сүру дағдыларын қалыптастыру және дамыту мақсатында құрылған болатын.

         Байқаудың ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер