- «Бизнес бастау» мектебіне барып жүр екенсің…
- «Бизнес бастау» мектебін бітірдім, қазір сонда сабақ беремін. Кішкентай кезімнен ақшаға жақын болдым, жақсы көрдім. Сыйлайтынмын. Көп ақша табуды қаладым. Қолымда ақша болса, өзімді жақсы сезінемін. 13 жасымнан бастап «Қытайдан қандай зат əкеп сатуға болады?» деген сұрақ төңірегінде ойланып, зерттей бастадым.
YouTube-тан видео-сабақтар қарадым. Қытайдан қандай зат алдыруға болатынын білдім. Интернет арқылы тапсырыс бергім келді. Бірақ, ол қиынға түсті. Өйткені, Қытайдан жеткізуші сенімді адам керек болды. Оның үстіне ағылшын тілін де жақсы білмедім. Бірақ, мен өзімше тірлік істегім келді. Анам күніне мектепке жаратуға 200 теңге беретін. Күніне тамағыма 100 теңгесін ғана жұмсап, 100 теңгесін сақтап жүрдім.
Қазір 500 теңге апарсам, соның 200 теңгесін жаратып, 300 теңгесін сақтаймын. Бір жыл бұрын сөйтіп жинаған ақшама ноутбук сатып алдым. Өйткені, менің жұмысым сол ноутбук арқылы жүреді.
- Неге үйдегілерге ноутбук керек екенін айтпадың? Сенің замандастарың ата-анасына қажеттінің бəрін алдырып алады ғой…
- Біреуден ақшаға сұрағанды жаратпаймын. Сосын қарыз болғанды ұнатпаймын. Мен ондай кезде өзімді жайсыз сезінемін. Күшімді жоғалтып алам. Мектеп бітіргесін ешкімге жұмыс істегім келмейді, тек өзіме жұмыс істесем деймін. Төбемнен қарап тұратын бастықтың болғанын қаламаймын. Сол жолды таңдадым.
Бір күні анам Фейсбукте отырып, жарнама көріп қалыпты. «Бизнес бастау» мектебі «ақша табудың жолын үйретеміз» депті. Бірақ, біз алғашқы ниеттенген күні тренингке бара алмадық. Тағы бір рет барғанымызда, тренинг бітіп қалыпты. Қатты қатысқым келді. Үйдегілер де қолдады. Бардым. Бизнес туралы ойларды тыңдадым. Маған керек, мен естігім келетін əңгімелер екен. Бірінші сабақтан кейінгі дəрістері ақылы екен. Əр кіргеніңе 20 мың теңге төлейсің. Ата-анамның қолдауымен қатыстым. Баннер жасауды, фотошоппен жұмыс істеуді үйрендім. Мотивация болды. Топпен жұмыс істедік. Мен «Ойыншықтар» тобында болдым. Бірақ, мұным аса дұрыс болмады. Өйткені, қазір ойыншықтар қатты дамып жатқан жоқ, технология дамып жатыр. Қазіргі баланың ойыншығы – «Айфон». Балалар қызығатын ойыншық қымбат. Оны кез келген адам баласына алып бере алмайды. Топтағы 9 адамнан 15 мың теңгеден жинап, миньондарға тапсырыс бердік. Бірақ, тауардың сапасын тексеріп алмаппыз. Сөйтіп сата алмадық. 15 мың теңге көкке ұшып кетті.
Біздің топтағылар қазақша ойыншық жасағысы келді. Мен оған қатысқан жоқпын. Себебі, бизнестің тауар жасап сататын түрін емес, дайын өнімді алып сату жағын таңдадым. Топтан шыққан соң не сататынымды ойладым. Нартəуекел деп, ата-анамнан 45 мың теңге қарыз алып, смарт сағаттарға тапсырыс бердім. Əр сағатты 5700 теңгеден алдым. Ең басында өзіме шарт қойдым – тауар тұр, бірақ ол маған керек емес. Ол тауардан бір нəрсе ғана істей аламын, яғни тек сатамын. 10 сағатты үйге тізіп қоя алмайсыз. Биыл жаз бойы сол сағаттарды саттым. Əр сағатты 25 мың теңгеден сатып, 20 мың теңгеден пайда көрдім. Осы жетістігімнен кейін мені «Бизнес бастау» мектебіне кураторлыққа шақырды. Ең көп тапқан пайдам – 150 мың теңге. Ата-анама 45 мың теңге қарызымды қайтарып бердім. Енді сол қалған ақшаммен тауарға тапсырыс беріп жатырмын.
- Сенің тауарыңды сатып алушылар кімдер?
- Қалада тұратын, мен танымайтын адамдар. Жалғыз өзім жұмыс істеген ұнайды. Топпен жұмыс істей алмайды екенмін. Өйткені, топта бір ғана ми басқарып отыру керек, жан-жақтан шулай берсең, істің берекесі қашады. Менің ойым топтағылармен сəйкес келмегесін топтан шығып кеттім.
- Бизнес саласында өзіңді дамыту үшін қандай кітаптар оқыдың?
- Кішкентай кезімде қолдан ақша жасап ойнайтынмын. Ойын арқылы өз таңдауымды қалыптастырдым. Бірде ағам Роберт Киосаки мен Шарон Лечтердің «Богатый папа, бедный папа» деген кітабын оқып жатыр екен. Қызықтым. Ағам өзі оқып болғасын маған берді. Сосын Пауло Коэльоның
«Алхимик» деген кітабына көштім. Өткен жылы 7-ақ кітап оқыдым. Соның ішінде «Алхимик» қатты ұнады. Достарыма да сол кітапты оқуға кеңес беремін. Мен істеп жатқан нəрсені кез келген мектеп оқушысы істей алады. Ең бастысы, өзіңе сенім қалыптастырсаң болды. Мысалы, бастапқыда клиенттермен сөйлескенде, өзіме сенімсіз болдым. Қобалжыдым. Соның кесірінен кейбір клиенттер менің затымды алмай қойды. Бірақ, келе-келе өзімді жаттықтырдым. «Қазір менің тауарымды сатып алатын адам маған мынадай сұрақ қоюы мүмкін» деп, сұрақты қағазға жазып, жауап бердім. Немесе оны айнаның алдында да жасауға болады. Сенім арқылы өзіңе мотивация қалыптастырасың. «Секрет по еврейский» деген кітапты оқығам. Еврейлер өз балаларын кішкентай кезінен бай болуға үйретеді екен. «Сен мықтысың! Сен бай боласың! Көп ақша табу сенің қолыңнан келеді» деп мотивация береді екен. Солай өскен бала ертеңгі күні кедей болмайды. Өйткені, кедейлік деген оның ұғымында жоқ.
- Ата-анаң саған кішкентай кезіңнен бай бол деп үйретті ме?
- Жоқ, маған ақша табу туралы ештеңе айтқан емес. Қазақтар балаларын «сараң болма, қолыңдағы ойыншығыңмен бөліс, ініңді, ағаңды ойла» деп үйретеді. Содан бастап біз өзімізді емес, айналамызды ойлай бастаймыз. Əр адам жақсы, бақуатты өмір сүруге өзі ұмтылуы керек. Ақшаны біреуге берем деп емес, өз рахатым үшін табам деп үйрену керек. Құдай мені ақшаға жақын қылып жаратты. Оған қуанам. Бірақ, мен ақшаның артынан жүгірмеймін, ақша менің артымнан жүгірсін. Ақша өзі келеді деп отырмаймын да.
- Сенің қатарластарың қымбат киініп, қымбат телефон ұстағысы келеді. Сол дұрыс па?
- Мен үшін киім, телефонның қымбат не арзан болуы маңызды емес. Мысалы, түймелі телефон ұстап жүрсең, кедейсің деген сөз емес. Америкада мықты бизнесмендер түймелі телефон ұстайды екен. Өйткені, смартфондар тыңдалады. Сенің бизнес жоспарыңды телефонның кесірінен ешкім біліп қоймауы керек. Қазір мен қалай киінгім келеді, солай киінемін. Сəн қуып, қымбат киінетін адамды түсіне алмаймын. Ешкіммен жарыспау керек. Жарыссаң, тек қана өзіңнің жетістігіңмен жарыс. Ақшаның артында қалып қалмау керек, жанында немесе озып жүру керек. Ақшадан озып кетсеңіз, сіз мықтысыз. Мысалы, оқыту орталығын аштыңыз дейік. Сіз ақша табу үшін нені ойлайтын едіңіз?
- Балаларға ең керекті деген үйірмені ашып, адам жинар едім. Жəне оларға үйренуге барлық жағдайды жасап қоямын.
- Иə, ол жақта сіздің негізгі кірісіңіз – балалар. Демек, олар үшін бəрін жасау керек. «Мына ғимараттың ішінен бала ауырып қалмай ма? Балалар зерігіп кетпей ме?» деген сияқты жан-жақты ойланасыз. Сонда сіздің ісіңіз де алға баса береді. Жақсы қызмет көрсеткен жерге адамдар да көп келеді. Ал менің істеп жатқан бизнесімде сатып алушыны ойлауым керек. Өйткені, сатып алушы жоқ болса, менде ақша да жоқ деген сөз.
- Сабағың қалай?
- Мен баға үшін оқимын. Бірақ, ҰБТ-дан мынадай балл алуым керек, əйтпесе өмірім құриды деп ойламаймын. Қазір қатесіз жазу жағын қолға алып жатырмын. Мысалы, ертең миллионер болғанда өз ойымды қағазға толық, қатесіз түсіре алмасам, этикаға келмейді. Сөйлеумен қатар, жаза білу керек. Математика миды дамытады. Есепті дұрыс шешу үшін ойланасыз. Математикада оңай жолмен есеп шығарсаңыз, дұрыс шықпай қалуы мүмкін. Өмірде де сол сияқты. Қиындықпен келген жетістік баянды болады. «Қазақстан тарихы», «Əдебиет» деген сияқты пəндер мазмұндау арқылы шешен сөйлеуге үйретеді. Мысалы, бизнес туралы кітап оқығанда, сол бизнесмен алдымда отырғандай елестетем. Əрбір сөзін мұқият тыңдаймын.
Елестету де миға қорек. Сол арқылы жоспар жасайсыз. Мысалы, мектеп бітіріп, 4 жыл университетте оқыды дейік. 100 мың теңге жалақыға жұмыс істейсіз. Сонда 15 жыл өміріңізді 100 мың теңге үшін ғана бос жібердіңіз бе? Менде қазір сол 15 жылымның 7 жылы босқа өтіп кетті деген өкініш болады. Мектепке барам, үйге келіп сабағымды оқимын. 7 жылым солай өтті де кетті. Соңғы екі жылымда сол сабағымды да оқыдым, бизнесімді де жасап жатырмын, болашақтағы бағытымды да қалыптастырдым. Қазір мен өзімді миллионермін деп есептеймін. Өйткені, мен миллионерше ойланамын, солай алға жылжып келем. Адам кім болғысы келеді, сол болуы керек. Тап қазір болыңыз. Сосын деген болмайды. Сосын десеңіз, сіз ешкім болмай қаласыз.
- Отбасында неше ағайындысың?
- Менен үлкен ағам бар. Ол теңізші. Ата-анам ағам сияқты болғанымды қалады. Шетелде оқып, жақсы жұмыс істесе деді. Ағам Амстердамда оқыған. 1-курста Бермуд аралынан Еуропа арқылы Атлант мұхитын кесіп өтті. Соны ата-анамызбен үлкен жетістік деп есептедік. Өйткені, біздің туысқандардың арасында ондайды ешкім көрмеген. Ағамның жұмысы ұнайды. Бірақ, мен біреудің арқасынан жүрмей, өз жолымды салғым келеді. Қазір қарапайым мектеп оқушысымын. Менің немен айналысып жүргенімді достарым да білмейді. Бай болсам, ағам көрген жерлердің бəрін көрем. Болашақта кім болам деп ойламаймын. Себебі, қазір мен өзімнің кім екенімді білемін. 25 жасқа дейін мені бүкіл əлем тануы керек деген есебім бар.
- Замандастарыңа айтарың бар ма?
- Адам алдына мақсат қойып өмір сүру керек. Ешқашан «мен оны істей алмаймын, қолымнан келмейді» деген сөзді айтпауы керек. Біреудің қолынан жақсы телефон немесе ноутбук көрсең, «менде ондай ешқашан болмайды, менің ата-анамда оны əперетіндей жағдай жоқ» деп ойламау керек. Егер мақсат қойсаң, оны өзің де сатып ала аласың. Өткенде интернеттен сұмдық ақпарат оқыдым. Біреу соңғы үлгідегі iPhone алу үшін өз баласын сатып жіберіпті. Бұл мақсатсыз, санасыз адамның тірлігі ғой. Ондайдан аулақ болу керек.
Рахмет! Мақсатыңа жет!
Сұхбаттасқан: Жадыра НАРМАХАНОВА
Дерек көзі: «Ұлан», №39